Алматы күніне орай ұйымдастырылған мерекеде мобильді желілер істен шығып, ғаламтор қиындықпен жұмыс жасағаны анық. Себебі, Садраддиннің тыңдарманы барлық байланыс арналарын жаулап алды. Оңтүстік астананың құрметіне арналған мейрамның соңғы нүктесін жас әншінің Орталық стадионда өткен концерті қойды. Кешке жиналған 30 000 халықтың барлығы ән айтып, би билеп, әртісті жарысып таспаға тартқан еді. Мұның барлығы — көрерменнің ұйымшылдығы ғана емес, ессіздігін де еске түсіргендей.  Біз жұлдызы бірден жанған Садраддинмен сұқбаттасып, оның миссиясы, композиторлық мансабы, танымалдылығының феномені және жеке өмірі жайлы әңгімелестік.

СуретАЙОНИ AIONY

Стиль және арт-дирекшенКЕЙК МОНСТР CAKE MONSTER

СұқбатЮЛИЯ ЗОЛКИНА JULIA ZOLKINA

Аударған: ГҮЛДАНА МҰҚАН GULDANA MUKAN

КЛАССИКАЛЫҚ КОСТЮМ, ТҮЙРЕУІШ, ФУТБОЛКА, БАРЛЫҒЫ LOUIS VUITTON; АЛҚА B.ZERO1 (ҚЫЗҒЫЛТ АЛТЫН, КҮҢГІРТ ҚАРА КЕРАМИКА), БАРЛЫҒЫ BVLGARI

Орталық стадионда sold out жасадыңыз. Ауқымды кеш жайлы айтып берсеңіз. Өзіңіз қандай әсер алдыңыз?

Ең бірінші басты сезім – бұл сапалы орындалған жұмыстан қанағаттану. Мен осындай ауқымды концертімнің Алматы қаласында өткеніне өте қуаныштымын және шынымды айтсам өз-өзіме ризамын. Орталық стадионға келген әрбір тыңдарманға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Әрбірімен бірге әндетіп, неон білезіктерінің арқасында нағыз шоу жасай алдық деп ойлаймын. Бұрын үлкен фестивальдер мен ашық аспан астындағы шараларда өнер көрсеткеніме қарамастан, жеке кешімдегі ауқымдылықты көріп біраз абдырап қалдым. Мен  тіпті 50 000 адамның алдында да ән салғанмын, бірақ соло концерттерімнің ішіндегі ең есте қалары осы. Сахнаға шыққанда өз көзіме өзім сенбедім – мыңдаған жанкүйер, жарқыраған шамдар, менің атымды атап айқайлаған фанаттар. Үш ән айтып болғанға дейін өз-өзіме келе алмай толқып кеттім. Сол сәтте: «Бұл мен күнде шығатын сол сахна ғой» деп, мүмкіндігінше шынайы болуға тырыстым.

Мұндай үлкен шараға дайындық қалай өтті?

Қала күніне небәрі екі күн қалғанда өзімді жайсыз сезіне бастадым. Уайымнан ба әлде суық тигізіп алдым ба білмеймін денсаулығым кенеттен сыр берді. Дереу емделіп, дәрі-дәрмек ішіп, тез жазылудың амалын жасадым. Ауырғанымның себебі қобалжудан болды деп ойлаймын – концертке дайындық, репертуарды таңдау, оған қоса репетицияны да ерте бастап кеткен едік, концерт жақындаған сайын жауапкершілікті қатты сезіндім. Бірақ сахнаға шыққан кезде мұның бәрін ұмытып кеттім – құдды бір дене қызуы мен қалтырау болмағандай. Көрерменнің энергетикасы мені ерекше күйге бөледі.

Сіздің тыңдарманмен  еркін, шынайы және жылы қарым-қатынасыңыз ерекше назар аудартады. Instagram-дағы мансабыңыз бұған қалай да әсер етті ме?

Маған тыңдарманмен сөйлескен ұнайды. Әндерім арқылы адамдарды аз да болсын шабыттандырғым келеді. Пайдалы әртіс болсам деймін. Сондықтан сахнада мүмкіндік туып жатса барынша әңгімелесуге тырысамын. Әсіресе концертте репертуар арасында үзілісті жіберіп алғым келмейді.

Желідегі танымалдылығыңыздың феномені туралы не ойлайсыз?

Блогер болу – қызықты тәжірибе, маған көп нәрсе берді. Instagram парақшасының арқасында мен ауқымды аудиториямен еркін сөйлесуді, камераның алдында сенімді болуды үйрендім, жастар арасында танымалдылығым артып, қазіргі жетістіктерімнің негізін осылайша қаладым.

Концерттің билеттерін алып-сатарлар жаппай иеленіп алған деген қауесет бар. Сондай алаяқтарға жанкүйерлер 200 000 теңгеге алданып ұрынбас үшін сіз тыңдарманға қосымша билеттерді сатылымға шығарған екенсіз. Ақпарат қаншалықты рас? Бұл нағыз Халық әртісінің қадамы ғой…

Билеттер шын мәнінде өте тез сатылып кетті. Фанаттар арасынан да билеттің үстіне ақша қосып сатқысы келген жандар да жоқ емес бар. Ешкім алданғысы келмегендіктен болар, менің жақындарым да тікелей хабарласып билет сұрады.

Менің өзімде артық билет болмағандықтан, фан-зонаға қосымша мың орын аштық. Тыңдарманымды алаяқтардың құрбаны болмауы үшін алдын ала ескерттім. Өзімді халық әртісі деп атай алмаймын – бұл деңгейге жету үшін көп жұмыс істеу керек. Бірақ жанкүйерлердің мені осылай атағаны, әрине мені қуантады, өйткені оларды қатты жақсы көремін. Мұны босқа жұмыс істемей жүргенімнің белгісі деп түсінемін. Маған шабыт беретін де осы.

ДЖИНСЫ, ФУТБОЛКА, ДЖИНСЫ КӨЙЛЕК, БАРЛЫҒЫ LOUIS VUITTON; SERPENTI VIPER БІЛЕЗІГІ МЕН САҚИНАСЫ (АҚ АЛТЫН), АЛҚА B.ZERO1 (АҚ АЛТЫН), BVLGARI ALUMINIUM GMT САҒАТЫ (АЛЮМИНИЙ, ТИТАН), БАРЛЫҒЫ BVLGARI

Неліктен сіздің репертуарыңызда лирикалық әндерге басымдық беріледі?  Мұндай композициялар жанкүйер қыздарға ғана арналып жазылатын сияқты, бірақ соған қарамастан стадиондағы концертте жігіттердің саны қыздармен теңдей.

Менің репертуарымда тек лирика ғана емес, өмір жайлы әндер де бар, анама арналған композициялар да бар. Туындыларымды ерлерге немесе әйелдерге арналған деп бөлмеймін. Сіз дұрыс айтасыз, менің аудиториям әртүрлі – менің концертіме кішкентай балалардан бастап, жасы 50-60-қа келген үлкендер де келеді, бұл өте керемет. Есімде, Қарағандыдағы концертіме ата мен әже қол ұстасып келген еді. Дәл сол сәтте мен үлкен буынның да шығармашылығымнан өздеріне керек нәрсені таба алатынына қатты таңқалдым.

Тыңдармандарыңыздың басым бөлігіне «Ана» әні ұнайтын көрінеді. Бұл әннің сіз үшін орны бөлек шығар?

Ана туралы ән тақырыбы жағынан да оңай емес. Шынымды айтсам, «Ана» трегіне көп күш пен уақыт жұмсадым – оны жарты жыл бойы жаздым. Мен әнде ішкі сезімдерімді білдіріп, туындының мағынасын тыңдарманға шынайылықпен жеткізгім келді.

Жалпы, өзіңізді бүгін кім деп санайсыз – қазақша Джастин Бибер ме? Әлде азиялық Гарри Стайлз ба?

Бір кезде мен үшін кумир болған адамдармен қатар қойып жатқанына мақтанамын, бірақ енді өзім болып қалатын кез келді. Мен жай ғана Садраддин болғым келеді.

Жанкүйерлеріңіздің сізге деген сүйіспешіліктен шектен шыққан кездері болған ба?

Шектен шыққанын көрген жоқпын, бірақ ерекше жағдайлар болды. Мысалы, бір күні тыңдармандарым менің мекен-жайымды біліп алған. Бұл ақпаратты қайдан алғанын түсінбедім, бірақ қазір мекен-жайымды әр жанкүйер біледі десе де болады. Бақытымызға орай, бұл жағдай жағымды эмоциялар ғана сыйлайды. Кейде жігіттер мен қыздар кешке есік алдында күтіп тұрады, сыйлықтарын жеке табыстау үшін. Кейде олар менің анаммен кездесуге, алғысын айтып, суретке түсу үшін келеді. Жақындарым: «Жұмыстан шаршап келгенімізде, сенің жанкүйерлерің көңілімізді көтереді» дейді. Бұл нағыз жанкүйерлер ғой. Олардың келулері біз үшін әдеттегі жағдайға айналды, біз енді дос сияқты болдық. Әрине, мен бұған қуаныштымын, өйткені әртіс үшін халықтың махаббаты маңызды.

Өнер жолыңыз қалай басталғанын айтып беріңізші. Балалық шағыңыз қайда өтті, қандай отбасында өстіңіз?

Көптеген қазіргі қазақстандық әртістер сияқты, мен музыкалық отбасында дүниеге келдім. Қазір төртеуміз – анам, кіші інім, қарындасым және мен. Балалық шағым Шымкентте өтті. Әулетіміз өнерге бейім, ата-анам – музыканттар. Анам – Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының түлегі, қобыз аспабында керемет ойнайды.  Маған берілген талант – сол кісілерден дарыған деп ойлаймын. Музыканы жаны сүйетін жақындарымның арқасында әртіс болуды армандадым, бұл салаға деген қызығушылығым оянды, содан 5 жасымнан бастап өнер көрсетіп келемін. Егер ұзақ уақыт сахнаға шықпай қалсам, көңіл-күйім бірден түсіп кетеді.

ШАПАН, БЕТПЕРДЕ, СТИЛИСТТІҢ БАРЛЫҚ МҮЛКІ; БІЛЕЗІК ЖӘНЕ САҚИНА, БАРЛЫҒЫ B.ZERO1 КОЛЛЕКЦИЯСЫНАН (КҮЛГІН ТҮСТІ АЛТЫН, КҮҢГІРТ ҚАРА КЕРАМИКА), BVLGARI

Сіз Шымкенттегі өнер мектебін бітіріп, 2019 жылы Алматыдағы П.И. Чайковский атындағы музыкалық колледждің эстрадалық вокал бөліміне оқуға түстіңіз. Сізге бұл білім жеткілікті ме әлде қабілетіңізді тағы ұштағыңыз келе ме?

Бір қызығы мен музыка саласында ғана емес, киноиндустрияға да қызығыман. Әсіресе режиссерлық мансап. Әрине ол кәсібилікті талап етеді. Мүмкін алдағы уақытта мен бұл мамандықты та оқып көретін шығармын. Сондай-ақ, болашақта музыканы тереңірек зерттеуді жоспарлап қойдым. Негізінен, өз еңбегіммен алған дипломның ешқашан артық болмайтынына сенемін. Шығармашылық пен оқуды қатар алып жүргім келеді.

Сіздің есіміңіз әдемі әрі ерекше. Білмейтін жандар үшін ол керемет ойлап табылған – лақап ат сияқты естіледі. Тарихы жайлы айтып беріңізші?

Кейбіреулер шынымен де бұл лақап ат деп ойлайды, бірақ олай емес. Садраддин – менің шын атым, ол «діннің жүрегі» дегенді білдіреді. Балалық шағымда достарым мағынасын дұрыс түсінбейтін. Бірақ есейген соң мені осылай ерекше атағанына қуандым, өйткені сахналық есімді іздеуге тура келмеді. Өз есіміңді бренд ету мүмкіндігінен не жақсы болуы мүмкін?

Сіз бүгінгі таңда концерттерге репертуарды қалай құрастырасыз? Композитор ретінде өзіңізді жиі көрсете аласыз ба?

Мен өз әндерімді өзім жазамын. Өңдеуге келгенде, мамандарға сеніп тапсырамын. Мысалы, менімен бірге жұмыс істейтін талантты досым Ұлан бар. Біз ұзақ уақыттан бері бірге қызмет етіп келеміз және қазір жаңа қызықты жобаны жоспарлап отырмыз. Кейбір әндер оңай жазылады, ал кейбіреулерімен ұзақ отыруға тура келеді. Мысалы, «Ақ көйлек» әні сапар кезінде қонақ үйде бес минутта жазылған. Ал оны шығару үшін екі жыл кетті. Түпнұсқа қатты көңілімнен шықпаған соң, біраз өзгеріс енгіздік. Оның өзінде релиз алар сәтте әннің бастапқы нұсқасына қайта оралдық. Бұл шешімімізді дұрыс болған сияқты. Менің ойымша, тез жазылған әндер жүректен шығады. Ал жүректен шыққан әндер жүректерге жетеді.

Әр концертте өзіндік ерекшелік бергім келеді. Репертуарды да аудиторияға, өнер көрсетіп жатқан ортаға байланысты етіп таңдаймын. Алматыдағы жеке кешімде мен бірнеше жаңа әндерімді орындадым. Мәселен, «Ақ көйлек», «Такси» және «Мелодрама». Сондай-ақ, «Бақыт» атты су жаңа трегімді шырқадым.

КӨЙЛЕК, ГАЛСТУК, КҮРТЕШЕ, ШАЛБАР, БАРЛЫҒЫ PRADA

Дегенмен, тыңдарман әндеріңіздің әр сөзін жатқа білетіні сонша, сізбен жарысып шырқап тұрды.

Тыңдарманның әншімен бірге шырқағаны – бұл тамаша. Егер менің тректерімді еш қиындықсыз білсе, бұл мен үшін үлкен жеңіс. Алматыдағы концертім тіпті түсіме кірді. Сол сәттен алған ерекше эмоция, фанаттардың энергетикасын бәрін қайтадан сезіндім. Бұл тарихты тағы бір мәрте жасағым келетінін түсіндім. Ендігі менің мақсатым – тағы бір жеке концерт ұйымдастыру. Сахнада өзімді жұлдыз деп санамаймын, керісінше барынша шынайы, жанкүйерлеріме жақын болуға тырысамын. Олар мені достары ретінде сезінсе екен деймін.

Бүгінгі таңда нағыз әртіс жәй ғана әнші емес, сахнада өзін көрсете білу керек. Мәселен би билеу алуы қажет. Сіз өзіңізді осы бағытта дамытасыз ба?

Менің алдағы жоспарларымның бірі – кәсіби хореографиямен айналысу. Батыстың мега жұлдыздары сынды шоу жасағым келеді. Солармен тең дәрежеде билеу үшін өз-өзіме уәде бердім. Келесі концертімде әр туындыны орындағанда билеп шығамын деп отырмын.

Сіздің гастрольдеріңіз қалай өтеді, райдеріңізде ерекше талаптарыңыз бар ма?

Мен классикалық поп-жұлдыздың антуражынан және образынан алыспын – мен үшін ең бастысы техникалық жабдықталу, залдағы көрермендердің жайлылығы, жақсы акустика және басқа да шынайы маңызды нәрселер көбірек маңызға ие. Мен үлкен жеке концерт берер кезде, менімен бірге алты-жеті адамнан тұратын команда жүреді, ал егер бұл шағын тапсырысты концерт болса, үш-төрт маман алып жүремін, бұл шоуды сапалы жасау үшін жеткілікті.

Менің райдерімде ерекше талаптар жоқ. Негізгісі – сахнадағы техника, керемет өнер көрсету үшін және концертке дайындалу мен кейін ұйықтау үшін жайлы қонақ үй. Қалған сұрақтарды шешуге болады, олар соншалықты маңызды емес.

ФУТБОЛКА, КҮРТЕШЕ, БАРЛЫҒЫ LOUIS VUITTON; OCTO ROMA WORLDTIMER САҒАТЫ (ҚҰММЕН ҚАПТАЛҒАН БОЛАТ), BVLGARI

Жасыңыз 22-ге әлі толған жоқ. Десе де қазіргі таңда екі платинкалық дискке ие музыкантсыз. Қалай ойлайсыз, басты жетістігіңіз қандай?

Негізінде, мен әлі де жетістікке жеткен жоқпын деп есептеймін. Маған көп жұмыс істеу, үйрену және алға жылжу қажет. Қазір істеп жатқаным – бұл менің шығармашылығым және әрине, нәтиже мені қуантады. Бірақ тоқтап қалмау керек, үздіксіз өсу қажет.

Мұндай алып күшпен, үлкен жауапкершілік қатар жүреді. Әсіресе жастардың алдында. Сіз оларға үлгі болуға дайынмын деп санайсыз ба?

Музыка саласындағы мансабымды бастамас бұрын, мен әр айтылған сөздің ауыртпалығын сездім және қалай тура жолмен жүру керектігімді шешіп алдым. Мен бұл туралы көп ойладым, әсіресе менің әндерімді кішкентай балалар тыңдайтынын ескерсек. Өнер адамы болған соң, әрдайым халық назарында жүрген соң, жауапкершілікті сезінесің.

Ал сіз имидж үшін, әзірге үйленуге болмайтыны жайлы ойландыңыз ба?

Бұл менің үшін қатып қалған мәселе емес. Себебі қазіргі кезде қарым-қатынас құрудың уақыты емес деп ойлаймын. Оған қоса, жүрегім әлі бос. Мүмкін, мен уақыт тапшылығынан шығар бұл тақырып жайлы ойланған жоқпын. Бірақ жалпы мен мансабымды дамыту үшін үйленуді кейінге қалдыруды қалыпты деп санамаймын. Уақыты келгенде үйленгім келеді  және сондай сәт келсе – барлық шешімді өзім қабылдаймын.

КӨЙЛЕК, ГАЛСТУК, КҮРТЕШЕ, ШАЛБАР, БАРЛЫҒЫ PRADA

Шетелде де жиі өнер көрсетесіз. Әсіресе Түркия мен Әзірбайжанда танымалсыз. Бұл сізге үлкен мүмкіндіктер беретін алып мемлекеттер ғой. Ал өзіңіз қайда өмір сүргіңіз келеді?

Әрине, менің үйім Қазақстанда болғанын қалаймын. Бірақ, егер менің жұмысым шетелде болса, мен қарсы емеспін, өйткені ол жақта дамып, басқа музыканттармен тәжірибе алмасуға болады. Мен өз шығармашылығымды кез-келген елге барып дамытуға әзірмін, бірақ менің үйім әрқашан Қазақстанда болады. Мен әзірге жаспын, болашақта үлкен мүмкіндіктер күтіп тұрғанына мен сенемін.

Жылдың соңына жоспарларыңыз бар ма?

Орталық стадионда өткен жеке концерттен бері небәрі бірнеше күн өтті және шын мәнінде мен әлі де өз-өзіме келе алмай жүрмін. Қазіргі уақытта мен үшін ең маңыздысы күшімді қалпына келтіру – ал келешекте жоспар құратын уақыт келеді.

СЫДЫРМА КӨЙЛЕК, ШАЛБАР, ПАЛЬТО, АЯҚ КИІМ, БАРЛЫҒЫ PRADA


МАКИЯЖ ЖӘНЕ ШАШ СТИЛИСІ: БОТАГӨЗ АХМЕТОВА; ПРОДЮСЕР: ДІНМҰХАМЕД КЕРІМОВ; ШАФЕР: ИЛЬЯ КИМ; ФОТОГРАФ КӨМЕКШІСІ: ЕКАТЕРИНА ДОДУ; РЕТУШ: ДАНИЛА РЕБРО; РЕДАКЦИЯ КӨМЕКШІСІ: АРУЖАН АБДРАХМАН.

Поделиться: