Жаңа достар табу туралы ойлар ұзақ та терең болуы мүмкін. Сондықтан нақтылап алсақ: жақын жандарыңыз басқа елге көшіп кеткенде, жаңа достарды қалай табуға болады? Мұндай жағдай бүгінде жиі кездеседі. Себебі білім беру мен жұмысқа арналған түрлі бағдарламалар көбейіп, көптеген адам біржола билет алып, жаңа өмірге қадам басуда. Олар болашаққа деген үмітпен өмір сүріп жатқанда, сіз бұрынғы орныңызда қалып, өміріңіздің қалай өзгеріп жатқанын сырттай бақылап қаласыз.
Көпшілігіміз үшін шынайы достықтың мәні — шексіз сенім мен өз еркіңмен құрбандық жасау. Бір сағаттың ішінде есігіңді қаға алатын жанның бары – тыныштық пен сенімділіктің белгісі. Алайда досыңыз басқа жаққа көшкен соң, бұл мүмкіндік жойылып, орнына алаңдаушылық келуі мүмкін.
«Біз рухани алыстап кетпейміз бе?»,
«Қашықтықтағы достық мүмкін бе?»,
«Біздің дәстүрлі әдеттеріміз не болады?»,
«Мен оған енді қызық емеспін бе?»,
«Оның жаңа жақын досы пайда болмай ма?»,
«Мен енді уайымдарымды кіммен бөлісемін?» — деген сұрақтар санада айнала бастайды.

Фото: Shutterstock.com. Автор: Jacob Lund
Қарым-қатынас жөніндегі мамандар мұндай ойлардың пайда болуы — қалыпты құбылыс дейді. Өйткені адам үшін ең құнды нәрсе — алаңдаушылық тудыратын дүние. Алайда өзіңізді күйзеліске ұшыратудың қажеті жоқ.
Біріншіден, достықтарыңыздың өзгеріске ұшырағанын мойындап, қабылдау керек. Сондай-ақ онымен өз сезімдеріңіз жайлы ашық сөйлескен артықтық етпейді. Сеніңіз, сіз сияқты ол да алаңдап жүр, себебі бәрін басынан бастамақ ниетте.
Екіншіден, жаңа жағдайға сай басқаша дәстүрлер ойлап табыңыз. Мысалы, әр жексенбі сайын апта ішінде не болғанын әңгімелеп, суреттермен бөлісуге келісіңіздер. Бұл араларыңыздағы қашықтықты жеңілдетуге көмектеседі.
Үшіншіден, айналаңызда жаңа адамдардың пайда болу ықтималдығы туралы сөйлесіңіздер, ол — заңдылық. Әңгіме барысында әр адамның өміріңізде өзіндік орны бар екенін, ол орынға ешкімнің таласа алмайтынын жеткізуге тырысыңыз.

Фото: Shutterstock.com. Автор: Rawpixel.com
Мамандар кез келген жағдайдың кері байланысы болатынын еске салады. Досыңыз жаңа ортада пайдалы таныстармен байланыс орнатып жатқанда, сіз де өз коммуникативтік қабілеттеріңізді белсенді еткеніңіз жөн.
Жаңа достарды қалай табуға болады? Қарапайым нәрседен бастаңыз. Мәселен, интернет арқылы танысудан. Егер офлайн сөйлесуге дайын болмасаңыз, ортақ қызығушылықтар бойынша чатта тілдесіп көріңіз.
Ал батылырақ жандар достық кездесулер форматын сынап көре алады. Сеніңіз, сіз ғана емес, басқалар да шынайы қарым-қатынасқа мұқтаж. Мүмкін дәл сіз сияқты адам да жаңа дос іздеп жүрген болар.
Harper’s BAZAAR Australia ұсынған мақаланың түпнұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото: Shutterstock.com. Автор: Jacob Lund