Көпшілікті таңғалдырғаны — Канн кинофестивалі 2026 әзірге ешбір даулы оқиғасыз өтіп жатыр. Сондықтан көрермен назары толықтай фильмдерге, көрсетілім қонақтарына және қызыл кілемдегі жұлдыздардың бірінен соң бірі ауысып жатқан сәнді образдарына ауды. Harper’s Bazaar Kazakhstan редакциясы фестивальдегі ең есте қаларлық образдарды іріктеп, бұған дейін көлеңкеде қалып келген haute couture топтамаларындағы аутфиттерге де назар салды.
Шэрон Стоун үшін арнайы образды Miss Sohee сән үйінің командасы әзірлеген. Бұл көйлекті біз алғаш рет Haute Couture 2026 көктем-жаз көрсетілімінде байқаған едік.
Қонақтар қатарында блогер Амина Рамазанова да бар. Ол қызыл кілемге қазақстандық MARIKO брендіне тиесілі тоқылған көйлекпен шықты. Аталған образ жақында Visa Fashion Week Almaty аясында таныстырылған болатын.
Дита фон Тиздің фестивальге келуі көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды. Дива қызыл кілем үшін Tamara Ralph брендінің магнолия гүлінің реңкін еске түсіретін романтикалық әрі әсерлі бюстьесін таңдаған.
Модель әрі Формула-1 ұшқышы Карлос Сайнстың сүйіктісі Ребекка Дональдсон Giorgio Armani ұсынған лаконикалық образбен көзге түсті. Ал оның образын Bvlgari әшекейлері мен римдік сән үйінің Ginkgo сөмкесі толықтырды.
Деми Мурға Канн кинофестивалі — 2026-ның ең стильді жұлдызы болу міндеті жүктелгендей. Актрисаның Gucci көйлегі жуырда Нью-Йоркте өткен брендтің круиздік шоуында ұсынылып, артынша бірден Лазурь жағалауына жол тартқан. Жұлдыз оны тар шалбармен үйлестіріп киді.
Дейзи Эдгар-Джонс көне грек құдайының образын жаңғыртуды жөн көрген. Бұл ретте оған Balenciaga көмектесті. Ал «Қалыпты адамдар» сериалының жұлдызына арналған зергерлік бұйымдарды Boucheron ұсынды.
Қытайлық модель Лю Вэнь LOEWE брендінің ерекше образын таңдады. Victoria’s Secret-тің «періштесі» бұл аутфитті Chopard Miracle Gala 2026 кешінде киген болатын.
Испаниялық актер Патрик Криадо папараццилер алдында Dior ұсынған талғампаз костюммен бой көрсетті. Қызыл кілемге арналған мінсіз әрі практикалық таңдау.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.