Интроверттермен қалай сенімді қарым-қатынас құруға болады?

10 апреля 2025

Интроверттер – сыртқы әлемнен гөрі өздерінің ішкі әлеміне жақын, жалғыздық пен тыныштықтан қуат алатын адамдар. Тұйық мінезді, кез-келген ортада ашылып әңгіме айтып, шерлерін тарқата бермейтін жандар. Алайда тек ет жақындарының жанында ғана көсіле сөз бастай алады. Сырт көзге, алғашқы танысқан кезде олар өздерін суық ұстауы мүмкін, тіпті дөрекі сөйлеп өзгенің көңіліне де қаяу түсіруі мүмкін. Бірақ сеніңіз мұның барлығын әдейі жасамайды, тек болмыстарының бары сол. Егерде сіз алдыңызда тұрған, кездестірген интроверт тұлғаның мінез-құлқын толық қабылдай алсаңыз, ерекше қамқорлық пен мейірімділікке куә боласыз.

Интроверттермен дұрыс қарым-қатынас орнату үшін белгілі бір нәзіктік пен түсіністік қажет

Фото. Shutterstock. Автор. SunCity

Әуелде уақыт беріңіз. Интроверттер бірден ашыла алмайды. Оларға сізге сенім артуға уақыт керек. Күштеп көңіл сұрамаңыз– жай ғана жанында болып, қолдау көрсетіңіз.

Тыңдай біліңіз. Интроверттер көп сөйлей бермейді, бірақ айтқан әрбір сөзі – маңызды. Шын көңілмен тыңдап, сөзін бөлмей, көзқарасына құрметпен қараңыз. Өмірге, дүниеге деген ойларыңыз мүмкін бір жерден шығып қалады. Ал бұл сіздердің әрі қарай да жақсы тіл табысып кетулеріңіздің кепілі.

Фото. Shutterstock. Автор. Elizaveta Galitckaia

Жеке кеңістігін сыйлаңыз. Олар кейде жалғыз қалғысы келуі мүмкін – бұл реніш емес, жай ғана демалу тәсілі және қалыпты жағдай. Түсіністік танытып қысым жасамаңыз. Кейін міндетті түрде ол сіздің қолдауыңызды бағалайды.

Шулы орта емес, тыныш жерді таңдаңыз. Интроверттермен терең әңгіме көбіне екеуара, тыныш ортада жүреді. Халық көп жерде өздерін жайсыз, ыңғайсыз сезінуі мүмкін. Егерде ол жанға шыныменде көңіліңіз бар болса, немесе құрметтейтін адамыңыз болса онда оның таңдауына сыйластықпен қараңыз. Яғни, олар тыныш жерде жақсы көреді.

Шынайы эмоция мен адалдық – сенімге жетелейтін басты кілт

Фото. Shutterstock. Автор. fizkes

Шынайы болыңыз. Себебі, олар өтірік айтқанды, жалғандық пен екіжүзділікті ұнатпайды. Бойыңыздан жасандылықты байқаса бірден суып кетеді. Ашықтықты бағалаңыз, бірақ асықпаңыз. Сізге бірте-бірте, сабыр етсеңіз уақыт өте келе бауыр басады. Егер интроверт сізбен ойымен, сезімімен бөліссе – бұл сізге деген үлкен сенімнің белгісі. Ал сенім шынайылыққа құралады.

Хабарламалар мен көбіне жазбаша сөйлесуді де ескеріңіз. Себебі, кей интроверттер ойларын жазу арқылы жақсы жеткізеді. Хабарлама арқылы сөйлесу – олар үшін ыңғайлы болуы мүмкін.

Интровертпен қарым-қатынас

Интровертпен қарым-қатынас – бұл баяу, бірақ терең байланыс. Сабыр мен сыйластықтың арқасында сіз мықты әрі сенімді достықтың не романтикалық қарым-қатынастың негізін қалайсыз. Әрине, қиындықтар, түсініспеушіліктер көп болуы мүмкін және бұл заңдылық. Кей сәттерде шаршап, ортақ дүниеден бас тартқыңыз келуі қалыпты жағдай. Мұндай сәттерде ең бастысы - оларды сол болмыстарымен қабылдап, өзгертуге тырыспау.


Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. GaudiLab

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше