Көктемнің соңғы айы киносүйер қауым үшін ерекше тосын сыйларға толы болмақ. Мамырда отандық кинотеатрларда комедиядан бастап отбасылық хикая мен шытырман оқиғалы туындыларға дейін түрлі жанрдағы жаңа қазақстандық фильмдер көрерменге жол тартады. Әзіл мен эмоцияға, қызық оқиғалар мен әсерлі сәттерге толы премьералар мамыр айының киноафишасын қыздыра түспек.
Қай фильмді көруге үлгеру керек? Harper’s BAZAAR Kazakhstan назарларыңызға мамыр айында жарық көретін отандық туындылар тізімін ұсынады.
«Хоть бы кинода 4» — 7 мамыр
Көрермен сүйіспеншілігі мен сұранысына ие болған комедиялық франшиза төртінші бөліммен үлкен экранға қайта оралады. Алдыңғы фильмдердегі көңілді атмосфера мен күтпеген оқиғалар бұл жолы да жалғасын таппақ. Жоба жанкүйерлерін жаңа шытырман, өткір әзіл және сүйікті кейіпкерлердің қызықты оқиғалары күтіп тұр. Ал 2026 жылғы киногерлер тоқталған аялдама - Вьетнам.
«Mangyshlaq express. Пойыздағы паника» — 14 мамыр
Атауынан-ақ адреналин мен юморға толы оқиға күтіп тұрғанын аңғаруға болады. Бір ғана локация, яғни пойыз ішінде өрбитін күтпеген жағдайлар, түрлі мінездегі жолаушылар және қарбаласқа толы атмосфера көрерменді экраннан бір сәтке де алыстатпайды. Комедия мен шытырманды қатар ұнататындар үшін таптырмас таңдау.
«Бабай» — 21 мамыр
Мамыр айының ең жұмбақ премьераларының бірі — «Бабай». Фильм атауының өзі кішкентай көрермен қызығушылығын оятады. Туынданың атмосферасы ұлттық колорит пен қазіргі кинематографияны ұштастырып, ерекше әсер сыйламақ. Эмоция мен терең мағына іздейтін киномандар үшін қызықты жоба болары анық.
«Папасының қызы» — 28 мамыр
Ай соңын жылы әрі әсерлі отбасылық картина қорытындылайды. Әке мен қыз арасындағы байланыс, отбасы құндылығы және өмірдегі маңызды сезімдер бұл фильмнің негізгі өзегіне айналған. Жеңіл юмор мен жүрекке жылы атмосфера іздейтіндер үшін уақытты әсерлі өткізудің себебі.
Мамыр айындағы отандық премьералар әр көрерменнің көңілінен шығатындай әртүрлі жанрды қамтиды. Сондықтан жақындарыңызды ертіп, кинотеатрға баруға себеп жеткілікті.