Harper’s BAZAAR Kazakhstan нұсқасы бойынша дорамалардағы ең стильді кейіпкерлер
Фото. Netflix, Studio Dragon, Hwa&Dam Pictures; Shutterstock. Авторы. wing-wing

Harper’s BAZAAR Kazakhstan нұсқасы бойынша дорамалардағы ең стильді кейіпкерлер

08 сентября 2026

Корей дорамалары көрерменін ешқашан жалықтырмайды. Олардың арасынан романтикалық хикаяларды да, шиеленіске толы триллерлерді де, сәнге қатысты батыл эксперименттерге шабыт беретін туындыларды да табуға болады. Соңғысы үшін экранда әрдайым әсерлі әрі заманауи көрінетін кейіпкерлерге алғыс айтуға болады. Тіпті «Эмили Парижде» сериалының Эмили Куперінің өзі олардың кейбірінен стиль сабақтарын ала алар еді. Harper’s BAZAAR Kazakhstan дорамалардағы ең стильді кейіпкерлерді назарларыңызға ұсынады.

Ча Му Хи («Махаббатты аударуға бола ма?»)

Су жаңа «Махаббатты аударуға бола ма?» сериалының басты кейіпкері old money эстетикасын таңдайды. Ча Му Хи — аудармашы Чжу Хо Джиннің көмегіне мұқтаж танымал жұлдыз. Алайда жинақы әрі уақытқа бағынбайтын образдарды таңдауға келгенде оған ешкімнің көмегі қажет емес екені анық. Твид костюмдер мен көйлектер, қатаң пішімді жакеттер, шілтерлі жағасы бар блузалар — Ко Юн-джон сомдаған кейіпкер гардеробының негізі.

Чан Ман Воль («Hotel Del Luna»)

Дорама оқиғасы қазіргі заманда өрбігенімен, басты кейіпкердің гардеробы өткен дәуірлерден сыр шертетіндей әсер қалдырады. Чан Ман Воль — тек елестерге қызмет көрсететін ерекше қонақүйдің басқарушысы. Ол жаза ретінде мұнда мың жылдан бері жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан оның көне дәуір эстетикасына жақын киімдерді таңдауы таңғаларлық емес. Қысқа былғары плащтар, ұзын көйлектер, кең жиекті қалпақтар мен Виктория дәуірі және 1960-жылдар стилін тоғыстырған образдар кейіпкердің болмысын сөзсіз-ақ айқындап тұрады.

Шин Ха Ри («Іскерлік ұсыныс»)

Актриса Ким Сэ-джон экранда бірден екі түрлі образды — Шин Ха Ри мен оның альтер эгосы Шин Гым Хиді сомдайды. Нәтижесінде қатаң корпоративтік стиль мен жарқын, батыл эстетиканың қызықты үйлесімі пайда болады. Кейіпкердің бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі стиль арасында ауысуын бақылаудың өзі ерекше әсер сыйлайды.

Го Мун Ён («Псих болсам да, бәрі дұрыс»)

Ауыр балалық шақтың салдарынан Го Мун Ён айналасындағыларға аяушылық пен жанашырлық таныта бермейді. Ол қараңғы ертегілер жазады, ал сәнді киімдерін өзін сыртқы әлемнен қорғайтын сауыт іспетті пайдаланады. Оның драмалық әрі аздап театрландырылған образдары классикаға жақын болғанымен, заманауи детальдардан да кенде емес. Терең ойықтар, былғары корсеттер мен иықтағы көлемді банттар кейіпкер стилінің ажырамас бөлігіне айналған.

Ким Син («Dokkaebi»)

«Кальмар ойыны» сериалы мен «Пусанға пойыз» фильмінің жұлдызы Кон Ю 2016 жылы жарық көрген «Демон» дорамасында басты рөлді сомдады. Мәңгілік өмір кейіпкерге жарасымды-ақ: оның стилі де уақытқа бағынбайтын классикаға негізделген. Биік жағалы қатаң пішімді пальтолар, водолазкалар, жемпірлер мен іскерлік костюмдер Ким Синге бұл дүниеде де, о дүниеде де жарасар еді.

Пак Сэ Рой («Итхэвон класы»)

Дораманың басты кейіпкері әкесінен айырылғаннан кейін мейрамхана бизнесінде өз орнын табу үшін талай сынақтан өтеді. Экранда Пак Сэ Рой streetwear мен іскерлік стильді шебер үйлестіреді. Оның образдары салмақты әрі жинақы көріну үшін міндетті түрде классикалық костюм киюдің қажет емес екенін дәлелдейді.

Винченцо Кассано («Винченцо»)

Винченцоны бала кезінде италиялық отбасы асырап алады. Есейген соң ол мафияның кеңесшісі атанып, кейін туған еліне оралуға мәжбүр болады. Италиялық ортада өскені кейіпкердің темпераментінен ғана емес, өзіндік стилінен де анық байқалады. Мінсіз пішілген костюмдер мен смокингтер, жейделер, галстуктар және классикалық пальтолар Винченцо гардеробының басты элементтеріне айналған.

Кан Са Ра («Жан дүниенің сұлулығы»)

Кейіпкердің өршіл мінезін оның образдарынан-ақ аңғаруға болады. Са Ра бюджеттік әуе компаниясының бас директоры қызметін атқарғанымен, өзін тек қатаң іскерлік стильмен шектемейді. Керісінше, оның әр образы даралығымен әрі ерекше детальдарымен көзге түседі. Са Ра бөлмеге кірген сәттен-ақ назарды өзіне аударады. Тіпті дорама жанкүйерлерінің кейбірі оның образы ара-тұра басты кейіпкерлердің өзін көлеңкеде қалдыратынын мойындайды.


Авторы. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше