Көгілдір экран тәрбие құралы деп көп айтып жатады, шынымен мультфильмдер тек ермек емес баланың ойлау қабілетін дамытатын құрал. Сүйікті кейіпкерлерімен бірге балалар өз қиял әлемдерінде өмір сүреді. Көп жағдайда сол персонаждар арқылы мейірімділік, достық, адамгершілік сияқты қасиеттерді танып, өздеріне сіңіріп жатады. Айта кететін дүние осы тұста ата-ананың рөлі маңызды. Баланың қандай хикаяның желісімен, қай кейіпкерге қызығып жүргенін қадағаласа, бірге отырып талқылай көрсе, мұны отбасылық медитация деуге де болады. Ендеше, назарларыңызда міндетті түрде көрулеріңіз керек мультфильмдер топтамасы.

Арыстан Патша, 1994

Американдық анимциялық бұл фильм әлі күнге дейін көптің жүрегінде. Дисней студиясының ең әйгілі және әсерлі мультфильмдерінің бірі. Терең оқиғалы, тәрбиелік мәні зор көркем туынды. Оқиға желісі бойынша, болашақ патша атанатын Симба әділетсіздікке тап болып, туған жерінен жырақта өсуіне тура келеді. Бірақ өсе келе бәрібір ол өзінің кім екенін түсініп, батыл түрде патшалықты зұлымдықтан құтқарып, әділеттілік орнатады.

Ойжұмбақ, 2015

Дисней ұсынған тағы бір тың туынды. Адамның эмоциялық дүниесін көркем әрі әсерлі түрде бейнелейтін мультхикая. Райлидің басында орналасқан түрлі күйлердің тетігін басқаратын эмоциялар жайында. Олардың Райлимен бірге, сондай-ақ көрерменмен бірге өсіп, жетілуі жүрекке жылы сезім сыйлайды. Ойжұмбақ тек балаларға емес, ересектерге де арналған терең мағыналы дүние. Психология мен анимацияны шебер ұштастырған бұл туынды — баланың сезім әлемін түсінудің керемет тәсілі.

Коко құпиясы, 2017

Әйгілі музыкант болуды армандайтын 12 жасар Мигельдің отбасылық құпиямен бетпе-бет келуін баяндайтын туынды фэнтези жанрында. Кездейсоқ жағдаймен Мигель өлілер әлеміне өтіп кетеді де, сол жерде өзінің ата-бабаларымен, ұмыт қалған шежіресімен танысады. Мультфильм көрерменді күлдіртіп те, жылатып та, ойландырып та жіберетін ерекше сәттерімен қызықты.

Көкке, 2009

Армандарыңды орындауға ешқашан кеш болмайтынын дәлелдейтін картина. Басты кейіпкер — 78 жастағы қырсық, қыңыр мінезді Карл Фредриксен есімді қарт. Ол марқұм болып кеткен жары Эллимен бірге бала кезден армандаған саяхатын жүзеге асыру үшін үйіне мыңдаған әуе шарын байлап, Оңтүстік Америкадағы ғажайып сарқырамаға ұшып кетеді. Бірақ жалғыз емес, кездейсоқ қосылған сапарласы Рассел есімді қызыққұмар балақаймен. Шытырман оқиға адамның жүрегіне әсер етпей қоймайды, кейіпкер жасының келіп қалғанына қарамай, адамға өз арманын орындау үшін ешқашан кеш болмайтынын, жылы естеліктер жадымызда мәңгі жаңғыратынын еске салады.

Күлше қыз, 1947

Аңызға айналған бұл мультхикая әділетсіздікке төзіп, өз арманына шынайы сенген мейірімді қыз туралы ертегінің желісімен таспаланған. Күлше қыз — өгей шешесі мен екі әпкесінің қорлығына қарамастан, жүрегіндегі ізгілігі мен сабырлығын жоғалтпаған. Сәйкесінше өмірлік махаббатын дәл керек кезінде жолықтырып, оқиға соңында бақытты ғұмырға қадам басқан. Бұл туынды өзінің сиқырлы да сәнді әлемімен, балаларды қайырымдылыққа және мейірімділікке баулиды.


Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. MNBB Studio.

Поделиться: