«Бір жасыңмен!» Көрісу күні — Қазақстанның батыс өңірінде ерекше атап өтілетін ұлттық мерекелердің бірі. Бұл күн жыл сайын 14 наурызда тойланады және халық арасында Амал мерекесі деп те аталады. Көрісу күні – адамдардың бір-бірімен жүздесіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіретін, кешірім мен татулықты дәріптейтін күн. Аталмыш мейрамды сондай-ақ, «Амал мерекесі» деп те атайды.

Көрісу күнінің мәні мен тарихы

Көрісу дәстүрі – халқымыздың ежелден келе жатқан салттарының бірі. Бұл күн – қыстың аяғы, көктемнің басы, табиғаттың жаңару кезеңімен тұспа-тұс келеді. Қазақ халқы бір-бірімен амандасып, өткен жылдағы қиындықтарды ұмытып, жаңа жылға жақсы ниетпен қадам басады.

Амал мерекесінің түп-тамыры көшпелі қазақтардың өмір салтымен тығыз байланысты. Қыстың ұзақ айларында ауыл тұрғындары бір-бірімен кездесе алмай, өз үйлерінде болады. Ал көктем келгенде, күн жылынып, адамдар бір-біріне амандық-саулық тілеп, көрісуге шығады.

Көрісу күнінде қандай дәстүрлер бар?

Көрісу күні адамдар ең алдымен жасы үлкен кісілердің үйіне барып, қол алысып, амандық-саулық сұрасады. Бұл – үлкенге құрмет көрсетудің белгісі.

Мереке барысында дастархан жайылып, ақсақалдар бата береді. Туыстар мен көршілер бір-біріне қонаққа барып, өзара сыйластық танытады. Бұл күні адамдар арасындағы реніштер ұмытылып, кешірім сұрау, татулық орнату маңызды саналады.

Көрісу күнінде тек “Жасың құтты болсын!”, “Жыл құтты болсын!” деген ізгі тілектер айтылады. Бұл – жаңа жылдағы жақсылық пен берекенің белгісі.

Көрісу күні – ұлттық бірліктің символы

Көрісу күні тек Қазақстанның батыс өңірінде ғана емес, еліміздің басқа аймақтарында да кеңінен атап өтіле бастады. Бұл мереке – халқымыздың ұлттық бірлігін, сыйластығын және бауырмалдығын көрсететін ерекше күн.

Қазіргі таңда Көрісу күні дәстүрі жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Бұл күн адамдардың бір-біріне жақсылық тілеп, мейірімділік пен татулықты насихаттауына мүмкіндік береді.


Автор. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. Alexkoral

Поделиться: