Ұмытылып кеткен ұлттық ойындар – халқымыздың бай рухани мұрасының ажырамас бөлігі. Олар ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын және тәрбие үлгісін көрсететін құнды дәстүрлер. Кезінде жастар мен балаларды ептілікке, шапшаңдыққа, тапқырлыққа баулып, ұрпақтың бойына ұлттық рух пен бірлік сезімін сіңірген бұл ойындар бүгінде жадымыздан өшіп барады. Наурыз сияқты мерекелер – осы ойындарды қайта жаңғыртып, ұлт жадын тірілтуге таптырмас мүмкіндіктей көрінеді.

Қыз қуу

Қыз қуу — қазақ халқының ұлттық ат спорты ойыны, көбінесе той-думандар мен Наурыз мерекесінде ұйымдастырылатын болған. Бұл ойында жігіт пен қыз ат үстінде жарысады: алдымен жігіт қызды қуып жетіп, оны белгіленген қашықтықта құшақтауға тырысады, ал кері қайтар жолда қыз жігітті қамшылап, кек алады. Ойын тек жарыс емес, сондай-ақ шапшаңдықты, ептілікті және қазақ жастарының арасындағы әзіл-қалжың, сыйластықты бейнелейтін көрініс.

Фото. Shutterstock. Автор. Matyas Rehak

Алтыбақан тебу

Алтыбақан тебу — жастар арасында кең тараған ұлттық ойын, әрі көңіл көтеру түрі. Алты ағаштан құралған тербелмелі әткеншекті бірнеше жігіттер мен қыздар тебеді. Ән мен күй, жарасымды әзілдер. Алтыбақан – жастардың басын қосатын, достық пен махаббаттың символы саналған дәстүрлі ойын.

Асық ату

Асық ату – қазақ халқының ең көне, әрі ең сүйікті ұлттық ойындарының бірі. Бұл ойын – балалар мен жастардың ептілігін, дәлдігін, шыдамдылығын дамытатын, ұлттық тәрбиенің бір бөлігі ретінде қалыптасқан ойын. Асық – қойдың, кейде ешкінің тілерсегінен алынатын сүйек. Әрқайсының өз атауы, рөлі болады. Ойынға қатысатын негізгісі – «қақпақыл» немесе «сақа» деп аталады. Сақа ретінде көбінесе ірі, салмақты асық таңдалады, кейде қорғасын құйылып ауырлатылады.

Фото. Shutterstock. Автор. Cholpan

Теңге ілу

Теңге ілу — ойын шауып бара жатқан ат үстінде өткізіледі. Жерге тасталған күміс теңгені немесе матамен оралған затты ат үстінен иіліп жүріп ілу керек. Бұл шабандоздың ептілігі мен батылдығы сыналатын сәт. Қазір бұл өнер сирек орындалады, ал шын мәнінде ол қазақ баласының көз мергендігі мен жылдамдығын тәрбиелейтін ойындардың бірі.

Бестас

Бестас – қазақ халқының балалар арасында кең тараған ұлттық ойындарының бірі. Бұл ойын көне заманнан бері келе жатқан, шеберлік пен ептілікті қажет ететін қызықты әрі пайдалы ойын. Көбіне қыз балалар арасында ойналса да, кейде ұл балалар да қатысқан. Бестастың бірнеше кезеңі бар, әр кезеңде ойыншы тастармен әртүрлі қимылдар жасап, ойын деңгейін қиындатады. Қазақтың қарапайым, бірақ терең мәнді ойындарының бірі. Осы арқылы ұрпақ еңбекке, ептілікке, ширақтыққа тәрбиеленген.


Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. mun.dam

Поделиться: