Ерте жастан бастап отбасының асыраушысына айналған жұлдыздар

11 апреля 2025

Әрбір танымал тұлғаның даңққа жету жолы әртүрлі. Бірі – есейген шағында танылса, енді бірі – атақты ата-анасының арқасында, ал кейбіреулер – бала кезінен-ақ жұрт назарына іліккен. Бүгінгі әңгіме – дәл сондай жандар туралы. Олар тек өздері үшін ғана емес, отбасы мүшелері үшін де еңбек еткен. Айтпақшы, бұл жұлдыздардың көбі өз балаларына мұндай тағдыр тілемейтінін жасырмайды. People журналына сілтеме жасай отырып баяндаймыз.

Зендая

Фото. Getty Images. Автор. Jeff Spicer.

«Менде үлкен таңдау болған жоқ сияқты. Менің атақ, балалық шақ, ел назарында болу, актрисалық жолға ерте түсу жайлы сезімдерім күрделі», – деді актриса бір сұхбатында. «Біз мұның зиян келтірген тұстарын көп көрдік», – деп жалғастырды Зендая. Disney арнасындағы «Shake It Up» (Танцевальная лихорадка) шоуынан бастап жұлдыз атанған ол, бала кезінен-ақ тез есейіп, отбасын асырауға мәжбүр болғанын жасырмайды.

Сидни Суини

Фото. Getty Images. Автор. Amy Sussman.

Сидни 11-12 жасынан бастап актерлікпен айналысқан және өз өмірін басқа салада елестете алмаған. Ата-анасы оның арманын әрдайым қолдаса да, өкінішке қарай, бір кездері банкротқа ұшыраған. Қиын-қыстау кезеңде Сидни оларға көмектесу үшін Universal Studios-та жұмыс істеп, бала бағып, тіпті мейрамханадағы әжетханаларды тазалаған.

«Мен оларды жерге қаратқым келмеді. Қанша уақыт өтсе де, бір күні сериалға немесе фильмге түсетінімді әйтеуір білдім. Тоқтауды мүлдем ойламадым», – дейді ол. Кейін берген уәдесін орындап, ата-анасы кезінде сатуға мәжбүр болған көл жағасындағы үйді өзі қайта сатып алғанын біз білеміз.

Деми Ловато

Фото. Getty Images. Автор. Jamie McCarthy.

Кейбір жұлдыздар тек асыраушы ғана болып қоймай, бала кезіндегі тәжірибеден ересек өміріне психологиялық жарақат алған. Мұның айқын мысалы – Деми Ловато. Оның алғашқы жобасы – «Barney & Friends» – оған алғашқы танымалдылықты әкелсе, «Sonny with a Chance» сериалы арқылы ол шын мәнінде жұлдызға айналды. Алайда мұның өз салдары бар – ұзақ уақыт назарда болу Демиді «жұлдыз ауруына» шалдықтырған.

«Ата-анамның қолында мені қалай тәрбиелеу керектігі жазылған нұсқаулық болған жоқ. Сондықтан 17 жасымда үйден шықпауымды талап еткенде: «Мен сендердің барлық шығындарыңды төлеймін», – деп жауап бергенмін. Қазір сол кездегі өз әрекетімді есіме алсам, денем тітіркеніп кетеді», – дейді ол.

Коул Спроус

Фото. Shutterstock.com. Автор. Tinseltown

Коул Спроус пен оның егіз ағасы Дилан сөйлеп, жүріп үлгермей жатып-ақ экранда көрінген еді. Олар алғаш рет небәрі 6 айлық кезінде жөргек жарнамасына түскен. Кейін көптеген жобаға қатысып, «The Suite Life of Zack & Cody» сериалымен танымалдылыққа ие болды.

«Меніңше, кішкентай актерлердің екі түрі бар. Бірі – актер болуды өзі қалағандар, екіншісі – біз сияқты, жұмысшы табынан шыққандар», – деді Коул. «Біздің ата-анамыздың жағдайы онша жақсы болмаған», - деп қосты кейін. Дегенмен, ол ата-анасына ренжімейтінін айтып, қазір қаржылық тұрғыдан тәуелсіз екенін атап өтті.

Кеке Палмер

Фото. Getty Images. Автор. Frazer Harrison.

Кеке Палмер бала кезінде Чикаго маңындағы ата-анасымен бірге тұрған шағын қалашықтан Лос-Анджелеске көшуді армандаған. Бұл арман орындалғанымен жолында түрлі қиындықтар орын алған. Бастапқыда әкесі Ларри жаңа қалада жұмыс табуы керек болғанымен кейін ол балаларына қарап үйде қалады. Себебі, жары Шэрон едәуір танымал қыздарының менеджері қызметінде еді.

«Сөйтіп, біздің отбасымыздағы рөлдер ауысып кетті. Мен табыс табушыға айналдым. Ата-анам мені қолдады, бірақ өз істерімен айналысуға мүмкіндіктері болмады, өйткені менің жұмысым олардың бар уақытын алып қойды», – дейді актриса. Дегенмен, отбасына пайда әкелгенімен, ол үнемі ішкі қысыммен өмір сүрген. «Егер мен жұмыссыз қалсам, онда отбасымызды кім асырайды?», – деген сұрақ оны біразға дейін мазалаған.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock.com. Автор. Frazer Harrison.

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше