2026 жылдың парфюмериялық трендтері бізге талай тосын дүниені дайындап қойыпты. Шлейфті иістерді ұнататындар үшін бір жақсы жаңалық: Harper’s BAZAAR Kazakhstan шолуында таптаурын үрдістер жоқ. Парфюмерлер шырындылыққа, гурмандық ноталарға және тосын үйлесімдерге бәс тігуде. Қандай композициялар сізді даралап, болмысыңыздың жаңа қырларын ашуға көмектесетінін айтып береміз.
Гурмандық аккордтар
Гурмандық шлейфтер қазір ешкімді таңғалдыра қоймайды. Бірақ бүгінде брендтер ерекше атмосфера қалыптаратын жайлы иістерге екпін беріп отыр. Картоп, тәтті жүгері, вулкандық карамель, ұн, май және печеньеге арналған шикі қамыр — жылдың ең танымал әрі, мойындау керек, ең тосын ингредиенттері.
Мускуссыз — ешқайда
Мускус әрдайым сансыз парфюмнің бөлігі болған, бірақ қазір оған пьедесталда жеке орын берілуде. Сезімтал да нәзік аккорд әрдайым өзгешені іздейтіндерге лайық. Айтпақшы, оның барқытты ноталары сандал ағашы, матча мен кофе секілді өзге ингредиенттермен тамаша үйлесіп, оларды сәл түрлендіріп жібереді.
Былғарының лебі
Парфюмерлер былғарыны ерекше жақсы көреді. Әдетте мұндай ноталар ерлер шлейфтерінде жиі кездесетін, ал бүгінде бұл компонент унисекс санатына ауысып барады. Бұл аккорд композицияларға әсемдік, даралық, сенімділік пен мінез үстейді. Гүлдермен әрі әйелдік реңктермен ұштасқанда былғары мүлде өзге қырынан ашылып, иіске айрықша көңіл күй сыйлайды.
Бар гәп — тонка бұршақтарында
Тонка бұршақтары көбіне екінші планда қалып, жаңғақты, топырақты және кілегейлі текстураларды әрлеп тұрады. Бірақ қазір олар ақыры композициялардың өзегіне жайғасып, «басты кейіпкер» дәуірін бастады. Осылайша денені жылытып, зауқыңды ашатын, терең парфюмдер пайда болады, олар ерекше вайб қалыптастырады.
Тыйым салынған жемістің дәмі тәтті
Соңғы бірнеше жылда трендтер жемісті ноталарға қайта-қайта оралып жүр. 2026 жылдың парфюмериялық трендтері де бізді баққа шақырады. Дәл айтсақ — құрамында алхорысы бар композицияларды жағуға. Айқын реңктері бар, жағымды кермектік пен тәттілікке толы шлейфтер жеңілдікті де, меланхолияны да сүйетін арулардың жүрегін де, ойын да баурайды.
Раушан күлтелерімен
Раушан — иістер үшін ең таптаурын ингредиент сияқты көрінуі мүмкін, бірақ бұл — стереотип. Парфюмерлер бұл гүлдің әлеуетін жыл сайын жаңаша ашады. Өзге аккордтармен астасқанда ол өткеннің сәттерін «сездіреді», сондай-ақ романтика, жастық пен көктемгі көңіл күйдің әуезін де айқындай түседі.
Harper's BAZAAR материалдың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Брендтердің баспасөз қызметі.