Қазақ халқы — тамыры терең, тарихы бай, дәстүрі ерекше халық. Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келген салт-дәстүрлер – ұлттың рухани қазынасы, тәрбиенің қайнар көзі. Алайда, бүгінгі күнде көптеген салт-дәстүрлер ұмыт болып, тек кітаптар мен зерттеулерде ғана сақталып қалуда. Солардың ішінде «Тілашар», «Ат тергеу», «Иткөйлек» секілді дәстүрлер бар.
Тілашар – баланың алғаш мектепке бару құрметіне өткізілетін той

Фото. Shutterstock. Автор. Vladimir Tretyakov
Тілашар – қазақ қоғамында баланың білім жолына түскен сәті, яғни мектеп табалдырығын алғаш аттаған күніне арнап өткізілетін мерекелік дәстүр. Бұл күні ата-аналар балаға арнайы киім (оқушы формасы), оқу құралдарын алып, ауыл-аймақты шақырып, кішігірім той жасайтын болған. Бата берген ақсақалдар «Тіліңмен білім үйрен, көзіңмен көріп, ақылды бол» деп тілек айтып, балаға ізгі ниетпен сәттілік тілеген.
Ат тергеу – үлкенге деген құрметтің көрінісі

Фото. Shutterstock. Автор. berdikabuloff
Қазақта келіндер қайын жұртын өз атымен атамай, арнайы құрметті атаулармен атаған. Мысалы, Қасым атты қайын ағаны – «Ақ сары аға», Айсұлуды – «Шырайлым», Қалипаны – «Қара кемпір» деп атаған. Бұл — ат тергеу дәстүрі. Келіннің қайын жұртына деген ілтипаты, сыпайылығы осы дәстүр арқылы көрініс тапқан. Бүгінгі таңда қалада тұратын жастардың арасында бұл дәстүрдің мән-маңызы ескерілмейді. Қарым-қатынас ресми, әрі бейресми түрде өзгерді, тікелей атпен атау үйреншікті үрдіске айналды.
Иткөйлек – баланың өміріндегі алғашқы киіміне қатысты ырым

Фото. Shutterstock. Автор. Gaukhar Yerk
Жаңа туған нәрестеге тігілген алғашқы көйлек – ит көйлек. Бұл киім баланың алғаш киіп, кейін шешкен киімі болғандықтан ерекше мәнге ие. Иткөйлек сәбиге алғаш рет кигізіліп, кейін шешілген соң иттің мойнына байланып, ауылды айналдырып жібереді. Бұл – баланың өмірі ұзақ, жолы ашық болсын деген сеніммен жасалатын ырым. Қазіргі заманда мұндай ырым-тыйымдар сирек орындалады. Бұрынғыдай ауыл ортасында ашық орындар жоқ, әрі көпшілік ырымды сақтамайды, кейбіреулер оны орынсыз, түсініксіз деп санайды.
Бұл дәстүрлер неліктен маңызды?
Бұл салт-дәстүрлер – қазақ халқының дүниетанымы мен өмір сүру салтының көрінісі. Әрқайсысының астарында терең мағына, тәрбиелік мән жатыр. Балаға қамқорлық, үлкенге құрмет, өмірдің әр сәтін қуанышпен атап өту – барлығы да ұлттың ұлылығын көрсететін элементтер. Ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді жаңғырту – ұлттық рухты көтеру, ұрпаққа өткеннің өнегесін ұсыну. Қоғам өзгерсе де, салт-дәстүрдің құндылығы өзгермеуі тиіс. Ұрпақ тәрбиесінде салт-дәстүрлерді қолдану — халқымыздың болмысын сақтаудың, рухани сана-сезімді арттырудың бір жолы. «Жаңғыру — өткенге оралу емес, болашаққа бағытталған сабақтастық» десек, ұмытылған дәстүрлерді еске түсіріп, оларды жаңаша сипатта ұрпақ тәрбиесіне енгізу керек деген түсінік бар. Бірақ таңдау әркез, әрқашан болған және бола береді.
Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. Vladimir Tretyakov