Әлем мойындаған қазақ блогері: Дастан Мұхамедрахым Канн қаласында «Үздік саяхатшы-блогер 2026» атанды
Фото. Instagram @lookbook.paris

Әлем мойындаған қазақ блогері: Дастан Мұхамедрахым Канн қаласында «Үздік саяхатшы-блогер 2026» атанды


Қазақстандық тревел-блогер әрі видеограф Дастан Мұхамедрахым халықаралық деңгейде жетістікке жетті. Жаһандық креаторға айналған видеограф Францияның Канн қаласында өткен беделді WIBA Awards 2026 сыйлығында «Үздік саяхатшы-блогер 2026» номинациясының жеңімпазы атанды. Салтанатты марапаттау рәсімі әлем назарын өзіне аударатын әйгілі Канн кинофестивалі аясында өтті. Бұл жеңіс қазақстандық блогердің есімін әлемдік деңгейдегі танымал инфлюенсерлермен қатар қойып, отандық блогингтің жаңа белеске көтерілгенін көрсетті.

Instagram желісінде bydastann атымен танымал видеограф қуанышты жаңалығын әлеуметтік парақшасында бөлісіп, марапат алу сәтінен видео жариялады. Фолловерлер блогерге жылы лебіздерін жаудырып, бұл марапатты Қазақстан үшін маңызды жетістік деп бағалады.

WIBA Awards — digital-контент саласындағы ең беделді халықаралық марапаттардың бірі. Аталмыш шарада ғаламтор кеңістігіне ықпал етіп, миллиондаған аудиторияның назарын аударған үздік контент авторлары марапатталады.

Дастан Мұхамедрахымның видеолары көпшілікке ерекше кинематографиялық стилімен таныс. Ол өз роликтерінде әлемнің көркем табиғатын, түрлі қалалардың атмосферасын және елдердің мәдениетін әсерлі кадрлар арқылы жеткізеді. Соңғы жылдары оның көптеген видеолары миллиондаған қаралым жинап, Instagram желісінің ресми парақшалары мен ұсынылған контенттер қатарына енген.

Блогердің бұл жетістігі тек жеке жеңіс емес, сонымен қатар қазақстандық digital-контенттің халықаралық деңгейде мойындала бастағанының айқын дәлелі.

Бүгінде Дастанның жеңісі жастарға шабыт беріп, отандық блогингтің әлемдік аренада бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сондай-ақ, медиа жұлдыз Дубайда актер Уилл Смитке қазақи нақыштағы шапан жауып, таяуда ғана жарық көрген «Өрмекші адам» фильмінің трейлерін жарнамалау мақсатында Marvel-дің маркетингтік науқанына қатысып, еліміздің атынан арнайы өкіл атанған болатын.


Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше