Фем-белсенді, «ҚазФем» қозғалысының қатысушысы Ада Алимбетова қазақстандық әйелдердің неліктен феминистке айналатынын және феминизм туралы жиі қандай қате пікірлер кездесетінін айтып берді.

Ең негізгіден бастайықшы. Феминизм деген не?

Әрбір феминисттің өз анықтамасы бар болар. Менікі қысқа: феминизм – әйелдердің әйелдер құқығы үшін қозғалысы. Өркениетті қоғам өмір сүріп келе жатқаннан бастап, ерлерге туыла сала берілетін елеулі және ұсақ-түйек артықшылықтар үшін әйелдерге үнемі күресуге тура келеді. Мәселен, түнделетіп үйге қайтып келе жатып, зорланып қалмау, кейін болары болып, бояуы сіңгенде, түнделетіп жүргенің үшін елдің сөгісіне қалмау – үлкен ерлік.

Қазақстандағы әйелдер неліктен феминист болып кетуде?

Себебі біз – әйелміз. Кез келген елде гендерлік белгі бойынша біз белгілі бір дәрежеде дискриминацияға ұшыраймыз. Қазақстанда азиялық елдерге тән бірқатар өзекті түйткілдер бар: үйдегі, вербалды және сексуалдық зорлық-зомбылық, қалыңдық ұрлау, тиісу, мектепте сексуалдық тәрбиенің берілмеуі, жұмыс орнындағы гендерлік дискриминация, әйелдерге арналған дағдарыс орталықтарының жетіспеуі және кез келген себеппен қоғамның ұдайы сөгуі. Біздің әйелдер біртіндеп, мұны ұғына бастады.

Феминизм туралы басты қате пікірлерді атап өте аласыз ба?

Феминизм – ерлерге деген өшпенділікті насихаттау деген пікір. Үлкен құпияны ашайын: феминизмнің ерлерге мүлдем қатысы жоқ. Бұл әйелдердің әйелдер үшін қозғалысы. Біз жай ғана өзіміздің онша емес жағдайымызды жақсартқымыз келеді. Біздің жағдайымызда бұл әлеуметтік пайым тұрғысынан орташа дәрежелі гетеросексуалды қостілді қазақ ер азаматының деңгейіне жету.

Қазақстандық феминизм қандай? «ҚазФем» қозғалысының қатысушысымен сұхбат

Сіз өзіңіз жеке қандай дискриминацияға тап болдыңыз?

Мен әдеттегідей әке отбасының басшысы болған және бүкіл отбасын үркітіп ұстаған патриархалды отбасында тәрбиелендім. Эмоционалдық тұрғыдан тұрақсыз әкемнің қасында мен өзімді қауіпсіз сезінбейтін едім, соның салдарынан қазір антидепрессанттар ішіп, маманның көмегіне жүгініп жүрмін. Оқушы кезімде мен харрасментке ұшырадым, және бұған өзімді кінәлі санап, өз тәнімді, өзімді жек көріп кеттім. Мұнымен қазір күресіп, жеңіп келем.

Қолыңыздан келсе, заңнамамызда нені өзгертер едіңіз?

Көптеген фем-белсенділердің пікірінше, ең ақылға қонымсыз заңдардың бірі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң. Ол көп рет өзгеріске ұшырады. Және қазір әйелін ұрғаны үшін жазбаша ескерту беріледі, ал жаза ретінде қамау жөніндегі шарт екіұдай күйде қалып отыр. Менің пікірімше, бұл заңдағы негізгі олқылық – зорлық-зомбылыққа барған адамдармен жұмыс жасау, сондай-ақ зорлық көргендерге көмек беру қарастырылмаған. Заңнамадағы өзгерістерге қатысты «ҚазФем» бастамасының пайымын алғашқы ресми әйелдер митингісінің қарарынан оқуға болады. Ол ашық қолданыста.

Феминизмді теріске шығаратын әйелдер туралы не ойлайсың?

Оларды мұнысы үшін кінәлауға болмайды, себебі олар да мизонияның құрбандары. Әйелдерге деген жеккөрушілік ерлердің де, әйелдердің өздерінің бойында да туыла сала пайда болады. Әйелдің феминист болғысы келмеуі – ақпараттандыру деңгейінің төмендігі және уақыттың еншісіндегі құбылыс деп санаймын.


Сұхбат. Эльмира Колмакова. Сурет. Илья Ким. Аударма. Гульнур Жаксылыкова.

Поделиться: