Әйгілі рэпер Snoop Dogg-пен АҚШ-та концерт берген «КешYou» тобы хейттің астында қалды. Көпшілікке әсіресе қыздардың сахналық образдары көңілдерінен шықпаған. Ал өнерпаздардың имиджіне жауапты – дизайнер Аида Кәуменова.

Желі қолданушыларының кереғар пікіріне топ продюсері Баян Мақсатқызы жауап берді. Алагөзова инстаграм парақшасына пост жариялап, фолловерлерге өзінің ойын жеткізді:

«Маған мына жерде көп адам қазақы ою-өрнек үшін ұрсып жатыр. Жарайды, онда жамбаспен көрпеге отырып, оюды аяқпен басуды қойыңыздар! Ою бейнеленген кілемді төсемеңіздер! Орынсыз жерде әулие бола қалғанды доғарыңыздаршы! Біз мұны әлемді мәдениетімізбен таныстыру үшін жасадық және бұл іс қолымыздан келді. Сіздер орынсыз сынап, хейт жазып бізді алға жетелейсіздер! Одан басқа қолдарыңнан түк келмейді», – деп продюсер өзінің ренішін білдірді.

Десе де хейт Баян Мақсатқызының сағын сындырмайды. Өнер иесі жаман пікір жазған оқырманға айтары бар:

«Шоу-бизнестің қазанында қайнап жүргеніме – 30 жыл толды. Отыз жылдан бері маған хейт жазады. Кімдердің не жазатыны маған жақсы таныс. Бүгінде олар менің еңбегім мен жұмысымды жоққа шығарғылары келеді. Достар мен дұшпандар, мен ешқашан ешкімнің сөзіне ерген емеспін. Жан дүнием нені қаласа, соны жасадым. Хейт есту, оны көтеру – қиын. Бірақ әрқашан мен алға жылжып, сүйікті ісіммен айналыстым. Нәтижелі еңбек ететініме сендім. Қазір мен өз армандарым мен тілектерімнің басқа деңгейінде жүрмін. Дүниежүзі Қазақстанмен ғана шектелмейді. Оның мың бояулы екенін бәріміз білеміз. Менің тілегім – шығармашылығымыз еліміздің шекарасынан асып кетсе, қыздарымыз, өнеріміз шекарамыздан тыс жерде таңғалдыру. Ол үшін алдымен өзіңіздің шекараңызды кеңейтуіңіз керек. Ешқашан ештеңеден қорыққан емеспін, бұдан әрі қарай да қадам баса беремін. Маған ақыл айта беріңіздер, бірақ бәрібір мен өз қалауыммен жүремін. Ешқашан өткенмен өмір сүрмеймін. Бұл сөзім көп адамға ұнамайды, сондықтан мені де ұнатпайды. Ал маған ол сенімділік пен күш береді».


Автор. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Instagram @keshyou_official

Поделиться: