Махаббат - адам жүрегіндегі ең асқақ, ең терең сезімдердің бірі. Кейде оны сөзбен жеткізу қиын, алайда музыка арқылы сезімнің бүкіл шынайылығын, нәзіктігін және жан тебіренісін дәл беруге болады. Қазақ музыкасында да махаббат үнімен үндесіп, сыр шертетін туындылар бар. Тіпті, кейбірі көпшіліктің өзара махаббат символдарына айналған. Олар тек музыкалық шығарма емес, жүрекке жол тартқан сыр мен сағыныш сазы. Әрқайсысы махаббатың бір қыры, бір хикаясы. Біз сіздерге дәл сондай әуезді әуендердің бірқатарын ұсынамыз.
«Таптым-ау сені» - Қазбек Құрайыш
Әннің алғашқы нотасынан-ақ ғашық жүрек дір ете қалары сөзсіз. Қазбек Құрайыштың орындауындағы туынды – шынайы махаббатты тапқан жанның қуанышын, жүрек толқынысын шебер жеткізеді. Бұл ән жаралы жүректердің көптен күткен емі. Бақыттан күдер үзіп, таусылуға таяғандардың жұбанышы.
«Жұлдызым» - Нұрлан мен Мұрат
Адам тек жанына ардағын, жүрегіне аяулысын ғана еркелетіп, ән арнайды. Сүйген жанын «жұлдызым» деп атау - қазақ поэзиясындағы ең нәзік теңеулердің бірі. Жан тебірентер ән тек ғашықтарға ғана емес, сағынышты сезінген әр жанға жақын.
«Сыр сұлуы» - Шәмші Қалдаяқов
Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың бұл әні — Сыр өңірінің сұлу қызына арнаған махаббат жыры. Әннен Сырдарияның самалы, қыздың әдемілігі мен кербездігі сезіледі. Әр жиында, бас қосылуларды шырқалмай қалмайтын әннің бірі. Уақыт өткен сайын қазақ музыкасының алтын қорына еніп бара жатқан ән.
«Мен сені сүйемін» - Сон Паскаль
Италяндық музыкант Сон Паскаль қазақ тілінде ән шырқап, махаббаттың шекарасы болмайтынын дәлелдеді. «Мен сені сүйемін» - тек шетелдік орындаушының қазақ халқына деген құрметі ғана емес, ғашық жүрегінің әлемге деген, қазақ қызына деген сезімін білдіргісі келген күйі. Иә, иә италяндық музыкант біздің елдің аруына құлай ғашық болып, шабытынан шығарма жазып, бүгінде сол бикештің адал жары. Әннің қарапайым, шынайы мәтіні мен, оқиғасы оны махаббат символына айналдырғаны бұл күнде баршаға мәлім.
Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. New Africa