2024 — шоу-бизнес өкілдері үшін нағыз baby boom жылы. Отандық жұлдыздар арасында ата-ана болдық деп халықты шулатып, сүйінші сұрағандар арасында Тұрсен мен Баян Алагөзовтер әулеті көш бастап тұр. Себебі бір жылда отбасында қос перзент дүниеге келді. Тамыз айында Баян Мақсатқызы суррогат аналардың көмегімен Алиса және Алма есімді ханшайымдардың анасы атанды. Көпшілік үшін кенеттен көпбалалы анаға айналған продюсер бұл сәтті 8 жыл күткенін қызы Айсәуле Бақытбекке берген сұқбатында айтып берді.
Медиа тұлғалардың әулетінде қуаныш бұл ғана емес. Анасын перзентханадан шығарған Айсәуле Бақытбек қараша айының соңында өзі де үшінші сәбиін бауырына алды. Бүгінде блогер күйеуі Әлішер Қайдаровпен бірге үш бірдей ханшайым тәрбиелеп отыр.
Мақпал Исабекова биыл екінші мәрте ана атанды. Әнші 2024 жылды отбасы мен жеке өміріне арнағаны сөзсіз. Эстрада жұлдызы көпшіліктен талай жыл бойы жасырған күйеуі – Родион Викторовичтың жүзін көрсетіп, ресми түрде фолловерлеріне таныстырған болатын. Ал ұлы Теодордан кейін араға 2 жыл салып өмірге келген кестетігердің есімі – Илая.
Сәуір айының 11-жұлдызында Данияр Хизметов пен Жәния Джуринская екінші рет перзент сүйді. Желі жұлдыздарының отбасына шекесі торсықтай ұл өмірге келді. Кішкентай ханзада — Зейін. Ал Даник мен Жәнияның тұңғыш қыздары Софи осы жазда 2 жасқа толды.
2024 жылы «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов те екінші мәрте әке атанды. Марканың жары Чинар Ихсан ұлдан кейін қыз дүниеге әкелді. Есімі – Амани. Бөбек 24-қазан күні сағат 10:33-те өмірге келген екен. Оның салмағы – 3496 келі, ал бойы – 52 сантиметр.
Биыл «Ninety One» тобында да baby boom! Ұжымның қос мүшесі алғаш рет әке атанды. Мәселен қыркүйектің 18-і күні әнші Батырхан Мәлік пен блогер Вероника Жанғалованың жанұясында Тай есімді ұл дүниеге келсе, рэпер Дулат Мұхаметқалиев пен стилист Жадыра Абдулжаппарованың шаңырағында қазан айының 3-і күні іңгәләған сәбидің дауысы естілді. Ол қыз — Айрин Дулатқызы.
Биыл режиссер Қуаныш Бейсек пен актриса Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай ата-ана мәртебесіне ие болды. Жұлдыз жұп дүниеге келген ханшайымын Ғайнижамал деп атады.
Миллионер-блогер Мерей Абилова да 2024 жылы ана атанды. Желі жұлдызы 5-қыркүйекте қыз босанды. Кішкентай ханшайымның есімі – Мариям. Еске салсақ, Абилова-тегі танымал аяқдопшы Димаш Қашкенмен 2023 жылы қарашада неке қиып, шаңырақ көтерген болатын.
Автор. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Instagram @bayanmaxatkyzy