Ағылшын тілінен аударғанда «сүйікті іс» деген мағынаны беретін хобби адамның жан тыныштығының кепілі. Көңілге қуаныш сыйлап шабыттандыратын кез-келген қызығушылық. Ол әр адамда әртүрлі болады. Мысалы, бос уақытын пайдалы, жаңа ақпараттармен танысу арқылы өткізетіндер де бар. Олар көбіне кітап оқиды, подкаст тыңдайды, деректі фильм көреді. Яғни, барынша уақытын тиімді әрі өз қызығушылығына арнайды. Ал енді кейбірі толығымен релаксацияға бөлену керек деп санайды. Ішкі күйді ретке келтіріп, мазалап жүрген ойлардан арылып, медитацияға көңіл бөліп, бос уақыттарын өздеріне бөледі. Нақтырақ айтсақ өз сезімдерін түсінуге, миды артық ойлардан тазалау үшін.
Хобби – сенің жан дүниеңмен үндесетін, шынайы «меніңді» көрсететін айна

Фото. Shutterstock. Автор. oneinchpunch
Бүгінде «хоббиің қандай?» деген сұрақ жиі қойылып жатады. Жаңадан танысқан орта болсын, бұрыннан араласып келе жатқан жақындардың арасында болсын. Жастардың ішінде бір-бірін жақсы тану үшін қойылатын танымал сауалдардың бірі. Мұнысы жөн, себебі адамның жеке қызығушылықтарын білу арқылы онымен айтатын әңгіме де, талқылайтын тақырыптар да көбейе түседі. Өмірге деген көзқарастарының сәйкес не келмейтінін анықтау үшін бұл бір жақсы тәсіл.
Хобби - өзіңді танудың бір жолы

Фото. Shutterstock. Автор. l i g h t p o e t
Дей тұрғанмен адамның барлығы толыққанды қалыптасқан тұлға емес. Өзіне не керегін білмейтін, жан қалауын, көңілінің көкжиегі не талап етіп тұрғанын білмейтіндер көп. Мұндай жандарды қоғамнан тыс қалдырып шектеуге болмайды. Себебі, әркімнің ойлау деңгейі, өз кескін шеңбері бар. Бірі кішкентайынан-ақ әуес болып әнге не биге құмартып өссе, енді бірі орда бұзар жасында өз қалауын, хобииін тауып жатады. Бұл сөгіп мазақ ететін жағдай емес, қалыпты дүние болу керек.
Осы тұста біз өз хобииін іздеп жүрген жандарға бірнеше кеңестер ұсынамыз:
Әуелі балалықты еске түсіріңіз. Кішкентай кезде немен айналысқан сәтте уақытты ұмытып кететін едіңіз. Мүмкін ол сурет салу, немесе ән айту, әлде билеу. Көп жағдайда шынайы қызығушылық балалық шақта қалыптасады.

Фото. Shutterstock. Автор. New Africa
Түрлі дүниені байқап көріңіз. Әттеген-ай іште қалып қоймас үшін қолыңыздан келіп тұрғанда бос уақытыңызды әртүрлі нарсеге жұмсап көріңіз. Таспаға бейне тартып не подкаст түсіру. Атқан мініп табиғатпен тілдесу. Үйде, өмірдің баяу сарынымен гүлдерге күтім жасап, өсіру. Тәтті бәліш не дәмді тағам дайындау. Ерте тұрып жүгіріп, спортпен шұғылдану секілді істермен айналысып көріңіз. Хобби бірден табыла салмайды. Бірнеше нарсені байқап көру қалыпты жағдай. Ұнамаған іс болса өзіңізді жазғырмаңыз. Уақытыңыз текке күйіп кеткен жоқ, есесіне келесі жолы оның сізге ұнамайтындығын, зеріктіріп жіберетінін біліп жүресіз.
Өзіңізбен сөйлесу. «Неге көңілім жиі ауады?» деген сауалды өзіңізге қойып көріңіз. Әлеуметтік желілерде қандай видеоларды көп көресіз, қандай тақырыптар сізді толғандырады немесе ұнайды. Мұның бәрі ішкі қызығушылықтың белгісі. Сондықтан тыңдаңыз және талдаңыз.
Жарысу емес, рақат алу маңызды. Хобби кәсіби нәтиже бермесе де, саған қуаныш сыйлауы керек. Өзгемен салыстыру емес, өзіңе ұнауы - басты критерий.
Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. denise1203