15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні! Махаббат мерекесі! Қазақстанда ғашықтар мейрамы 1999 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Бұл күнге махаббат символы ретінде ХIV-XV ғасырлардағы Қозы Көрпеш – Баян сұлудың бір-біріне деген адал сезімі негіз етіп алынған.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күнінің тарихы

Жыл сайын бұл мереке 15 сәуір күні аталып өтеді. Мәңгілік махаббат символына айналған Қозы мен Баян күнін алғаш 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған еді. Ол жастар ұйымдары, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттық ғашықтар күнін мерекелеуге шақырды. Дархан Мыңбайдың бастамасы көптің көңілінен шыққаны рас, бірақ мерекенің нақты уақыты көпке дейін белгіленбей, әр өңір әртүрлі тойлай бастады. Мәселен, Таразда 15 сәуір — Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні, Семейде 11 наурыз – Баян күні, ал Қызылордада 19 мамыр – Қозы күні аталсын деп жан-жаққа тартты.

Фото. Instagram @mahonti__

2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Ал 2012 жылы елордадағы Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық «Ақсүйек» ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауығын ұйымдастырды. Дәл сол жылы Көкшетаудың ерікті жастары да Қозы мен Баян күнін Тәуелсіздік алаңында атап өтті. Содан бері қос ғашықтың кіршіксіз сезімін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге негізделген мерекені тойлануы дәстүрге айналды.

Ғашықтар күнінің символы ретінде неліктен Қозы мен Баян таңдалды?

«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жыры – қазақ эпосының шоқтығы биік туындысы. Мәңгілік махаббатты бейнелейтін жыр қазақ әдебиетінің әлемге кеңінен танылған шығармасы болып саналады.

Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу — шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген ғашықтар. Сарыбай мен Қарабай аң аулап жүріп құдаласады. Бұл екеуінің ұл-қыздары кейін махаббат жолында түрлі қиыншылықтарды бастан кешеді. Жақсылық пен жамандық, дүниеқоңыздық пен көре алмаушылық, кек пен ашуға тап болған қос жүрек бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Олардың махаббат тарихы осы адалдықтарымен құнды.


Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Фото. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» телехикаясының кадры.

Поделиться: