Адам – әлеуметтік жаратылыс. Бір-бірімізбен араласу бізге ұнайтындықтан ғана емес, бұл – психикалық денсаулығымызды сақтау үшін өмірлік маңызды қажеттілік. Ғалымдар жалғыздықты күніне 15 темекі шегумен тең дәрежеде зиянды деп санайды. Әсіресе, коронавирус пандемиясы мен оқшаулану жалғыз қалған адамдардың санын арттырып, жаһандық эпидемияға айналып кетуі мүмкін екенін ескерсек, алаңдатарлық жағдай.
Жалғыздықтан туындайтын физикалық белгілер, олар өзіңізге не жақындарыңызға көмек қажет екенін анықтауға көмектесуі мүмкін. Себебі жалғыздықты бірден тану қиын – бұл жай ғана жалғыз жүру емес. Көбіне мұндай сезім кезінде ұят пен қорқыныш қатар жүреді. Адамдар жалғыз екенін мойындауға қорқады, сол себепті көмек сұраудан жасқанады.
Мұрын бітуі, тұмау және суық тию белгілері
Егер сіз жиі суық тиіп қалатын болсаңыз, мұның себебі жалғыздықта болуы мүмкін. Аризона университетінің коммуникация профессоры Кори Флойдтың айтуынша: «Біз өзімізді жалғыз сезінгенде, қоғаммен байланысымыз азайғанда, қорғансыз боламыз». Бұл жағдай иммундық жүйенің әлсіреуіне себеп болып, ағзаны ауруларға бейім етеді.
Ұзаққа созылған аурулар
Денсаулығы жақсы адам тұмауды бірнеше күнде жеңіп шыға алады. Алайда жалғыздықты бастан кешіріп жүрген адам қайта-қайта және ұзақ уақыт ауырып жүруі мүмкін. Нью-Йорктік терапевт Бабита Спинелли: «Кей адамдар өзін үнемі сырқат сезінеді немесе күйзеліске түсіп жүреді, бірақ мұны жалғыздықпен байланыстырмайды», – дейді. «Олар тек физикалық ауру деп ойлайды, ал шын мәнінде бұл – эмоциялық деңгейдегі күйзелістің көрінісі».
Ұйқының бұзылуы
Жалғыздық көбіне депрессиямен қатар жүріп, ұйқысыздық не шамадан тыс ұйқышылдық сияқты ортақ белгілерге ие болуы мүмкін.
Бас ауруы
Бас ауруы да жалғыздық пен депрессияның белгісі бола алады. Екі жағдайдың басты айырмашылығы – депрессия психикалық ауру, ал жалғыздық – уақытша эмоциялық жағдай.
Тұрақты ашушаңдық
Қоғамнан оқшаулану тек эмоциялық емес, физикалық денсаулыққа да зиян. Адам ағзасы инстинктивті түрде аман қалу үшін белгі береді. Психология және нейробиология профессоры Джулианна Холт-Лунстад: «Жалғыздықты аштық немесе шөл сияқты бейімделгіш реакция деп қарастырсақ, ол бізді әлеуметтік байланыс іздеуге итермелейді», – дейді.
Салмақ қосу
Мамандардың пікірінше, жалғыздық гормондық өзгерістерге себеп болып, артық салмақтың жиналуына әкелуі мүмкін.
Әлеуметтік желіге тәуелділік
Бұл нақты физикалық белгі болмаса да, әлеуметтік желілерді үнемі қарап отыру, виртуалды қарым-қатынасты шынайы араласудың орнын басатын құрал ретінде қолдану – жалғыздықтың көрінісі.
Алайда FaceTime мен Skype сияқты қосымшалар жалғыздықтан туындайтын белгілерді жеңілдетуге көмектесіп, адамды жайлы сезіндіреді (әсіресе карантин жағдайында). Өйткені өзгелермен қарым-қатынас психикалық денсаулықты жақсартып, күйзелісті азайтуға ықпал етеді.
Автор. Адель Бектасова х Harper's BAZAAR Kazakhstan. Аударған. Гүлдана Мұқан. Фото. Pexels.com