Грек аралдары – саяхатшылар үшін нағыз қазына. Олар таңғажайып табиғатты, бай тарихты және қайта-қайта оралғың келетін ерекше атмосфераны ұсынады. Алайда Санторини мен Миконос секілді әйгілі орындар туристердің шектен тыс көптігінен зардап шегуде. Сондықтан біз сізге бес аса танымал емес, бірақ көрікті аралдарды ұсынамыз. Мұнда сіз тыныштық пен грек елінің вайбын сезіне аласыз.
Сифнос

ФОТО. COURTESY OF VERINA ASTRA.
Арал кең танымал болмаса да, біртіндеп өзіне туристерді тарта бастады. Дәл осы жерде грек аспаздығының символы, аңызға айналған аспаз Николаос Целементес дүниеге келген. Сифнос тек гастрономиясымен ғана емес, сонымен қатар сәулет өнерінің әсемдігімен де танымал. Кастро қалашығының тар көшелері серуендеуге өте ыңғайлы.
Қайда тұрақтауға болады?
Verina Astra бутик қонақ үйі – шынайы атмосфера, панорамалық көріністер және әйгілі Bostani мейрамханасы. Ал эстетиканы бағалайтындар үшін шеф-аспаз Афинагор Костакостың жаңа Nos қонақ үйі жарайды.
Сирос

ФОТО. COURTESY OF THE ARTISIDE HOTEL.
Киклад архипелагындағы бұл арал өзгелерінен ерекше. Мұнда сізді дәстүрлі ақ үйлердің орнына неоклассикалық стильдегі зәулім виллалар мен мәрмәр тас төселген көшелер күтіп тұр. Аралдағы Эрмуполис қаласы – мәдени және гастрономиялық орталық. Бұл жерден міндетті түрде теңіз өнімдерінен тағамдар мен дәмді коктейльдердің дәмін татыңыз.
Қайда тұрақтауға болады?
Aristide бутик қонақ үйі – XIX ғасырдағы сәнді зәулім сарайда орналасқан. Мұнда сән-салтанат пен өнер өзінше үндескен: бассейнді бөлмелер, жайлы ішкі ауладағы мейрамхана және керемет күн батуының көрінісі.
Кеа (Тзия)

Фото. Instagram @ookeaisland
Афиналарға ең жақын аралдардың бірі – Кеа таулы табиғатымен және әсем жағажайларымен танымал. Арал афиналықтардың арасында ерекше сұранысқа ие. Ал Иулида қаласы шағын Парижді еске түсіретін өзіндік сәулет стилімен тартымды.
Қайда тұрақтауға болады?
One&Only Kea Island – көздің жауын алатын жеке виллалары мен жеке бассейндері бар сәнді шипажай. Мұнда толық релаксация үшін ерекше спа-процедураларды пайдалана аласыз.
Андипарос

Фото. Instagram @therooster.antiparos
Парос аралының кіші «інісі» Андипарос – дәстүрлі ауыл өмірі мен оның минималды инфрақұрылымын сақтап қалған. Бұл жерде халық аз, жағажайлар бос, есесіне суы – мөлдір. Арал шағын портпен, дүкендермен және дәмді ішімдіктерімен танымал. Сонымен қатар, кайтсерфинг үшін де таптырмас орын.
Қайда тұрақтауға болады?
The Rooster экологиялық қонақ үйі табиғатпен үйлесімділікте болуды ұсынады. Кең тұрғынжай, аюрведалық спа және фермерлік өнімдерден дайындалған тағамдар ұсынылатын мейрамхана - босаңсыған демалысқа арналған тамаша мекен.
Фолегандрос

Фото. Instagram @gundari_resort
Бұл аралда өмір баяу, сабырлы ағыспен өтеді. Басты көрнекілігі Хора қалашығы – жай серуендеп, таза ауада кешкі ас ішуге әдемі орын. Міндетті түрде аралдың жергілікті тағамы – матсата пастасынан дәм татып көріңіз.
Қайда тұрақтауға болады?
Gundari – жартаста орналасқан жаңа люкс-виллалар қонақ үйі. Мұнда бассейндер, органикалық ферма, мишлен жұлдызын иеленген аспаздың мейрамханасы және әртүрлі белсенді демалыс түрлері – дайвингтен бастап йогаға дейін бар.
Harper’s BAZAAR UK ұсынған мақаланың түпнұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock.com. Автор. Feel good studio