Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Азамат Сатыбалды және Салтанат Бақаева, Рауан Ахмедов пен режиссер Әлібек Өмірбекұлының – «ZULEIKHA» спектаклі, дайындық барысы мен қойылымның маңыздылығы жайында Harper`s BAZAAR Kazakhstan-ға берген эксклюзивті сұқбаты.
Фото: САПАРМУРАТ АГАРЫС SAPARMURAT AGARYS
Стиль: АРМАН ТЕМІРТАС ARMAN TEMIRTAS
Сұқбат: ГҮЛДАНА МҰҚАН GULDANA MUKAN
Салтанат алдағы премьера құтты болсын! Таңдауыңыз неліктен «Зулейха» драмасына түсті?
Салтанат Бақаева: Жалпы Әлібек Өмірбекұлының көзқарасы ерекше, ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы бар режиссер. Әуелі ол маған тапсырма ретінде бірнеше шығарманы оқып көруге кеңес берді. Кейін ұнағаны, көңілге қонымды болғаны осы «Зулейха» туындысы. Өйткені жан дүниеме жақын тарттым. Зулейханың күйін бірден сезіндім.
Талай жыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрында қызмет ететініңізді білеміз, енді міне қара шаңырақтан тыс жеке қойылым өткізуге шешім қабылдадыңыз, не түрткі болды?
Салтанат Бақаева: Әрине, 5 жыл бұрын бастасам бәлкім жеңілдеу болар ма еді деп ойлаймын кейде. Бірақ әр нәрсе өз уақытымен болатынына сенемін.
Жеке спектакль қою идеясы ойыңызға қашан келді?
Салтанат Бақаева: Соңғы үш жылдықта бойымды қорқыныш билегені рас. Айналама жалтақтап, санамда «дайынмын ба, жоқ па?» деген сұрақ болды. Алайда осы жазда, отбасыммен өткізген демалыс кезінде түсінген дүниелерім көп. Қорқынышыңмен бетпе-бет жолығып, жеңу керектігін, онсыз шығармашылық өсу болмайтынын ақыры өзіме мойындаттым десем болады. Ең алдымен хабарласып, ойымда жүрген дүниемен бөліскен адам — талантты режиссер Әлібек Өмірбекұлы. Біз бұған дейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрындағы «Құйын» спектаклінде бірге жұмыс істеген болатынбыз.


«Зулейха» — нәзік жандылардың жалпы қоғамдағы орны жайлы. Дұрыс феминизм түсінігі қалыптасса деген ой.
«Зулейха» спектаклінің көрермен үшін маңыздылығы жайлы айтып беріңізші?
Салтанат Бақаева: Нәзік жандылардың жалпы қоғамдағы орны жайлы. Дұрыс феминизм түсінігі қалыптасса деген ой, ниет. Бұл дүниені жеткізу арқылы еркектерге қарсы шығамыз деген сөз емес, керісінше махаббат тілінің сыйласттыққа ұласқанын қалаймыз. Көрермен түртіп алар түйін осы болса дейміз.
Қойылымды жүзеге асыру барысындағы қиындықтар?
Салтанат Бақаева: Қиындық әрине бар, онсыз болмайды. Бірақ меніңше ондай қиын сәттерсіз бұл жоба маған жылы болмай қалатындай көрінеді. Ыстығы мен суығы қатар жүріп жатыр, сонысымен есте қалатын тұшымды дүние шығарамыз деген ойдамын.
Сізді бұл бастамада қолдаған кім және қолыңыздан қаққан кім?
Салтанат Бақаева: Атап айтып, түсін түстейтін адам жоқ. Ешкімді бөліп жармаймын, себебі бұл бастамамда мені барлығы қолдап жатыр. Әріптестерім, режиссерім мен тіпті «болмайды-ау» деген сәттерде міндетті түрде жылы сөздерімен демеп жібереді. Жақындарым, жолдасым, отбасым барлығы дерлік оң көзбен қарап, тек сәттілік тілеуде.
Эстрада жұлдызысыз, әнші, кино және театр актрисасыз. Енді міне продюсерлік лауазымды қолға алдыңыз, басшы болу оңай ма?
Салтанат Бақаева: Мен өзімді басшы ретінде санамаймын, ол олай емес. Жәй ғана идея авторымын, идеясына қолдаушылары табыла кеткен автормын. Әріптестерімнің де бұл жоба арқылы айтары бар екен. Бәрі бір уақытта орын алып, бірігу сәті туындады десем болады. Сондықтан мен басшы емеспін, бола да алмаймын.

Нәтиже қалай шығатыны өзіме де, сіздерге де жұмбақ болып қала берсін.
Рауан енді театр сахнасындасыз. Құттықтаймыз! Бұл сіз үшін жаңа экспириенс болайын деп тұрған сияқты!?
Рауан Ахмедов: Көпшілік көрермен мені үлкен экраннан ғана тамашалап үйреніп қалғаны рас. Бірақ айта кеткім келеді, мен жалпы «театр актері» мамандығын тәмамдағанмын. Кәсіби музыкалық драма актерімін. Бұл спектакль арқылы, фанаттар мені мүлдем басқа амплуада көреді.
Ұсыныс түскен сәтте, бірден қабыл алдыңыз ба?
Рауан Ахмедов: Ұсыныс режиссер Әлібек Өмірбекұлынан түсті. Шыны керек мұндай тәжірибе жайлы бұған дейін ойланбаппын. Әрине мен үшін қызық дүние болайын деп тұр. Сол үшін бірден келісімімді бердім. Тіпті кездескен күні репетицияны бастап кеттік.


Театр сахнасында дебют. Образыңыз қандай болмақ?
Рауан Ахмедов: Әзірге нәтиже қалай шығатыны өзіме де, сіздерге де жұмбақ болып қала берсін. Қандай кейіпкерді сомдайтынымды премьерада көрермен өз көзімен тамашаласа деймін.
Қорқыныш бар ма?
Рауан Ахмедов: Жоқ, ешқандай қорқыныш жоқ.

Актер – режиссердің алдында жанын жалаңаштау керек.
Азамат аға, кезекті рөл, кезекті кейіпкер…
Азамат Сатыбалды: Әрине әрбір рөл ол сенің балаң сияқты. Сондықтан кез-келген ұсынысқа, рөлге ерекше қарайсың, себебі бұл үлкен жауапкершілік. Сенің актерлік тағдырың. Спектаклде «кімді ойнайсың» дегеннен гөрі, «кімдерді ойнайсың» деген дұрыс шығар, өйткені мен бұл қойылымда екі рөл сомдаймын. Екеуі де жауапты, маңызы бар образ. Ол енді режиссердің шешімі. Мен актер ретінде әрине оны мойындаймын, қабылдаймын сол бағытта жұмыс істеймін. Өйткені актердің басты міндеті — ол режиссерге сену, оған өзін тапсыру және де режиссердің қойған мақсаты бойынша жұмыс істеу.
Көрермен сізді бұрын соңды көрмеген амплуада тамашалайтыны рас па?
Азамат Сатыбалды: Әрине ол рас, шынымен де маған ұсыныс жасағанда таңғалдым. Қалай болар екен деп… Бірақ енді режиссер соны көріп, менің актерлік потенциалыма сеніп тұр. Демек менің қолымнан келеді деген ойдамын. Бұрын соңды болмаған амплуада, бөлек бір жаңа образ жасаймын. Екі кейіпкерім де бір-біріне мүлдем ұқсамайды.
Әр рөлді таңдайтыныңызды білеміз, бұл қойылым сізді несімен қызықтырды?
Азамат Сатыбалды: Ең бірінші актерді қызықтыратын материал. Егер оқиға шытырман болса, шығарманың ойы болса, астары болса, қызықты болса, актер үшін үлкен жеңіс. Одан кейін мықты туындыны нашар режиссер құртуы бек мүмкін. Кейде орташа, нашар шығарманы мықты режиссер жоғары деңгейде көрсетуі мүмкін. Бұны біз тарихтан көріп келе жатырмыз. Салтанаттың продюсер ретінде ең алғашқы жұмысы, сондықтан да мен ойланбастан келістім.


Аға, режиссер Әлібек мырзамен жұмыс қалай жүріп жатыр?
Азамат Сатыбалды: Шыны керек мен Әлібекпен бірінші рет жұмыс істеп тұрмын және де бұл соңғысы емес деп үміттенемін. Бірден тіл табысып кеттік. Актер – режиссердің алдында жанын жалаңаштау керек. Режиссердің алдында барын беру керек, былайша айтқан кезде ол бар болмысымен берілу керек.


Әлемдік алыптардың қауырсын қаламынан қашалып, өмірге келген кейіпкерлерді тірілту — ол оңай дүние емес.
«Зулейха» драмасында бой көрсету жайлы ұсыныс түскенде, бірден қабыл алдыңыз ба?
Бекжан Тұрыс: Жаңашылдықты жаным сүйеді. Ұсынысты қабыл алуымының себебі де осы. Әрдайым ізденісте жүргендіктен, жаңа рөл, жаңа қойылым мен үшін үлкен мүмкіндік. Оған қоса, режиссер Әлібек Өмірбекұлымен жұмыс істеп көргім келді. Біз кішкене штампқа ұрынып қалған сияқтымыз. Содан шығу үшін Әлібекпен тәжірибе алмасу ойда болды.
Бекжан аға, кейіпкеріңіз арқылы көрерменге айтар ойыңыз?
Бекжан Тұрыс: Театр сүйер қауымға кейіпкердің терең философиясын жеткізсем деймін. Өйткені әлемдік алыптардың қауырсын қаламынан қашалып, өмірге келген кейіпкерлерді тірілту — ол оңай дүние емес. Кейіпкер жандылық деген бар. Кейде образды жасай алмайтын актерлер болады, жәй ғана сөзімен, жәй ғана сырттай ойнайды. Ал оның ішкі дүниесіне үңілу, ол мүлдем бөлек нәрсе.

Фото. Дана Полоротова @polorotova.dana
Театрда таптаурын болмау керек. Басты акцент осы. Ал принциптер бұл адамды өлтіреді.
Әлібек мырза, «Зулейха» спектаклін қою туралы ұсыныс түскенде, ұзақ ойландыңыз ба?
Әлібек Өмірбекұлы: Әдетте мен қойылымды ешкімнің кеңесімен сахналамаймын. Еліміздің театрлары тек арнайы шақыртумен ғана ұсыныс білдіреді. Менің ойымша, әзірге маған тапсырыспен қойылым қойдыруға ешкімнің батылы жетпейді. Мен де өзгенің қалауымен еш дүниені жүзеге асырмаймын. Бірақ бұл жоба басталмас бұрын, Салтанат продюсерлік жетекшілікпен театр сахнасында спектакль қоя отырып, өзі де ойнағысы келетінін жеткізді. Ал мен ойымда жүрген шығарманың бірнешеуін ұсындым. Осылайша Салтанат екеуміздің таңдауымыз, көңіл көкжиегіміз бір туындыға түсіп, нәтижесінде «Зулейханың» тұсаукесеріне дайындық жүріп жатыр.
Жұмыс істеу тактикаңыз қандай? Басты припциптеріңізді атай аласыз ба?
Әлібек Өмірбекұлы: Жұмыстың принципін бірнеше сөзбен сипаттау қиын, менің уақыт өткен сайын тәжірибемен қалыптасқан, актерлермен жұмыс жасайтын өз методикалық әдісім бар. Көптеген режиссерлердің мақсаты — мен секілді тірі театр құрғысы келетіндерінде. Театрда таптаурын болмау керек. Басты акцент осы. Ал принциптер бұл адамды өлтіреді. Маған «принцип» деген сөздің өзі ұнамайды. Мен үшін көрерменнің кейіпкерге сенуі, сол кейіпкерден өзін немесе жақынын тануы маңызды. Өйткені ең бастысы – театр адамдарға өтірік айтпау керек. Шынайы болған дұрыс. Әсіресе, қазіргі біздің заманда. Ал дәл осы шығарма шынайы болуға шақырады. Қазір әлемде толық хаос орын алып жатқан кезеңде — бұл жоба көрерменге ғажайып дәрумен.
«Зулейха» драмасының авторы Гузель Яхниа, қойылымға қатты өзгеріс енгізбеуін өтініпті, бірақ дегенмен режиссер ретінде сіздің көзқарасыңызды білгіміз келеді?
Әлібек Өмірбекұлы: Иә, біз шығарма авторымен кездестік. Бірақ сіз айтқандай «еш жерін өзгертпеңдер» деген сөз болмады. «Бастысы автор ретінде жеткізгім келген ой мен романның мағынасынан ауытқып кетпесеңіздер екен» деген тілегі болды. Менің ойымша жазушы ретінде ол кісінің бұл сөзі орынды. Мен барлығын қалпынша сақтауға тырысамын. Бірақ шығарманы өз призмамда қалай қабылдадым, мен әлемді қалай сезінемін, соған байланысты ұсынамын. Сол себепті айырмашылық болады, мүлдем басқа туынды дүниеге келеді. Көрермен өзіне мүлдем таныс емес, басқа театрды көруге дайын болу керек. Мүлдем басқа театрды айту тым қатты естілер бәлкім, бірақ бұрын таныспаған театрмен жолығары анық.

Фото. Дана Полоротова @polorotova.dana
Қазір әлемде толық хаос орын алып жатқан кезеңде — бұл жоба көрерменге ғажайып дәрумен.
Актерлық құрамға тоқталсақ… қалай таңдадыңыз?
Әлібек Өмірбекұлы: Актерлерге келетін болсақ, ұзақ таңдадық. Салтанат маған ұсынған актерлердің ішінен іріктеп, сәйкес келмейтінін қарадық. Бірақ театрдың негізгі шарты — актерлерді мен таңдаймын, себебі кім қай кейіпкерді ойнайтынын режиссер шешеді. Спектаклді қоятын мен. Дайындық басталғалы бір айға жуық уақыт болды, процесс қарқынды жүріп жатыр. Актерлер даму мен ізденіс үстінде. Сондықтан команданы мақтан тұтамын. Бірақ мен труппаның бұл туралы білгенін қаламаймын.
Премьераға аз ғана уақыт қалды. Қобалжу бар ма?
Әлібек Өмірбекұлы: Театр — болжау мүмкін емес құбылыс… Дайындық барысы әр түрлі жүреді. Кейде қиын, кейде көңілді. Не дегенмен тірі адамдар, түрлі көңіл-күй бар. Сондықтан театр тірі организм сияқты, түрлі ситуацияға тап болады. Десе де, дайындық кезінде актерлер жылайтындай жағдайға, эмоциялық тебіреніске әлі жеткен жоқ. Бірақ сол эмоциялық күйге жетеді, өздері де сезеді деп үміттенемін.

«Зулейханы» көрермен не үшін көруі тиіс? 3 факт айтып кетсеңіз…
Азамат Сатыбалды: Біріншіден – мені көру үшін, Азамат Сатыбалдыны басқа қырынан, басқа образда бақылау үшін келу керек деп ойлаймын. Екінші — шығарма үшін және де режиссердің көзқарасын, туындыны қалай жеткізді соған баға беру үшін…
Рауан Ахмедов: 3 факт… Керемет құрам, махаббат туралы драма және де мен.
Салтанат Бақаева: «Зулейха» ғажайып махаббат оқиғасын баяндайды. Тұсаукесер мәдени астанамыз Алматы қаласының ең әдемі ғимараттарының бірі — Almaty theatre сахнасында 18 және 28 сәуір күні өтеді.
МАКИЯЖ: АЛТЫНАЙ ҚҰДАЙБЕРГЕН. HAIR STYLITST: АЛМА НАДИ. АКСЕССУАР: @aimaq_kz