Дофаминді лайфстайл: Заманауи тренд пе, әлде жасырын қауіп пе?
Фото. Shutterstock.com. Автор. MAYA LAB.

Дофаминді лайфстайл: Заманауи тренд пе, әлде жасырын қауіп пе?

23 апреля 2026

Дофамин — мотивация, күтім, үміт пен марапат сезіміне жауап беретін нейромедиатор. Ал бүгінде оның деңгейін көтеру бұрынғыдан да оңай. Instagram немесе TikTok-та көңілді видеолар көру, бірнеше батырманы басып тамаққа тапсырыс беру, музыка тыңдау — мұның бәрі санаулы секундтың ішінде көңіл күйді жақсарта алады. Осылайша жаңа құбылыс — дофаминді лайфстайл қалыптасты. Бұл не? Толығырақ Harper’s BAZAAR Kazakhstan баяндайды.

Дофаминді лайфстайл деген не?

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл — адамның саналы түрде немесе байқамай-ақ дофаминді үнемі ынталандыруға ұмтылатын өмір салты. Мұнда біз ләззаттың өзін емес, дәл сол ләззатты күтуді айтып отырмыз: хабарламаларды тексергенде, сатып алуды жоспарлағанда немесе алдағы демалысты ойлағанда — дофамин жүйесі сол сәттен-ақ іске қосылады.

Сіз «бақыт гормоны» деген ұғымды жиі естіген боларсыз. Бірақ дофаминді одан гөрі «ұмтылыс гормоны» деп атаған дұрыс. Ол бізді бақытты етуден гөрі, көбірек нәрсені қалауымызға итермелейді. Сондықтан дофаминді лайфстайл — бұл келесі бір әсердің, келесі бір «дозаның» соңынан үздіксіз жүру туралы.

Дофаминовый лайфстайл: что это такое и действительно ли он вредит нашей жизни?
Фото. Shutterstock.com. Автор. Thaspol Sangsee.

Бүгінде дофаминді лайфстайл қалай көрініс табады?

Қазіргі заманда бұл өмір салты технологиялармен тығыз байланысты. Әлеуметтік желілер, онлайн-шопинг, стриминг сервистері — барлығы да назарды ұзақ ұстап тұруға және дофаминнің тұрақты түрде бөлінуіне ықпал ететіндей етіп жасалған.

Лентаны шексіз айналдыра беруді тоқтату қаншалықты қиын екенін байқадыңыз ба? Немесе лайк, хабарлама, жаңа ескерту алу неге сонша жағымды сезіледі? Мұның бәрі — жылдам, қысқа, жарқын әрі тәуелділік тудыруы мүмкін дофаминдік марапаттар.

Алайда бұл құбылыс тек онлайн кеңістікпен шектелмейді. Жаңа әсерлерді жиі іздеу, үнемі жаңалыққа ұмтылу, болмашы жетістік үшін өзіңізді марапаттауға әдеттену — мұның бәрі де осы ұғымға жатады. Дәл осы жерде маңызды сұрақ туындайды: ләззат пен тәуелділіктің шекарасы қайда?

Бұл неге қауіпті?

Біздің миымыз ләззат сыйлаған нәрсені есте сақтап, сол тәжірибені қайта-қайта қайталауға ұмтылады. Мәселе мынада: жылдам дофаминдік стимулдар (әлеуметтік желі, қант, сауда жасау) бірден әсер береді, бірақ дәл солай тез құнын жоғалтады. Соның салдарынан адамға барған сайын көбірек әрі жиірек стимул қажет бола бастайды.

Бұл өз кезегінде күнделікті қарапайым қуаныштардың әсерін әлсіретіп, зейіннің төмендеуіне, тұрақты шаршау мен ашушаңдықтың пайда болуына, мазасыздықтың күшеюіне әкелуі мүмкін.

Әсіресе сыртқы стимулдар болмаған кезде бұл қатты сезіледі. Көп адам дәл сол сәтте өзін жайсыз сезініп, ішкі қуат көзінен айырылғандай күй кешеді.

Дофаминовый лайфстайл: что это такое и действительно ли он вредит нашей жизни?
Фото. Shutterstock.com. Автор. Antonio Guillem.

Дофаминдік детокс деген не?

Осындай артық жүктемеге жауап ретінде оған қарама-қарсы тренд — дофаминдік детокс пайда болды. Бұл — жылдам ләззат көздерінен уақытша бас тарту тәжірибесі: әлеуметтік желілер, тәтті тағамдар, сериалдар, кейде тіпті қарым-қатынастың өзін шектеу.

Мұндағы мақсат — өзіңізді қуаныштан айыру емес. Негізгі мәні — жылдам стимулдарға сезімталдықты азайтып, серуендеу, кітап оқу, шынайы әңгімелесу секілді қарапайым дүниелерден қайтадан ләззат алуды үйрену.

Алайда бір нәрсені түсіну маңызды: тым қатаң шектеулер бәріне бірдей тиімді бола бермейді. Көп адам үшін бұл тағы бір қосымша стресс көзіне айналады. Сондықтан толық тыйым салудан гөрі, тепе-теңдік қалыптастыру әлдеқайда тиімді.

Дені сау дофаминді лайфстайлды қалай қалыптастыруға болады?

«Қуаныш гормонын» көтеруге деген ұмтылыстан толық бас тарту мүмкін емес, әрі оған қажеттілік те жоқ. Міндет — оның көздерін басқаруды үйрену.

Өмірден ләззат алуды сақтап қалу үшін мына нәрселерге басымдық берген жөн:

  • физикалық белсенділік;
  • шығармашылық;
  • ұзақмерзімді мақсаттар;
  • шынайы қарым-қатынас;
  • сапалы демалыс.

Тағы бір маңызды қағида — саналылық. Қолға телефонды не үшін алғаныңызды немесе белгілі бір затты неге сатып алғыңыз келгенін түсінген сәтте, сіз енді автоматты түрде әрекет етпейсіз. Демек, процесті өзіңіз басқара бастайсыз.

Ең басты парадокс

Дофаминді лайфстайл — жау емес. Ол біздің адам ретіндегі табиғи болмысымызды — ләззатқа, дамуға және жаңа әсерге ұмтылысымызды көрсетеді. Мәселе тек сол ұмтылыс бақылаудан шыққан кезде ғана туындайды.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше