Ақтаулық жас модель BAZAAR Kazakhstan-ға өз армандары мен қоғамның оның ерекше келбетіне қалай қарайтыны жайлы айтып берді.

Саған моделингпен айналысқан ұнай ма?

Бала кезімде мен суретке түсуді ұнатпайтынмын. Тіпті мүлдем ұнатпадым десем болады. Алайда модельдік мектепті аяқтап, өз-өзіме деген сенім пайда болды. Енді маған камера алдында да, подиумда да жұмыс жасаған ұнайды.

Сен қандай да бір кәсіби көрсетілімдерге қатысып үлгердің бе?

Мен Нұр-Сұлтандағы балаларға арналған Сән апталығына қатыстым. Бұл мен үшін ең ірі көрсетілімдердің бірі болды. Әдемі киімдер, қаумалаған адамдар… Бір сөзбен айтқанда, ұмытылмастай қызық болды!

Сенің келбетің басқаларға ұқсамайды. Өз-өзіңді ерекше сезінесің бе?

Әрине, менің келбетімді сынап жататын адамдар бар. Алайда менің жанымда мені жақсы көретін, қолдайтын адамдар олардан да көп. Осы үшін оларға алғысым зор. Мен өзімді бір ерекше сезінбеймін, басқалардан айырмашылығым жоқ.

Сенің сіңлің Камилла да альбинос. Тіпті екеуің фотосессияларға бірге қатысып жүрсіңдер. Қалай ойлайсың: осы шығармашылық процесс оған да ұнай ма?

Оның жасы небәрі екіде, әлі бала болғандықтан, шаршап, жалығып кетуі мүмкін. Сондықтан кейде онымен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда, жалпы алғанда бәрі жақсы шығып жатыр, көп ұзамай, ол түсілімдерге үйренісіп кетеді деген ойдамын.

Бос уақытыңда немен айналысқанды ұнатасың? 

Мен қарапайым жасөспіріммен, сондықтан бос уақытымда қыдырғанды, достарыммен араласқанды, фильм көргенді, өз сіңліммен және бауырыммен уақыт өткізгенді ұнатамын.

Өзің үлгі тұтар тұлға бар ма? 

Мен Анджелина Джолиге, оның актерлік шеберлігі мен сұлулығына тәнтімін. Оны өте мықты, алдына мақсат қоя білетін, үлгі тұтуға лайық тұлға деп санаймын.

Өзің нені армандайсың? 

Шынымды айтсам, бұл сұраққа әзірге нақты жауабым жоқ. Модельдік индустрияда үлкен жетістіктерге жеткім келетін сияқты.


Сұхбат. Эльмира Колмакова. Аударма. Гульнур Жаксылыкова. Сурет. Евгения Волкова.