Қазақстандық шоу-бизнес тағы бір жұлдыз жұппен толықты! Танымал музыкант әрі продюсер M'Dee сүйіктісі, блогер Гүлсезім Хасенге сырға салып, ұзатып алды. Үш жылға созылған сезімге толы қарым-қатынас енді ресми түрде отбасы құруға ұласты. Бұған дейін Парижде романтикалық ұсыныс жасап, Эйфель мұнарасы алдында сүйіктісіне жүзік сыйлаған M’Dee бұл жолы қазақы дәстүрге сай құдалық той да жасаған.
Ғашықтардың алғашқы тойы жылы атмосферада, ең жақын жандардың ортасында өтті. Кеш ұлттық дәстүр мен заманауи стиль үйлескен ерекше форматымен көпшіліктің назарын аударды. Салтанатты кеште жас жұбайлар бақытты сәттерін өздерінің Instagram парақшаларында үзбей жариялап отырды.
Әсіресе, Гүлсезімнің қоңыр түсті қазақи нақыштағы ұлттық көйлекпен жасаған нәзік образы мен M’Dee-дің сәнді классикалық стилі әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түскен. Оқырман тарапынан тек оң пікір мен жылы лебіз жазылған-ды.
Айта кетейік, Париждегі романтикалық ұсыныс көпшіліктің жүрегін елжіреткен еді. Эйфель мұнарасы маңында ұйымдастырылған тосын сәтті музыкант алдын ала мұқият жоспарлаған. Ал Гүлсезім сүйіктісінің ұсынысына: «I said YES, of course» деп жауап берген болатын. Енді жанкүйерлер жұлдыз жұптың алдағы үйлену тойын асыға күтуде.