Кейбіреулер мокасиндерді жазғы аяқ киім емес деп ойлауы мүмкін. Бірақ біз бұнымен келіспейміз. Иә, ең ыстық күндері ашық үлгілерді таңдаған жөн. Бірақ қалған уақытта лоферлерді күнделікті де, кешкі де киімдермен оңай үйлестіруге болады. Қалай екенін көрсетеміз.
Қалалық денди
Іскер ханымдар жазда ыстықтан стильді түрде қорғанғысы келетіні анық. Жеңіл көйлекше мен ұзын шорты — тамаша тандем. Бұл образды минималистік лоферлермен және ұстамды аксессуарлармен толықтырсаңыз, өте сәнді көрінеді.
Жаңа кейіпкер
«Sex and the city» сериалының кейіпкерлері өкшелі туфлиден бас тартпағанымен, қазіргі заманауи әйелдер үшін жайлылық бірінші орында. Олар тіпті романтикалық көйлектерді де тегіс табанды аяқ киіммен және заманауи жұмысшы курткаларымен үйлестіріп киеді.
Раффия ханшайымы
Лофер мен раффиядан жасалған сөмке — кез келген жазғы образды жандандыратын дуэт. Трендтегі жилеткаларды миди белдемшелермен және түрлі-түсті моншақтармен үйлестіріп, өрілген аксессуарлармен жазғы көңіл күйді ерекше көрсетіңіз.
Алекса Чанг стилінде
Британдық сән иконасы Алекса Чанг жазға арналған эклектикалық образды оңай құрастыра алар еді. Сексуалды топ пен жібек белдемше замша мокасиндермен, ерекше алқамен және зебралы сөмкемен үйлескенде — әдеттен тыс әрі сәнді көрінеді.
Modus Operandi
Prada брендінің интеллектуалды әрі қарама-қайшы топтамалары бүкіл әлем сәнқойларына ықпал етіп келеді. Әйел мен ер адам стилін біріктіру жиі кездесетін үрдіске айналды. Романтикалық көйлектердің нәзіктігі клог пен батыл аксессуарлар арқылы «балансқа» түсіп, образ өзгеше сипат алады.
Француз сәні
2025 жылы капри шалбарлары карго мен кең джинсы танымалдықта басып озды. Олар француз стилінде: жеңіл кардигандармен, лоферлермен және үлкен сөмкемен жақсы үйлеседі. Бас киімге ашық түсті шәйі орамал байлап, образға француз әсемдігін енгізуді ұмытпаңыз.
Harper's BAZAAR ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Пресс-офисы марок.