Бостондық неке: неге әйелдер бірге өмір сүруді жиі таңдайды және мұның астарында не жатыр?
Фото. Shutterstock.com. Автор. Josep Suria.

Бостондық неке: неге әйелдер бірге өмір сүруді жиі таңдайды және мұның астарында не жатыр?

Гүлдана Мұқан
29 января 2026

Соңғы жылдары жеке қарым-қатынастар туралы әңгіме болса «бостондық неке» деген ұғым жиі айтыла бастады. Бұл термин әлеуметтік желілерде, медиада және әйелдер қауымдастықтарында талқыланып жүр — бірде таңданыспен, бірде қызығушылықпен, ал кейде дәстүрлі «тұрмысқа шығу» сценарийіне балама ретінде қабылданады. Бұл құбылыс дегеніміз не, қайдан шыққан және неге дәл қазір қайта өзекті бола бастады? Бұл туралы Harper’s BAZAAR Kazakhstan баяндайды.

Бостондық неке дегеніміз не?

Бостондық неке — екі әйелдің бірге тұрып, ортақ шаруашылық жүргізуі, шығындарды бөлісуі, бір-біріне эмоционалдық қолдау көрсетуі және ұзақ мерзімді жоспарлар құруы. Мұнда олардың қарым-қатынасы романтикалық немесе сексуалдық сипатта болмайды. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл — достыққа, сенімге және теңдікке негізделген серіктестік пен өзара тірек одағы.

Бұл термин алғаш рет XIX ғасырдың соңында АҚШ-та пайда болды. Ол кезде қаржылық тұрғыдан тәуелсіз, білімді әйелдер тұрмысқа шықпай, бірге өмір сүруді таңдаған. Атауы Генри Джеймстің «Бостондықтар» романынан шыққан — шығармада қоғамдық өмірге белсенді араласатын, дербес әрі ер адамның қамқорлығына мұқтаж емес әйелдер бейнеленген. Сол кезеңде бостондық неке нағыз революциялық қадам еді: әйелдер өз қаржысын, уақытын және тағдырын өздері басқару мүмкіндігіне ие болды.

Бостондық неке: неге әйелдер бірге өмір сүруді жиі таңдайды және мұның астарында не жатыр?
Фото. Shutterstock.com. Автор. Galyamin Sergej.

Неліктен бостондық неке қайтадан өзекті?

Бүгінде бұл формат басқа себептермен қайта алға шығып отыр. Қазіргі әйелдер қаржылық тұрақтылыққа жету қиындаған, баспана бағасы қымбаттаған, ал дәстүрлі неке «міндетті мақсат» болудан қалған заманда өмір сүріп жатыр. Көптеген әйелдер некені кейінге қалдырады немесе оны басты басымдық деп санамайды. Бірақ сонымен қатар жалғыз өмір сүруді де қаламайды — ни эмоционалдық, ни тұрмыстық тұрғыдан.

Экономикалық фактор — басты себептердің бірі

Бірге пәтер жалдау, тұрмыстық шығындарды бөлісу, ақша жинау мүмкіндігі — көпшілігі үшін бұл жай ғана ыңғайлылық емес, өмірлік қажеттілік. Зерттеулер мен сауалнамалар көрсеткендей, көптеген қыз-келіншектер ортақ тұруды қаржылық жүктемеге байланысты таңдайды: жалғыз адамның өз-өзін қамтамасыз етуі барған сайын қиындап барады.

Бірақ мәселе тек қаржыда емес

Көптеген әйелдер үшін бостондық неке — қауіпсіздік кеңістігі. Олар құрбысымен бірге тұрған кезде психологиялық тұрғыдан өздерін жайлы сезінетінін айтады: уайым азаяды, сенім артады, гендерлік рөлдерден қысым болмайды. Мұндай одақта біреудің міндетті түрде ас әзірлеуі, мансабынан бас тартуы немесе өзгенің амбициясына бейімделуі талап етілмейді. Барлығы келісім мен теңдікке негізделеді.

Бостондық неке: неге әйелдер бірге өмір сүруді жиі таңдайды және мұның астарында не жатыр?
Фото. Shutterstock.com. Автор. Antonio Guillem.

Эмоционалдық қыры да бар

Бостондық неке кейде жалғыздықтан және романтикалық қарым-қатынастардағы көңіл қалудан туған жауап іспетті. Бұл — махаббаттан бас тарту емес, жақындықтың басқа түрін таңдау: тұрақты, тыныш және болжамды. Осындай форматта өмір сүретін әйелдер қолдау сезімін, өз болмысыңды жасырмай өмір сүру мүмкіндігін және әр қадамыңды түсіндіріп отырудың қажеті жоқ екенін атап өтеді.

Отбасы ұғымының жаңаша түсіндірмесі

Социологтар бостондық некенің танымалдығын кең ауқымды үрдіспен — отбасы түсінігінің қайта қаралуымен байланыстырады. Қазір отбасы тек төлқұжаттағы мөрі бар ресми құрылым ретінде емес, бір-біріне қамқор болып, жауапкершілікті бөлісетін адамдардың бірлестігі ретінде қабылдана бастады. Осы тұрғыдан алғанда, бостондық неке — «таңдалған отбасының» бір формасы.

Дегенмен қоғам бұл модельді толық қабылдады деу қиын. Көпшілік оны уақытша, салмақсыз немесе «нағыз өмірге» дейінгі өтпелі кезең деп қабылдайды. Мұндай одақтағы әйелдерден жиі «қашан тұрмысқа шығасың?» деп сұрайды, ал бірге тұруын жай ғана кездейсоқ көршілік ретінде бағалайды. Бірақ бостондық некені таңдаған әйелдер бұл — амалсыз үзіліс емес, саналы шешім екенін барған сайын ашық айта бастады.

Бостондық неке: неге әйелдер бірге өмір сүруді жиі таңдайды және мұның астарында не жатыр?
Фото. Shutterstock.com. Автор. Dean Drobot.

Кері тұстары да бар

Әрине, бұл форматтың да қиындықтары жоқ емес. Мұндай одақтың бұзылуы, әсіресе тараптардың бірі өмірлік бағытын өзгерткен жағдайда, ауыр қабылдануы мүмкін.

Әлеуметтік сценарийлердің анық болмауы кейде қақтығыстарды қиындатады. Алайда бостондық некені таңдағандар бұл тәуекелдерді түсінеді және оларды кез келген басқа қарым-қатынас түрінен артық деп санамайды.

Мінсіз емес, бірақ саналы таңдау

Қорытындылай келе, бүгінгі бостондық неке — әйелдердің өмірдің нақты жағдайларына берген жауабы. Олар тұрақтылықты, қолдауды және таңдау еркіндігін іздейді. Біреулер үшін бұл уақытша кезең, енді біреулер үшін толыққанды бірге өмір сүру формасы, ал кейбірі үшін жақындық тек романтикамен шектелмейтінін еске салу тәсілі. Мүмкін, дәл осы себептен мұндай қарым-қатынас туралы әңгіме барған сайын күшейіп келеді: ол ең басты нәрсені — әйелдердің өз бақытын қалай елестететінін өздері шешу құқығын көрсетеді.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше