Кез келген образыңызды әрлейтін 2026 жылдың ең трендтегі алқалары
Фото. Ysso, Heavenly London, Completedworks, Jenny Bird және MAISON MAYLE брендтерінің баспасөз қызметі.

Кез келген образыңызды әрлейтін 2026 жылдың ең трендтегі алқалары

27 марта 2026

Сарапшылардың айтуынша, соңғы уақытта сән индустриясының өкілдері ойластырылған әрі практикалық сатып алуларға жиі мән бере бастады. Бұл үрдіс киім мен аяқ киімнен бастап, хош иістерге, косметикаға және аксессуарларға дейін барлық салаға қатысты. Қуантатыны — 2026 жылдың трендке айналған алқалары дәл осы философияға сай келеді. «Аз болса да — мәнді» қағидасы жаңа деңгейге көтеріліп, образымызға соңғы, үйлесімді штрихтарды таңдауға көмектеседі. Harper’s BAZAAR Kazakhstan сәнқойлар мен стилистердің сүйікті әшекейлері туралы ақпарат береді.

Ілгегі бар жұқа шынжырлар

Тым көрікті алқаны тағу кейде оңай емес, әсіресе жаныңда көмектесетін жарыңыз не жақыныңыз болмаса. Зергерлер бұл мәселені шешіп, дизайнының бөлшегіне айналған ыңғайлы құлыпшалары бар ықшам алқаларды ұсынды. Енді нәзік те жинақы аксессуарлар күнделікті киімдеріңіздің маңызды бөлігі бола алады.

East-West стиліндегі тастар

Актуалды East-West сөмкелерінен кейін асыл тастар да «созыла» түскендей. Олар — аса сұранысқа ие алқалардың өзегі. Қызығы, қырлану түрі кез келген болуы мүмкін, бастысы — көлденең бағытта: сопақ не тікбұрыштан бастап, «маркиза» не ромбқа дейін.

Металдар миксі

2000-жылдардың басындағы тренд қайта оралды. Аралас металдан жасалған бұйымдар жаңа қырынан ашылып жатыр. Бүгінде сары және ақ алтыннан екі бөлек шынжыр тағудың қажеті жоқ — буындары әр түрлі реңктегі жалғыз шынжырды-ақ киюге болады. Мұндай шешім әрдайым тосын әрі назар аударарлық көрінеді.

Торк-алқа

2025 жылы мұндай әшекейлер must have саналған. 2026 жылдың тренд алқалары қатарында да торк-алқалар бар. Олардың артықшылығы — қандай жағдайда да пішінін жоғалтпай, берік ұстайды. Бұл бұйымдар әрі минималистік, әрі заманауи.

Тоғысу

Ұстамдылық пен максимализмнің ара-жігінде теңселген әшекейлер де гидімізге енді. Олар бір мезетте еркін көрініп, сонымен қатар иесінің тәуелсіз стилін айқын білдіреді. Бұл санатқа ірі кулонды алқалар мен ерекше элементтері бар жуан шынжырлар кіреді. Өз эстетикасын енді іздеп жүргендерге де, бейнесін өзгертіп отыруды қалайтындарға да мінсіз таңдаулар.

Ағымды пішіндер

Зергерлер бізге судай болуды меңзейтіндей — икемді әрі үйлесімпаз. Бастау үшін аксессуарлардың өзі жеткілікті. Ағымды пішінді, сізге лайық бұйым тауып, образдарыңызға креативті акцент қосыңыз.

Органикалық фактуралар

Әшекейдің бетін саусағыңызбен сипап, фактурасын сезінген ұнаса, бұл бөлімдегі нұсқалар сізді сөзсіз баурайды. Олар өткен ғасырдың аксессуарларынан шабыт алған, ал жеңіл винтаж лебі керісінше, оларды аса айшықты әрі батыл етеді.

Harper's BAZAAR UK мақаласының түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.


Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше