Кімде-кім бір рет болса да әсерлі «бұрын» және «кейін» видеоларын көргенде, массаж арқылы бетті өзгертуге, әжімдерді жоюға және теріге жаңа мүмкіндік сыйлауға бола ма деген ойға қалғаны анық. Алғашқы көзқарасқа, қарапайым қолдың қозғалыстары кереметтей көрінеді – бет сүйектерін айқындап, маңдайды тегістеп, тіпті мұрын-ерін қатпарларынан арылтады. Алайда шындық әрдайым ауыр.
Массаж – пластикалық ота емес, бірақ…
Егер сіз массажды тұрақты түрде жасатып, бет пішінін мінсіз етіп, қартаю белгілерінен толық арылуды көздесеңіз, ойыңызды қайта қарастырған жөн. Иә, массаждың пайдалы әсері мол – қан айналымын жақсартады, ісікті басады, бұлшық еттерді босаңсытып, теріге сау жарқырау сыйлайды. Бірақ бұл арқылы бет сүйектерінің құрылымын түбегейлі өзгерту немесе терең әжімдерді «өшіріп тастау» мүмкін емес.

Фото. Shutterstock.com. Автор. dekazigzag
Нені шын мәнінде өзгертуге болады?
Бет массажы жақ сүйегінің формасын өзгертпейді және мұрын-ерін қатпарларын толық жоя алмайды. Дегенмен, оның көптеген пайдасы бар:
• Теріні жандандырады – қан айналымының белсенділігін арттырады, нәтижесінде бет әлдеқайда сергек көрінеді.
• Ауырлықты жеңілдетеді – жиі қабағын шытып, тісті қысып жүретіндерге өте пайдалы.
• Ісікті азайтады – лимфодренаж массажы артық сұйықтықты шығарады.
• Бұлшық ет тонусын жақсартады – жүйелі техника арқылы бет контурын сәл көтеруге болады, бірақ бұл тек тұрақты күтім арқылы жүзеге асады.
Жас ерекшелігі: массажды қашан бастау керек?
Мамандардың пікірінше, бет массажын неғұрлым ерте бастасаңыз, теріні жақсы күйде сақтау мүмкіндігі соғұрлым жоғары. Егер 30-35 жаста қолға алсаңыз, дерма стимуляцияға жақсы жауап береді. 50-60 жаста да массаж пайдалы, бірақ бұл кезеңде терінің жалпы жағдайын жақсартуға ғана бағытталады.

Фото. Shutterstock.com. Автор. fast-stock
Тиімді массаждың басты ережелері
Массаж арқылы бетті сәл өзгертіп, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін бірнеше маңызды жайтты ескерген жөн. Біріншіден, қозғалыс бағыты дұрыс болу қажет: лимфодренаж үшін лимфа түйіндеріне қарай бағытталуы керек, ал бұлшық етті босаңсыту үшін – массаж бұлшық ет талшықтарының бойымен орындалуы тиіс. Бұған қоса, арнайы тиісті майлар мен кремдерді қолдану маңызды. Ең бастысы – тұрақтылық. Нәтиже тек үздіксіз жасалған жағдайда ғана көрінеді.
Сондай-ақ, жылдам нәтижені уәде ететін, бірақ шын мәнінде пайдасы жоқ түрлі техникалардан сақ болған абзал. Мысалы, бір аптаның ішінде екінші иек жойылады деп сендіретін бейнероликтер — өте қате түсінік.
Harper’s BAZAAR ұсынған мақаланың түпнұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock.com. Автор. Raushan_films