14 ақпан жақындаған сайын бұл күн түрлі үміт пен күтудің символына айналады. Әдемі сыйлықтар, әсерлі махаббат мойындаулары, әлеуметтік желідегі жарқын жазбалар — бәрі міндетті сияқты көрінеді. Алайда кейбір адамдар үшін бұл мереке жоғалтуды, жалғыздықты, ажырасуды немесе жазылмаған жан жарасын еске түсіреді. Тіпті «махаббат бәрінде бар, тек менде ғана жоқ» деген ой келуі мүмкін. Бірақ мұндай күні өзіңізді әлсіз сезіну — қалыпты жағдай. Төменде 14 ақпанда жиі күшейетін бес сезім және оларды жұмсақ қабылдаудың жолдары берілген.
Жалғыздық
Бұл — Ғашықтар күнінде ең жиі сезілетін күй. Ол жақыныңыздан айырылудан, арақашықтықтан, серіктің болмауынан немесе «өз адамыңызды» таппағандай сезімнен туындауы мүмкін.
Жалғыздық сізде бір нәрсе дұрыс емес дегенді білдірмейді. Көбіне ол жақындыққа, жылылыққа, назарға деген табиғи қажеттіліктің белгісі.
Өзіңізге қалай көмектесуге болады?
Бұл сезімді қуып жіберуге немесе өзіңізді кінәлауға тырыспаңыз. Оны неғұрлым сабырмен қабылдасаңыз, соғұрлым оның әсері азаяды. Кейде өзіңізбен оңаша уақыт өткізу — серуендеу, сүйікті тағам дайындау немесе көптен бері көргіңіз келген фильмді көру — ең дұрыс шешім болуы мүмкін. Өз компанияңызда өзіңізге жайлы болғанда, жалғыздықтың да күші әлсірейді.
Мазасыздық
Кей адамдар үшін бұл күн өзін-өзі бағалайтын сынаққа ұқсайды: «Мен жеткілікті жақсы адаммын ба?», «Өмірім дұрыс бағытта ма?» деген ойлар мазаны алуы мүмкін. Көбіне бұл сыртқы қысым мен өзгенің күткенінен туындайды.
Өзіңізге қалай көмектесуге болады?
Денеңіз әлеуметтік күйзелісті де шынайы қауіп сияқты қабылдайды, сондықтан баяулап, тыныс алуға, қозғалысқа, жерге «тірелгендей» сезінуге назар аударыңыз. Бұл — бар болғаны бір күн ғана, ол сіздің құндылығыңыз бен болашағыңызды анықтамайды.
Мұң мен жоғалту
Жоғалтудың өз уақыты болмайды. Ғашықтар күні бұрын еңсердім деген жараны қайта қозғауы мүмкін: айырылысу, жақын адамнан айырылу немесе орындалмаған махаббат хикаясы.
Қайғы толқын секілді — бірде басылады, бірде қайта оралады. Одан тезірек құтылуға өзіңізді мәжбүрлеудің қажеті жоқ.
Өзіңізге қалай көмектесуге болады?
Бұл сезімдердің сіз үшін маңызды болғанын мойындаңыз. Махаббат түрі өзгерсе де, оның ізі жоғалып кетпейді. Естеліктер бір мезетте әрі жылытып, әрі ауыртуы мүмкін — бұл қалыпты. Осындай күйді бастан кешіре отырып, сіз біртіндеп сауығуға қарай қадам жасайсыз.
Қызғаныш пен салыстыру
Романтикалық фильмдер мен әлеуметтік желілер бақыттың бәрінде бірдей — жарқын әрі мінсіз — көрінетіндей әсер қалдырады. Бірақ біз көбіне шынайы өмірді емес, тек сыртқы «витринаны» көреміз.
Өзіңізге қалай көмектесуге болады?
Шынайы байланыс көбіне тыныш, күрделі әрі көзге көріне бермейтінін түсінуге тырысыңыз. Махаббат өзгенікіндей көрінуі шарт емес. Ал салыстыру бақытқа жақындатпайды — тек мазасыздықты арттырады.
Қысым мен күту
Қазір Ғашықтар күні кейде махаббатты дәлелдеудің шоуына айналғандай: сыйлық, әсерлі қимыл, әдемі суреттер. Осындай жарыста ең маңыздысы — шынайылық пен жанды сезім — назардан тыс қалуы мүмкін.
Өзіңізге қалай көмектесуге болады?
Өзіңізбен адал болу кез келген гүл шоғынан маңызды. Тіпті кішкентай, бірақ шынайы жылылықтың өзі жасанды әсерден әлдеқайда терең байланыс қалыптастырады.
Редакциядан
Егер 14 ақпанды өткеру қиын болса да, бұл — сізде бәрі дұрыс емес деген сөз емес. Махаббат әртүрлі болады және әрдайым ашықхаттар мен шамдарға сыймайды. Кейде ең үлкен махаббат — өзіңізге қамқорлық жасап, сезімдеріңізге рұқсат беру және өзіңізді өзгемен салыстырмау. Соның өзі жеткілікті.
Harper's BAZAAR Arabia ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.