2025 жылдың басында жарық көрген жаңа жобалар күн санап артып жатқанда, ең жарқын туындыларды байқамай қалуыңыз әбден мүмкін. Кейбір картиналар жайлы ақпарат тым көп, ал олардан кем түспейтін телехикаялар – көлеңкеде қалып, өз уақытын күтіп қалады. Төмендегі мақалада жақында ғана шыққан, бірақ сіздің назарыңыздан тыс қалған ерекше сериалдарды жинақтадық.
«Бөлу», 2-маусым
Екінші маусымда оқиғалар Lumon Industries компаниясы қызметкерлерінің «ішкі» тұлғалары өздерінің «сыртқы» өмірлері туралы білуге талпынған сәттен кейін жалғасады. Марк кеңседе оянады және олардың көтерілісінен бері бес ай уақыт өткенін біледі. Оған жаңа команда мен супервайзер лауазымы беріледі, десе де ол бұрынғы әріптестерімен қайта қауышуға ұмтылады.
«Ақ Лотос», 3-маусым
2025 жылдың басында шыққан кейбір сериалдар көпшілікке таныс болуы мүмкін, бірақ олар да сіздің назарыңыздан тыс қалуы ғажап емес. Солардың бірі — «Ақ Лотос». Алдыңғы маусымдардағыдай, үшінші маусымда да қымбат қонақ үйлерге келген бай туристердің өмірі көрсетіледі. Әр эпизод жеке кейіпкерге арналса, бұл жолы оқиға Таиландтың керемет пейзажы аясында өрбиді.
«Сарышаяндар», 3-маусым
Үшінші маусымда канадалық иен далада ұшақ апатынан кейін аман қалған футбол командасындағы қыздардың оқиғасы жалғасады. Олардың баспанасы өртеніп кеткен соң, олар қатал табиғатта аман қалудың жаңа жолдарын іздейді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта ересек кейіпкерлердің бұрынғы қорқынышты оқиғалар салдарымен және жаңа, өткенмен байланысты қауіптермен күресі көрсетілмек.
«Мың соққы», 1-маусым
Бұл жоба көрерменді 1880-жылдардағы Лондонға саяхатқа апарады. Ямайкадан келген екі дос — Иезекия Москоу мен Алек Манро — баққуатты өмір іздеп үлкен қалаға келеді. Олар ережесіз жерасты бокс әлеміне тап болады, онда қатыгездікпен, нәсілшілдікпен және өмір үшін күреспен бетпе-бет келеді.
«Питт ауруханасы», 1-маусым
Оқиға Питтсбург қаласындағы ойдан шығарылған аурухананың жедел жәрдем бөлімшесінде өрбиді. Дәрігерлер мен медбикелер шұғыл жағдайлармен күресіп, заманауи технологияларды қолданады және үнемі күйзеліс жағдайында моральдық әрі этикалық мәселелермен бетпе-бет келеді.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. HBO/Warner Bros. Discovery.