Үш жылдық үзілістен кейін соло мансабына қайта оралған Айдана Меденова шығармашылықта қарқынды жұмыс жасауда. Жыл басынан бері тыңдарманына бірнеше жаңа ән ұсынып үлгерген әнші енді репертуарын тағы бір ерекше композициямен толықтырды.
Өнер иесінің жаңа туындысы — «Мама байып кетем». Айдана Меденованың айтуынша, бұл трек тек қаржылық жетістік туралы емес, ең алдымен жастардың рухани тұрғыдан баюына, өз-өзіне сеніп, арманына ұмтылуына арналған. Әнші жаңа әнінің өз өмірімен тығыз байланысты екенін де жасырмады. Оның айтуынша, бұл шығарма — жүрегіне ең жақын, еш жерде айтылмаған жеке өмірінің бір бөлігі.
«Еш жерде айтылмаған, жүрегіме ең жақын өмірімнің бір бөлігімен сіздермен бөліскім келді. Бұл жай ғана ән емес, бұл — алға ұмтылған жандарға мотивация, арманына сенетіндерге күш, ешқашан берілмейтіндерге әнұран. Жүректен жүрекке жеткізгім келеді… Сіздердің қолдауларыңыз мен үшін өте маңызды, себебі бұл толықтай менің өмірімді бейнелейді және әр адам өз тарихын көреді деп сенемін», — деді Айдана Меденова.
Айта кетейік, соңғы уақытта шығармашылыққа белсенді түрде ден қойған әнші тыңдарманын жаңа туындыларымен жиі қуантып жүр. Ал «Мама байып кетем» — Айдананың өмірлік ұстанымы мен ішкі жан дүниесін айқын көрсететін ерекше тректердің бірі.