Бала кезіңіздегі айналыңыз сиқырға толы, ертегідей көрінетін таңғажайып әсерді еске түсіресіз бе? Мүмкін, сол сезімді сізге бір кездері Диснейленд сыйлаған болар. Мәселен ертегі сарайлары мен бас айналдырарлық аттракциондарымен. Ересектерге де мұндай эмоцияны қайта сезінуге болмайды деп кім айтты? Тек бұл жолы – фастфуд кезегінсіз, халық көп шоғырланған жерлерсіз. Егер стандартты қонақүйлер сізді жалықтырса, джунглидегі әйнекті көпіршікте түнеп көріңіз, пейзажбен бірігіп кеткен үйде ұйықтаңыз немесе аңызға айналған пойыздың купесінде ояныңыз. Біз сізге ұмытылмас демалысқа арналған ең фантастикалық орындарды ұсындық.
Таиландтағы «Көпіршік» қонақүйі
Таиландтың табиғаты қол тимеген, «Алтын Үшбұрыш» деп аталатын аймағында орналасқан Anantara қонақүйі ерекше формат ұсынады – мөлдір «джунгли көпіршіктері». Бұл – қалың тропикалық орманмен қоршалған капсулалар. Таңертең төсектен тұрмай-ақ пілдерді бақылауға болады. Түнде – жұлдызды аспан, табиғатпен толық үндестік және сізге ғана тиесілі әлемдей сезім.
Мексикадағы айнадай «Casa Etérea» үйі
Сан-Мигель-де-Альенде қаласына жақын жерде, көне жанартаудың етегінде орналасқан бұл үй – шынайы иллюзия сыйлайды. Оның айнамен қапталған қабырғалары айналадағы табиғатты толықтай бейнелейді, сондықтан үй табиғатпен үйлесіп тұрғандай көрінеді. Мұнда қаланың у-шуынан алыстап, мексикалық шеберлер жасаған үлкен мыс ваннада рахаттанып, кешкісін жұлдыздарға қарап отыру – нағыз демалыс.
Venice Simplon-Orient-Express

Бала кезде құпиялы пойызда саяхаттауды армандадыңыз ба (сәлем, «Хогвартс экспресс»!)? Ересектер үшін бұдан да сәнді нұсқа бар – аңызға айналған Venice Simplon-Orient-Express. 1920-30 жылдардағы винтаж вагондары, қою көк түсті сырты, талғаммен жасалған интерьері және Амстердамнан Австриядағы Инсбрукқа дейінгі қарлы Альпілер арқылы өтетін бағыты – әр адам бір рет болса да көруі тиіс ерекше тәжірибе.
Таиландтағы пойыз-қонақүй
Ретро пойыздың ішкі атмосферасын сезінгісі келетін, бірақ алысқа баруға уақыты жоқ меймандарға – InterContinental Khao Yai Resort таптырмас мүмкіндік ұсынады. Кхао Яй ұлттық паркі маңындағы бұл курортта ескі пойыз вагондарынан жасалған люкс бөлмелер бар. Олардың интерьерін атақты дизайнер Билл Бенсли әзірлеген: антикварлық элементтер мен уақыт ішінде саяхаттағандай әсер береді.
Лапландиядағы ағаш басындағы үйлер
Көпғасырлық ағаштардың арасында, бұтақтар үстінде түн өткізу қай жерде мүмкін? Швецияның Лапландиясындағы Treehotel қонақүйі сегіз бірегей ағаш үйін ұсынады. Әрқайсысы – архитектуралық өнер туындысы. Дәл осы жобаны әлемге әйгілі сәулетші Бьярке Ингельс жасаған. Бұл үй 350 құс ұясы тәрізді элементтермен безендірілген.
Мексикадағы тропикалық ертегі
Сан-Хосе-дель-Кабодағы Acre Resort-та сізді ерекше атмосфералы тұрғын үйлер күтіп тұр. Бұл – пальма тоғайының арасында орналасқан ағаш үстіндегі үйлер. Мұнда қаланың қарбаласынан алыстап, толық тыныштықта жалғыздықтың ләззатын сезінуге болады.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Shutterstock.com. Автор. fokke baarssen