Коронавирус бүкіл әлемді шарлап кетті. Қауіпті инфекция бүкіл жер бетін жаулап алды. Бұл ауруға шалдыққандар арасында атақты жандар да бар. Шетелдік басылымдардың хабарлауынша, Том Хэнкс пен оның жұбайы Рита Уилсон коронавирус жұқтырған. Бұл жөнінде актер өзінің Instagram-ында жазып, Австралияда Баз Лурманның жаңа фильміне алдын ала дайындық барысында әйелі екеуі өздерін жайсыз сезінгендерін егжей-тегжейлі айтып берді.
«Біз бойымыздан шаршаңқылықты, салқын тигізгенімізді және денеміздегі ауыртпалықты сезіндік. Ританың тұла бойы қалтырап, онысы біресе өршіп, біресе басылды. Сондай-ақ аз-маз безгек болды. Әлемде болып жатқан жағдайға байланысты біз коронавирусқа сынама тапсырдық. Және диагноз расталды», — деді әртіс.
Алдағы қадамдарына байланысты Том Хэнкс дәрігерлерде ұстануды қажет ететін хаттамалар бар екенін мәлімдеді.
«Біз ары қарай да сынама тапсырып, бақылауда боламыз. Және қоғамдық денсаулық сақтау мен қауіпсіздік үшін қажетті уақыт бойы оқшауланамыз. Біз барлығын хабардап етіп, ақпаратты жаңартып отырамыз. Аман болыңыздар!» — деді актер.
Айтып өтетін жайт, Warner Bros. Том Хэнкстің коронавирус жұқтыруына байланысты фильмнің түсірілімін тоқтатты.

«Қазіргі таңда Австралияның Голд-Костында түсірілімге дайындалып жатқан көркем фильмімізге түсетін команда мүшесінің сынамалары COVID-19-дың (коронавирус) оң нәтижесін көрсеткені бізге мәлім болды. Біз барлығын анықтап, ол адаммен тікелей байланыста болған кез келген адаммен байланысу үшін тиісті австралиялық денсаулық сақтау агенттерімен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Командамыздың мүшелерінің денсаулығы мен қауіпсіздігі біз үшін ең маңыздысы және бүкіл әлем бойынша біздің ұжымда жұмыс жасайтындардың барлығын қорғау үшін біз барлық сақтық шараларын қабылдаймыз. COVID-19 вирусына шалдыққан адам қазіргі таңда ем алып жатыр», — делінген Warner Bros. мәлімдемесінде.
Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Сурет. Shutterstock.com, @ritawilson.