Қазақы киім киюге – дәстүрлі қазақыға да, қазақы нақыштағыларға да, соның жекелеген элементтеріне де – жалпыхалықтық құлшыныс пайда болуы – осыдан он жыл бұрын ғана армандаған бетбұрысымыз еді.
Фото: КАРОЛЬ ГУСТАВ МАЛЕЦКИЙ KAROL GUSTAW MALECKI
Стиль: АЙНАГУЛЬ БЕККУЛОВА И АЛИХАН АЛЬМАГАНБЕТОВ AINAGUL BEKKULOVA 6amp; ALIKHAN ALMAGANBETOV
Мәтін: МАЛИКА АТЕЙ MALIKA ATHEY
Тоған мен бала кезімде, тоқсаныншы жылдары, әрі жасөспірім шағымда, екі мыңыншы жылдары, қазақ киімінің элементтерін тек қарт адамдар ғана киетін. Кестелі камзол киген әйелдерді, әдетте қошқармүйіз («қошқар мүйіз» оюы) бар, салмақты күміс сырғалар құлақтың сырғалығын да, тесігін де жылдар бойы салбыратып жіберген, екі қолына күміс білезік таққан (мен әрдайым жылтыр, жіңішке шекімеден гөрі сіркелеу зерлі білезіктерді ұнататынмын; кейін білдім, мұндай шекіме тек 1917 жылғы революциядан кейін пайда болып, экономикалық құлдыраудың салдары екен*) қарт ерлерді болса, шағын металл өрнегі бар барқыт тақиямен көру – дәл сол сияқты, қолдан тігілген құрақ көрпе үстіне отырып, аласа дөңгелек ағаш үстел басында олармен бірге отыру немесе үйлерде ойып жасалған сандықтарды кездестіру секілді, маған өте таныс әрі өзімсінетін жайт еді; бірақ қарттықпен тығыз байланысқандықтан, бұл заттар өткеннен келгеннен гөрі өткенге сіңіп бара жатқандай көрінетін. Ол кезде қазақы стильден тағы не көрдік? Қыздарға арналған воланды көйлектер, оның үстінен белге қона кететін барқыт камзол киілетін, бейнені сол түстес, ортасында құс қауырсыны бар шағын диаметрлі тақия толықтыратын. Бұл онша аутентті емес костюмдер сахнамен және Наурызбен ассоциацияланатын, бірақ өзге, қазақы емес мерекелерде балаларды онымен киіндірмейтін.
Қазір біз осы көйлектердің, сақталған фотоларға қарағанда, 19 ғасырдағы қазақ қыздарының киімінен қаншалықты өзгеше екенін түсінеміз, әрі көптеген мамандардың оларды – кеңестік дәуірдің эрзацы ретінде – құптамайтынын білемін. Өз мәдениетіміз туралы жаңсақ түсінікті әрі қарай ұстап жүруіміз, расында, дұрыс емес. Алайда бұл көйлектер талай тойда, талай картинада, соның ішінде біз үшін маңызды Гүлфайрус Ысмайылованың еңбектерінде де орын алды, сондықтан олар, негізінен, жағымды сезімдер тудырады және тарихи дәлдікке таласпай, бұрынғысынша сол театрлық рөлінде қала беруге құқылы.
Тәуелсіздік алғаннан бері біз үнемі қазақ орнаменттерін көріп келеміз: мысалы, жиекке арналған өрнек желі немесе сыңар желі түрлі безендіру түрлерінде; бізде әлдеқашан дәстүрлі қазақ киімінің мотивтерін қайта ұсынған дизайнерлер болды; небәрі бәріне қарамастан, бізде киіз, былғарымен және күміспен жұмыс істейтін шеберлер сақталып қалды, әрі біз мұның бәрімен қоршалғандай едік. Бірақ постколониялдық комплекс үйінділерінің астында қалып, әрі, айта кетсек, бұл терминнің өзі күнделікті қолданыста болмағандықтан, көпшілігіміз бұл стильді заманауи сән деп есептемедік. Ол барлық жерде бар еді де, сонымен бірге бөлек тұратын; ол санамыздың тереңінде болды да, мейнстримге енбеді. Он екіден елуге дейінгі (егер ол суретші не қолөнерші болмаса) адамның қазақы бірдеңе киіп, көңіл көтеруге шыққанын, тіпті одан әрмен, еш себепсіз күнде соны киіп жүретінін кездестіру қиындау еді. Орнамент шоколад қорабында немесе телерекламадың заставкасында бола алатын, бірақ оны жұмысқа не кешкі асқа кимейтін.
Бұл, сірә, бүгінгі сәндегі ең үлкен өзгерістердің бірі шығар: қандайды кию қалыпты саналады және нені қазіргі уақытта сәнқой жастар қызық деп табады (мен біздің зет ұрпағының «құндылығы» үлкендердің пікірінен маңызды дегім келмейді, жәй ғана сән, әдетте, жастардан бастау алады). Қазақтың зет ұрпағы да, миллениалдары да қазақы дүниені кигісі келеді әрі киіп жүр, содан соң екі сұрақ туындайды: біріншіден, неге, екіншіден, нені біз қазақы деп тануға дайынбыз. Әрине, ең әуелі және ең бастысы – ұлттық өзін-өзі айқындау, деколонизация және ұлттық жадыны қайтару туралы. Ресей империясы мен КСРО осы жады мен болмысты өшіруді мақсат тұтқанын неғұрлым жақсы түсінген сайын, өз мәдениетіңді қорғап, сақтап қалуға деген құлшыныс соғұрлым артады.
Отаршылар мен империалистер әрдайым жаулап алынған халықтардың ұлттық киімін кедейлік пен артта қалудың нышаны етіп көрсетті, ал оны батыл киюді – маскарадқа балады. Ал шын мәнінде ұлттық киім – ең қарапайым, практикалысынан бастап мәртебелі, мол әшекейленгеніне дейін – бұл сөздің бар мағынасында байлық, әрі өз халқыңның сәндік-қолданбалы мәдениетін неғұрлым көп таныған сайын, ол соғұрлым таңданыс тудырады. Сонымен қатар, антиимпериализм ғаламдық қозғалысқа айналмаса және бүкіл әлемдегі зет ұрпағы арасында макси-эстетика сәнде болмаса, жастар орнаменті бар киімді дәл осылай сеніммен киер ме еді – белгісіз. «Бежге-беж» стилінен шаршаған, масс-маркеттің тонна-тоннасы планетаның қоқыс полигандарына жөнелтілетіні туралы деректі фильмдерді көрген олар винтажды, қолдан жасалғанды, арнайы тапсырыспен тігілгенді, мұраға қалғанды, не артында жаны мен білімі бар шынайы суретші тұрған дизайнерлік бұйымды қалады. Осы тұста сөзсіз жоғарыда айтылған екінші сұрақ туады: жалпы қазақы деген не? Мен жиі «мүйіз» тектес бір орнаментті қолға түскен кез келген затқа жабыстырып қойған әр конъюнктуршілді қазақы стильдегі бренд деп санауға болмайды деген жазбаларды көремін. Нарықты жайлап кеткен мұндай жалқау дүниелердің пайдасы – сирек кездесетін нағыз білгірлер мен мамандардың осындай жазбаларға келіп, бұл заттарда не дұрыс еместігін, шын мәнінде қалай болуы керегін және көбірек білу үшін қандай дереккөздерге жүгінуге болатынын түсіндіріп беруінде. Канон үшін күресетін адамдарды көп жағдайда дәстүрлі дизайн элементтерінің еркін интерпретациясы да ашуландырады – олар не мақсатқа, не жасқа, не мәртебеге сай қолданылмайды, ал тарихи тұрғыда әрқайсысының айқын, бәріне түсінікті вербальсіз мағынасы болған. Мұнда заманауи «дұрыс емес» дизайн нақты қалай ұсынылғанын айыра білу маңызды: зиян келтіруі мүмкін, егер өзін канонның үлгісі сияқты көрсетіп, шын мәнінде ондай болмаса. Ал егер дизайнер өзіне шабыт берген дереккөздерді жақсы білсе де, мұның тарихи мотивтерден туындаған заманауи мода екенін – бірде түпнұсқаны дерлік қайталайтын, бірде одан едәуір алшақтайтын – анық білдірсе, олардың үлгілері мен стилизацияларына, меніңше, шексіз әртүрлі болуға толық құқық бар. Ондай дүниелер кейде мұраға жақынырақ, кейде тапқыр болады, олар таңданыс пен ризашылық тудырады. Мұндай киім тек фотогеник қана емес, тек ерекше жағдайға арналған эффект қана емес, оны шынымен күнде киюге болады.
Бір нәрсені қайта-қайта көшіру туралы айтсақ, мұнда екі қыры бар. Бір жағынан – қазақ пішіндері, стильдері, өрнектері мен техникасының қоры ең танымал әрі бірден танылатындармен ғана шектелмейді. Егер біздің сатып алушымыздың сұранысы консервативті болып қалса, дизайнерлер зерттеушілер жинаған архивтердегі сирегірек мотивтерді ортақ сананына енгізе алмайды.
Екінші жағынан, қаншалықты жаппай таралған болып көрінсе де, ең жиі ұшырасатын өрнектер – бұл бүкіл Қазақстанның бренді. Қазақстан ішінде бізге мұражайларға мұқият барып, тарихшыларды мұқият оқу пайдалы, сол арқылы қазақ туралы өз түсінігімізді кеңейту үшін. Бірақ мәдени апроприация алдында, кенеттен батыс брендінің затында арсыз ұрланған қазақ өрнегі бар жарнаманы көргенде, сен күтпеген жерден мынаны аңғарасың: өзіңдікін өзіңе бекіте аласың тек сол бір нәрсені қайта-қайта өндіру арқылы ғана, қазақтардың өзіне айқын бұл өрнектердің меншіктілігі өзгелердің бәріне де жақсы танылғанша. Мәселен, италиялық марка жай ғана, айталық, француздың флёр-де-лисін немесе ағылшынның Юнион Джегін пайдаланып, бұл олардың жеке дизайны деп айтуға батпайды, бірақ әзірге италиялық марка Орталық Азияның өрнектерін алып, өзінікі деп көрсетуге жол беріп жүр.
Мен бала күнімде, анам маған біздің ағамыз туралы айтатын: ол 60-жылдары Мәскеуде студент болып жүріп, қасарысып қазақ шапанын киіп жүрген. Бала күнімде мен оның ойының дербестігін, қазақылықты жасыруға мәжбүрлеген замандағы ерлігін, оның үстіне отарлаушының аумағында, түсінбейтінмін. Оның манифестінің қуатын ұқпадым, өйткені мен егемен Қазақстанда дүниеге келдім және, бала кезімде шапандар маған қаншама архайкалық көрінгенімен, санамда олар құрмет белгісімен, сыймен байланысқан еді. Күз түсе дос-жараным киетін шапандардың түр-түрі, бақытымызға орай, енді манифест болуға міндетті емес. Оларды мақтанышпен киеді, оларды жай ғана киеді.
МОДЕЛЬДЕР: АЛТАЙ ӘДЕМІ, ГҮЛЗИЯ ДАУЫРЖАНОВА @SILENCEMODELS, ЛАУРА МИРЗАҒАЛИ @TYPEMODELS; ВИЗАЖ: БОТА АХМЕТОВА; ШАШ: АЛИХАН НИЛЬДІБАЙ; ФОТОГРАФ КӨМЕКШІСІ: ADAM RUTKOWSKI; СТИЛИСТ КӨМЕКШІСІ: НҰРЗИЯ ҚОЖАМЖАРОВА; ПРОДЮСЕР: ДІНМҰХАММЕД КЕРІМОВ; ПРОДЮСЕР КӨМЕКШІСІ: РАМАЗАН ТЕМІРБАЕВ; ФОТОЗЕРТХАНА: NICE GUYS FILM LAB DARKROOM.