«Мұражайда емес, үйімде болады»: Баян Алагөзова 50 жыл бойы сақталған «Қыз Жібек» фильміндегі камзолды сатып алды
Фото. Instagram @bayanmaxatkyzy

«Мұражайда емес, үйімде болады»: Баян Алагөзова 50 жыл бойы сақталған «Қыз Жібек» фильміндегі камзолды сатып алды

Гүлдана Мұқан
16 апреля 2026

Баян Алагөзованың гардеробы ерекше әрі тарихи құндылығы зор жәдігермен толықты. Стиль мен заманауи сәнді әрдайым серік еткен танымал продюсер бұл жолы сәндік образ емес, ұлттық мәдениетпен біте қайнасқан айрықша мұраға ие болды. Мақсатқызы аңызға айналған «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешова киген түпнұсқа камзолды сатып алғанын сүйіншілеп жариялады. Айтуынша, бұл — оның гардеробындағы ең қымбат әрі ең қадірлі дүние болмақ.

Продюсер құнды жәдігер қолына тие салысымен, ерекше толқынысын жасыра алмай, оқырманынан видео арқылы бірден сүйінші сұрады. Баян Алагөзованың сөзінше, бұл киім — жай ғана сәндік бұйым емес, тұтас бір дәуірдің, қазақ киносының және ұлттық өнердің бөлшегі.

Өзінің әсерлі видеосында Баян Алагөзова тарихи камзолды өмірінің соңына дейін сақтайтынын айтты.

«Достарым, бәріңізге сәлем! Осындай түрім үшін кешірім сұраймын, дәл қазір мейкап үстіндемін. Бірақ мен шыдай алмадым. Маған жаңа ғана өмірімдегі ең қымбат дүниелердің бірі жеткізілді. Мүмкін, бұл менің гардеробымдағы ең бағалы зат болатын шығар. Бірақ бұл жай ғана киім емес. Мен оны өмірімнің соңына дейін сақтаймын. Өйткені бұл — Меруерт Өтекешова киген, «Қыз Жібек» фильміндегі нағыз камзол. Бұл фильмге биыл 50 жыл болды. Бұл — музейлік экспонат. Бірақ ол мұражайда емес, менің үйімде болады», — деді медиа тұлға.

Баян Алагөзова үшін бұл — ерекше символ

Медиа тұлғаның қуанышының жөні бар. Баян Алагөзова бұған дейін де «Қыз Жібек» фильмін өзінің ең сүйікті туындыларының бірі екенін бірнеше рет айтқан. Ал картинада басты рөлді сомдаған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, актриса Меруерт Өтекешова — продюсер үшін ерекше құрметке ие тұлға. Сондай-ақ, Баян ханым жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Қазақ Аруы» байқауының келесі маусымын дәл осы «Қыз Жібек» фильмі мен Меруерт Өтекешоваға арнамақ ниетін де жасырмады.

«Қыз Жібек» — қазақ киносының алтын қазынасы

Айта кетейік, «Қыз Жібек» көркем фильмі 1969–1970 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында режиссер Сұлтан-Ахмет Қожықовтың жетекшілігімен түсірілген. Бүгінде бұл туынды қазақ киносының алтын қорына енген, ұлттық кинематография тарихындағы ең көрнекті фильмдердің бірі саналады.

Картинадағы костюмдер мен декорацияларға әйгілі суретші Гүлфайрус Ысмайылова жауап берген. Ол фильмнің қоюшы-суретшісі, костюмдер бойынша суретшісі болды. Фильм үшін Гүлфайрус Ысмайылова 1500-ден астам эскиз әзірлеп, қазақ халқының тұрмысы, киім үлгілері, тұрмыстық бұйымдары мен жауынгерлік жабдықтарының көптеген бөлшегін көркем түрде қайта жаңғыртқан. Сол себепті бүгін Баян Алагөзованың қолына тиген камзол — тек кино костюмі емес, ұлттық мәдениет пен көркем мұраның құнды бөлшегі!


Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше