Қазақстанда некесіз бала туған әйелдер кейде қатты сынға ұшырауы мүмкін. Бұл мәселе әлі де өзекті. Қоғамда, астын сызып айтар болсақ қазақ менталы қалыптасып қалған ортада дәстүрлі құндылықтар мен әдет-ғұрыптар маңызды орын алады. Некесіз бала туу кейбір жерлерде әлі де теріс қабылданады, бұл әйелдерге психологиялық және әлеуметтік қиындықтар тудырады деуге болады.
Дегенмен, соңғы жылдары қоғамда бұл мәселеге деген көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Қазіргі заманғы жастардың арасында некесіз бала тууға деген пікір жұмсарып, толеранттылық артуда. Бұл әйелдердің құқықтары мен гендерлік теңдік мәселелеріне деген түсініктің кеңеюімен байланысты. Қазақстанда әйелдердің құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті дұрыс түсінікте қалыптастыу мақсатында көптеген ұйымдар мен бастамалар жұмыс істейді. Олар көне стереотиптерді жоюға және әйелдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

Фото. Shutterstock.com. Автор. aslysun
Некесіз ана атану — таңдау емес, тағдыр
Қазақ қоғамында дәстүрлі құндылықтар әлі де маңызды, және некесіз бала туу кейбір ортада теріс қабылданады. Мұндай әйелдерді шеттетудің басты себептерінің бірі – ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптар мен моральдық нормалар. Көпшілік үшін отбасы түсінігі ол – тек ер мен әйелдің ресми некеде болуы арқылы құрылады деген ойға тоқталған. Сондықтан некесіз бала туған әйелдерге кейде кінәлі адам ретінде қарайтындарды кездестіруге болады. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде, консервативті көзқарасты ұстанатын ортада жиі байқалады.
Ұят ұғынымының таптаурындары
Тағы бір маңызды фактор – “ұят” ұғымы. Қазақ мәдениетінде ұят – қоғамдық ойлар шеңберінің негізі болып саналады. Бұл түсінік көбінесе әйел адамның жүріс-тұрысына, оның отбасы және басқа орта алдындағы рөліне бағытталады. Некесіз бала туу көпшілік үшін қалыпты емес жағдай болғандықтан, мұндай әйелдерге сын айтылып, оларды қолдаудың орнына, айыптау басым болуы мүмкін. Қоғамдық қысым кейде жұмысқа орналасуға, тұрмыс құруға немесе психологиялық жай-күйге де әсер етеді. Жалпы айтқанда, әйелдердің болашағын олар үшін шешіп, қараңғы ойдың көмескесіне қамап қояды.
Бұған қоса, қоғамда әлі де стереотиптер мен гендерлік теңсіздік мәселелері бар. Көп жағдайда ер адамдар некесіз баланың дүниеге келуіне себепкер болса да, айыптау көбінесе әйелге ғана бағытталады. Кінәлі тарап тек бір жақтан ғана болып шектеліп қалады. Бұл гендерлік әділетсіздік пен ескі көзқарастардың әлі де сақталып қалғанын көрсетеді. Дегенмен, қазіргі таңда бұл мәселеге деген пікір біртіндеп өзгеріп келеді, әрі әйелдерді қолдайтын түрлі ұйымдар мен бастамалар көбейіп жатыр.

Фото. Shutterstock.com
Статистика бойынша жалғыз басты аналар
Егер статистиканы алып қарайтын болсақ: Қазақстанда 6,6 миллионнан астам бала бар, олардың жүздеген мыңы әкесіз өсіп жатыр. Бұл көрсеткіштер толық емес отбасылардың қоғамдағы айқын бейнесі. Қазақстанда некесіз туған балаларға қатысты статистикалық деректер шектеулі. Соңғы қолжетімді мәліметтер 2019 жылға ғана тиесілі, сол жылы 71 920 бала некесіз туылған. 2023 жылы Қазақстанда жалпы 388,4 мың сәби дүниеге келді. Алайда, балалардың қаншасы некесіз туылғаны туралы нақты деректер жарияланбаған. Жалпы, қатып қалған қағиданың шеңберінен шығып, ел мен қоғам ойы дамыған сайын бала туу көрсеткішінің төмендейтіні белгілі. Қазір бұл үрдіс дамыған Еуропа, тіпті, Азия елдерінде де байқалып, көрініс табуда.
Өркениетті қоғамға айналу үшін мүмкіндіктер тең болу керек
Қоғамда некесіз бала туған әйелдерге деген көзқарас әлі де екіұшты. Кейбіреулер мұны жеке таңдау немесе тағдырдың жазуы деп қабылдаса, басқалары мұндай әйелдерді әлі де сынға алады. Алайда, олардың отбасылық жағдайына қарап, шеттетудің ешқандай негізі жоқ. Өйткені әрбір ана, басындағы отбасылық мәртебесіне қарамастан, ең алдымен – өз баласын өсіріп, оған жақсы болашақ сыйлауға тырысатын адам. Қоғамдағы әрбір әйелдің өзін қауіпсіздікте сезінуі маңызды және ол солай болуы керек.
Жалғызбасты аналарға қажет басты нәрселердің бірі ол — әлеуметтік қолдау мен түсіністік. Оларды шеттетудің орнына, қоғам оларға көмек көрсетіп, балаларын лайықты жағдайда өсіруіне мүмкіндік жасауы керек. Өйткені бала толыққанды, мейірімге толы ортада тәрбиеленсе, болашақта бақытты, жауапкершілікті азамат болып өседі. Сондықтан әйелдердің жеке өмірлік таңдауларын сынаудың орнына, оларға моральдық қолдау көрсетіп, тең мүмкіндіктер беру – өркениетті қоғамның белгісі.
Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock.com. Автор: HenadziPechan