Бибігүл Ақтан 70-ші жылдарға сапар шекті. Әрине жалғыз өзі емес, «Дивизия командирінің қалыңдығы» атты ресейлік телехикаяның түсіру тобымен бірге барып қайтты. Айтқандай, оның тұсаукесері кеше «Россия 1» телеарнасында болып өтті. «Русское» кинокомпаниясының жаңа жобасы 1977 жылы Солнечный әскери гарнизонында орын алған оқиғалар жайлы баяндайды. Өзінің жаңа рөлі мен түсірілім барысындағы естелік сәттер туралы Бибігүл Ақтан Harper’s BAZAAR Kazakhstan-ға айтып берді.

Бибігүл Ақтан ресейлік сериалға түсті

Бұл жобаға қалай тап болдыңыз? 

Бұл картинаның режиссері Александр Барановпен мен 15 жасымда «Громовтар» сериалының түсірілімдерінде жұмыс жасаған болатынмын. Және оның «Дивизия командирінің қалыңдығы» жобасы басталған кезде оның кейіпкері Дина маған ұқсайтын болып шықты. Сол себепті Александр Николаевич мені кастингке шақырып, мені осы рөлге бекітті.

Сериалда сіз Дина есімді теңізші қызды ойнайсыз. Өз кейіпкеріңіз жайлы толығырақ айтып бере аласыз ба?

Дина – теңізші емес, телефонист. Жалпы бүкіл хикая теңізшілер емес, теңіз авиациясы флотының гарнизоны жайлы. Сондықтан бұл кемелермен емес, ұшақтармен байланысты. Менің кейіпкерім коммутаторда телефонист болып жұмыс жасайды. Ол өте ашық әрі аңғал қыз. Жасы небәрі 19-да болғанына қарамастан, өзі мықтап ұстанатын қағидалары бар.

Кейіпкеріңізге ұқсайсыз ба? 

Шынын айтқанда, Дина екеуіміз бір-бірімізге онша ұқсамаймыз. Алайда мен оның рөлін сомдағанда, өзімді шын мәнісінде Дина секілді сезіндім.

Бибігүл Ақтан ресейлік сериалға түсті
Бибігүл Ақтан Динаның рөлінде

Сериалдағы оқиғалар 1977 жылы өрбиді. Картина шынайы болып шығуы үшін тиісті декорациялардан бөлек, әртістердің сол дәуірге іштей енуі қажет. Сіздің ол дәуірге сапарыңыз қалай болды?

Мен тарихи киноға түскенді жақсы көремін. Себебі басқа дәуір саған мүлдем басқа сезімдер сыйлайды. Бұл Кеңес одағы дәуірін сипаттайтын, мен түскен екінші сериал. Және маған бұл кезең қатты ұнайды. Кеңестік фильмдерге қарап, адамдардың жаны қаншалықты таза болғанын байқайсың. «Дивизия командирінің қалыңдығы» сериалы сюжеті мен сипаты бойынша кеңестік «Девчата» картинасына ұқсайды. Басқа дәуірге қалай енетінімді түсіндіру қиын, жай ғана айналаны басқаша сезініп, өзің де басқаша сөйлеп, жүріп-тұра бастайсың.

Сіз сериалдың түсірілімдеріне қарсы арнайы сабақтар алдыңыз ба?

Бізде кейіпкер көпірден құлайтын көрініс болды. Және ол үшін алаңға арнайы каскадерлер келді. Алайда түсірілім алаңындағы әріптесім Александра Никифорова екеуіміз барлығын өзіміз орындамақшы болдық. Мен суға құлап, ол құтқару үшін ізімше суға секіруі тиіс болған. Алайда қиын болған тұс: түсірілім маусым айының басында болды, ал су ол кезде әлі де салқындау еді. Сондықтан салқын суға түсу оңай болған жоқ. Сондай-ақ осы фильмнің түсірілімдерінің арқасында мен саптық жүрісті үйрендім.

Бибігүл Ақтан ресейлік сериалға түсті

Түсірілім алаңында әріптестеріңіздің қайсысымен дос болып кеттіңіздер?

Түсірілім кезінде басты рөлдерді орындаған актрисалар – Александра Никифоровамен, Александра Каштановамен және Виолетта Давыдовскаямен жақсы тіл табысып кеттік. Біз әлі күнге дейін хабарласып, кездесіп тұрамыз.

Осы сериалдың түсіріліміндегі қызықты жайттардың бірімен бөлісіңізші. Әлденедей бір қызық немесе қауіпті жайттар болды ма?

Телефонистердің әйелдерден тұратын шағын взводын кейіпкерлердің бірінің кінәсі үшін плацта үш сағат бойы саппен жүргізіп қоятын көрініс болды. Мұны түсіру барысында осы бөлімде қызмет ететін офицерлер біздің саппен жүруді жылдам үйренгенімізді айтып, мақтаған болатын. Олардың айтуынша, жаңадан келген жас жігіттерді үйретуге 2-3 апта кетеді, ал біз небәрі бірнеше сағаттың ішінде үйреніп алдық.

Сіз түсірілім алдында бәрі ойдағыдай өтуі үшін қандай да бір рәсім жасайсыз ба?

Ерекше бір рәсім жоқ. Мен тек өз-өзімді жинақтап, рөліме кіріп, кейіпкерімді сомдаймын.

Өзіңіз ойнауды армандап жүрген рөл бар ма?

Мен қандай да бір шытырман сюжетті фильмде немесе блокбастерде ойнап көргім келеді.


Сұхбат. Эльмира Колмакова. Аударма. Гульнур Жаксылыкова. Сурет. «Русское» кинокомпаниясы.

Поделиться: