Үйден жұмыс жасау – әрбір екінші кеңсе қызметкерінің арманы. Рақат емес пе? Таңертең ерте тұрып, боянып-сыланудың, одан қалды бірнеше сағат көлік кептелісінде тұрудың қажеті жоқ.

Уақытыңды өз бетіңмен реттеп, үзілісте толыққанды түскі ас әзірлеп, оған қоса шаруаларды атқарып тастауға болады. Алайда шын мәнісінде барлығы біз ойлағандай ма?

Коронавирустық инфекцияның таралу қаупіне байланысты BAZAAR Kazakhstan редакциясы да онлайн режимге көшіп, енді біз де қашықтықтан жұмыс жасаймыз. Алайда үй жағдайында отырып, мақала жазу мүмкін емес екенін түсінгенде, қуаныш су сепкендей басылды. Оған алаңдататын факторлар себеп. Мәселен, өзіне назар аудартпақ болып, мысығыңыз ноутбукке отырып алуы мүмкін. Таныс жағдай ма? Енді кеңсеге барып, өзіңнің сүйікті жұмыс орныңда қамсыз жұмыс жасау арман болып қалды. Абырой болғанда, үйде мысықтан басқа ешкім жоқ еді. Әйтпесе, жұмыс басталмайтын түрі бар.

Үйден жұмыс жасау оңай ма?

Мысығым алдымда пысылдап ұйықтап жатқанда, үйде жұмысты дәл кеңседегідей етіп ұйымдастыру туралы мақала жазып тастауға мүмкіндік туды.

«Өзіңізге ұнайтын жұмыс тауып алсаңыз, бір де бір күн жұмыс жасамайсыз» деген сөз есіңізде ме? Дегенмен, өз ісіңізді қаншалықты сүйсеңіз де, әр жұмыстың өз қиыншылығы болатыны рас. Мұндай сәттерде үйден жұмыс жасау күнделікті бірсарынды жұмыс күніңізді қызықтырақ етері анық. Тіпті еңбегіңіз өнімді болып, бос уақытыңыз көбеюі мүмкін. Тек төмендегі қағидаларды ұстаныңыз.

Әдеттегі режимді ұстаныңыз

Егер жұмыс күніңіз таңғы 10-да басталатын болса, үйде де жұмысты дәл осы уақытта бастау қажет. Тәртіпсіз ісіңіз оңға баспайды. 10-да бастау керек болса, бір сәт кешікпестен, 10-да бастаңыз. Демек күнделікті таңғы шаруаларыңызды бітіріп, тіпті төсектен тұру үшін кемінде жарты сағат бұрын ояну қажет. Төсекте жатып, ноутбукпен жұмыс жасау – жақсы идея емес.

Жұмыс орнын ұйымдастырыңыз

Үйдің ішінен кеңсеңізге айналатын орынды бөліңіз. Бұл не үшін қажет дейсіз бе? Себебі көпшілік кез келген жерде жұмысқа құлшына кірісе алмайды. Әлдекім ноутбукты қосып, сыртқы әлемді сол сәтте ұмытып кетуі мүмкін. Ал әлдекім басқаларға қарағанда өз-өзін ұзағырақ жинақтайды.

Үйден жұмыс жасау оңай ма?

3

Әріптестермен тілдесіңіз

Әріптестеріңізбен байланысты үзбеңіз. Бір кабинетте отырғандай болыңыз. Онлайн режимдегі жұмысты жолға қойып, Желінің үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз етіңіз, құжаттарға уақытылы өзгерістер енгізіп, бұл жөнінде басқа қызметкерлерді хабардар етіп отырыңыз. Ең жақсысы – барлығы қолдана алатын файл алмасатын құрал жасау.

Жұмыс чатында әзілдеуден қорықпаңыз, кеңседе отырғанда күні бойы үнсіз отырмайсыз ғой.

Үйден жұмыс жасау оңай ма?

Коммуникацияны бұрынғы қалпында сақтау маңызды. Күнделікті сағат 17:00-де сіздер «бестің шайына» жиналып, идеяларды ортаға тастайсыздар ма? Мұны сіз бүгін де жасай аласыз. Жоғары технологиялар мен смартфондағы қарапайым қосымшалар сізге көмекке келеді.

4

Жұмыс кестеңізді қиындатпаңыз

Өз тайм-жоспарыңызға сөредегі кітапты жинау, кешкі асты әзірлеу, барлық туыстарға хабарласып шығу сияқты қосымша шаруаларды қоспаңыз. Одан да барлық жоспарлаған істі уақытынан бұрын тәмамдап, бос уақытыңызда қалаған ісіңізбен айналысыңыз.

5

Түскі үзіліске шығыңыз

13:00-14:00 аралығында сіз әдеттегідей түстене аласыз. Айтқандай, үзілісті міндетті түрде жасау керек. Демалып, сергіп, іске қайта кірісуге дайын боласыз. Сонымен қатар, жұмысты белгіленген уақытта аяқтау маңызды. Жұмыс уақыты мен жеке уақыттың аражігін ажырату керек. Әйтпесе, жұмыстың басы мен соңын таба алмай, нәтижесінде еңбегіңіз ешбір қуаныш сыйламауы мүмкін.

6

Әдетте кеңседе киетін киімді киіңіз

Жай, көзбояушылық үшін емес.

Біріншіден, бұл сіздің санаңызға жұмысқа қарай беттеуге көмектеседі. Ұйықтайтын киіммен жұмыс аса нәтижелі бола қоймас.

Екіншіден, үйдегілер сіздің жұмыспен шындап айналысып отырғаныңызды көріп, есікті ашып көріп, сізді алаңдатпау керектігін түсіне қояды.

Үйден жұмыс жасау оңай ма?

Және соңғысы

7

Өз нәтижелеріңізбен бөлісіңіз

Басшыңыз сіздің жұмыс нәтижеңізді алыста отырып, бағалай алмайды. Сондықтан, чатта жасап отқан жұмысыңыз жөнінде жазыңыз немесе күнделікті есеп толтырыңыз. Осылайша, сіз үйден жұмыс жасау сіздің қабілетіңізді кемітпейтінін көрсетесіз және басшылықтың алдында биіктей түсесіз.


Камшат Ержанова х Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Аударма. Гульнур Жаксылыкова. Сурет. Instagram, Pexels.com.

Поделиться: