Белла Хадид сұлулықтың ішкі дүниеден басталатынына сенеді, ал махаббат пен жанашырлық оны ашуға көмектеседі. Модельдің айтуынша, біз өзімізге мейірімді және жұмсақ болғанда ғана, айналамыздағы әлем де жақсара түспек. Төмендегі қарапайым күтім рәсімдері Беллаға денсаулығын сақтауға және сұлу болуға көмектеседі екен.
Сіз ванна мен душ үшін қандай өнімдерді қолданғанды ұнатасыз?
Мен лаванда хош иісті Dr. Bronner’s Pure-Castile сұйық сабынын, Vegamour өнімдерін, африкалық қара сабынды және күнжіт майын жақсы көремін. Ал кокос майынан шашқа арналған маскалар жасаймын. Бұл маскаларды жиі қолданатындықтан, мен өзім жасаған түрлі рецепттерім бар.





Қазіргі таңда сүйікті қол және дене креміңіз қандай?
Мен көбінесе майларды қолданғанды ұнатамын, мысалы, кокос немесе жаңғақ майын.
Релаксация үшін хош иісті шамдар немесе хош иісті таяқшалар жағуды ұнатасыз ба?
Иә, хош иісті таяқшалар мен тлеуші көмір үйде бірден тыныштандыратын атмосфера жасайды. Менің бір досымда ең керемет моңғол хош иістері бар. Мен пало санто мен шалфей иістерін ерекше жақсы көремін.


Ұзақ және ауыр күннен кейін босаңсу үшін бірінші кезекте не істейсіз?
Күні бойы сергек болудың ең жақсы тәсілі – аттарымның жанында болу. Сондай-ақ, мен отбасыммен және жақын достарыммен уақыт өткізгенді ұнатамын, өйткені олардың жанында мен өзімді еркін сезінемін. Шөп үстінде жалаңаяқ жүру, пикник жасау немесе күшігімді жүгіріске алып шығу маған ерекше рахат сыйлайды. Табиғатпен байланыс мені өзіме қайта оралуға және ішкі тепе-теңдігімді табуға көмектеседі.
Сіздің өміріңізде атпен серуендеудің рөлі қандай?
Мен отбасыммен үйде немесе аттарыммен таза ауада жиі уақыт өткізгенді жақсы көремін. Атқа міну – мен үшін ең сүйікті фитнес және терапия. Мен өзімді жылқылардың жанында болғанда ерекше бақытты сезінемін!
Бүгін қандай косметикалық өнім қолдандыңыз?
Соңғы штрих – Charlotte Tilbury-дің Pillow Talk реңіндегі күңгірт далап болды. Ол менің образымды мінсіз толықтырған сияқты. Дәл осы коллекциядағы әрбір реңк менің өзімді әртүрлі сезінуіме әсер етеді. Оның үстіне, мен түстің қанықтылығын өзім қалағандай реттей аламын. Сондықтан бұл далап бірден менің сүйіктіме айналды.

Фото. Пресс-офис Сharlotte Tilbury
Қазіргі таңда сізге батыл макияж ұнай ма, әлде табиғи стиль жақын ба?
Бұл менің көңіл-күйіме және сол күні не істеп жүргеніме байланысты. Макияж – бұл сіздің дәл сол сәттегі сезімдеріңіздің немесе қалауларыңыздың көрінісі.
Соңғы рет қандай фитнес жаттығуын онлайн көрдіңіз немесе жеке қатысып жасадыңыз?
Мен әрқашан өз денемді тыңдауға тырысамын және сол күні маған не қажет екенін сезінемін. Кейде бокс, пилатес немесе йогамен айналысамын, кейде қарқынды кардио немесе созылу жаттығуларын жасаймын. Бірақ бәрінен бұрын мен атқа мінуді жақсы көремін.
Өзіңізге күтім жасау бойынша оқырманымызға қандай кеңес берер едіңіз?
Өзін-өзі күту – жеке нәрсе және әркім үшін әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан ең бастысы – өзіңізді тыңдап, сол сәтте ақыл-ойыңыз бен денеңізге не қажет екенін түсіну. Бұл әлеуметтік желілерден демалыс алу, таза ауада серуендеу, массаж, жаттығу, дәмді тағам немесе жай ғана тыныштықта болу болуы мүмкін. Өз қажеттіліктеріңізге көңіл бөлуді үйреніңіз.
Harper’s BAZAAR US ұсынған мақаланың түпнұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Тиффани Додсон. Аударған. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. Denis Makarenko. Фото. Пресс-офисы марок.