Күнделік жүргізу — құдды бір медитациялық терапия. Қазіргі таңда бұл — өзін танудың, эмоцияларды реттеудің және өмірге басқаша көзқараспен қараудың тиімді құралына айналған. Кейде өмірде миды шатастыратын ойлар тым көп болып кетеді. Осындай кезеңде күнделік жүргізу, шимай шатпақ ойларды қағаз бетіне түсіру адамға көп көмектеседі. Астын сызып айтар болсақ, пайдасы өте көп.

Ішкі күйге әсері мен ықпалы

Ішкі әлеммен байланыс орнатады. Адамға өзін тыңдап, көп жағдайларда өзін таңдап үйренуге септігін тигізеді. Қоғамда өзге біреуге өз пікірін үгіттейтіндер жоқ емес.

Стресті азайтады. Ойда жүрген мазасыз уайымдарды жазып, қағаз бетіне түсіру – ішкі қысымды жеңілдетеді. Бұл әдісті психологтар да жиі ұсынады.

Фото. Shutterstock.com. Автор. insta_photos

Шығармашылықты шыңдайды. Жазу процесі қиялды оятады, сөйлеу және адамның жазу қабілетін жақсартады. Әсіресе, шығармашылықпен айналысатындар үшін бұл пайдалы әдіс те болып есептеледі.

Мақсат қоюға және жоспар құруға көмектеседі. Күнделікке өз мақсаттарыңды, армандарыңды және әрекет жоспарыңды жазу – олардың жүзеге асуына алғашқы қадам болады.

Психологтар ұсынады және мақұлдайды

Фото. Shutterstock. Автор. Branislav Nenin

Тіпті көптеген психологтардың өзі күйзеліске ұшыраған науқастарына күнделік жүргізуді ұсынады. Себебі, депрессияға ұшыраған жандардың көп бөлігі оларды тыңдайтын жанның жоқтығына шағымданады. Ал сананы сан-саққа жүгіртіп, адамды әбігерге салатын көп ойлардан арылудың, сабырлылықпен дос болудың бірден-бір жолы ол — жеке күнделік жүргізу.

Күнделік – жай ғана дәптер емес. Ол – адамның ішкі тынысын бейнелейтін айна. Уақытыңды бөліп, ойыңды жазып тұру – өз-өзіңе деген қамқорлықтың бір түрі. Уақыт өте келе жазбаларды оқып, өзіңнің қалай өзгергеніңді, қандай жетістіктерге жеткеніңді байқайсың. Бұл алға ұмтылуға мотивация береді.


Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. fizkes.

Поделиться: