Жұлдыздардың танымалдылыққа дейінгі кездері әрқашан да қызық. Әсіресе медиа тұлғалардың жанкүйерлері үшін. Олар кумирлерінің өнер жолын бастамай тұрған сәттерін жиі көргісі келеді. Harper`s BAZAAR Kazakhstan шоу-бизнес өкілдерінің жастық шағына саяхат жасап, бүгінгі таңда қандай өзгеріске ұшырағандарын ашып көрсетпек. Біздің «Жұлдыздар танымалдылыққа дейін және қазір…» яғни «до и после» айдарының кезекті кейіпкері – әнші Ayau.
Ayau — өз тыңдарманын тапқан әсем дауыс иесі. Өнерпаз 2022 жылы музыкант әрі продюсер M’Dee негізін қалаған «Закрытый клуб» лейблында дебют алды. Десе де Аяулым Құсайын кішкентай кезінен бастап өнер жолында жүр. Мәселен, Ayau алғаш 5 жасында «Айгөлек» байқауында бақ сынаған.
Бала күнінен әнші болуды армандаған Аяулым бүгінде сұраныстағы поп-орындаушылар қатарында. Оның әр трегі хит екеніне топ-чарттар дәлел. ТМД елдеріне аты шықса да, Ayau шынайы өмірде барынша қарапайым. Оның өзіндік стилі мен өмірлік ұстанымы да бар.
Өз аудиториясы мен тыңдарманы үшін Ayau бүгінде тынбай еңбек етіп жүр. Әнші 13-сәуір күні жеке кешін береді. Соло концертте өнерпаз репертуарындағы хит тректерді жанды дауыста шырқамақ. Ал Аяулымның өнерінен бөлек сұлулығына келсек, ол барынша табиғи болуды көздейді.
Автор. Гүлдана Мұқан. Фотосуреттер: Кейіпкердің жеке мұрағатынан.