Әлемдегі ең қымбат гүлдер туралы айтқанда, бір маңызды жайтты ескеру керек: әңгіме әрдайым гүл шоғындағы бір ғана бүршіктің бағасы туралы бола бермейді. Кейде қымбат саналатыны — белгілі бір сұрыптың өзі, пиязшығы, сирек кездесетін өсімдік немесе оны шығару үшін кеткен жылдар мен еңбек. Төменде — ерекше құндылығымен танылған ең бағалы бес гүл.
Semper Augustus қызғалдағы
XVII ғасырда Нидерландта нағыз қызғалдақ қызуы басталды — сирек кездесетін сұрыптар орасан қымбат бағаланды. Сол кезеңдегі ең әйгілі гүлдердің бірі — Semper Augustus қызғалдағы болды. Оның пиязшықтары аса құнды саналып, олар үшін өте үлкен сомалар төленген. 1630-жылдары бұл гүлдің бағасы қарапайым тұрғынның табысынан ондаған есе асып түскен. Алайда бүгінде бұл гүл табиғатта сақталмаған.
Шафран крокусы
Сырт көзге бұл гүл аса көз тартарлықтай көрінбеуі мүмкін. Алайда шын мәнінде оның құны өте жоғары — бағасы кейде бір грамы үшін 100 доллардан да асады. Дәл осы шафран крокусынан әлемдегі ең қымбат дәмдеуіштердің бірі — шафран алынады. Оның аз ғана мөлшерін өндіру үшін де өте көп гүл қажет. Мысалы, шамамен 450 грамм шафран алу үшін 75 мыңға жуық гүл жиналуы керек. Оның үстіне бұл жұмыстың барлығы қолмен атқарылады.
Gold of Kinabalu орхидеясы
Gold of Kinabalu орхидеясы әлемдегі ең сирек орхидеялардың бірі саналады. Ол тек Малайзияның белгілі бір аймағында ғана өседі. Осындай ерекше сиректігіне байланысты бұл гүлдің бағасы бір сабағы үшін бірнеше мың долларға дейін жетуі мүмкін.
Juliet раушаны
Раушан гүлдерінің ішінде ең танымал әрі ерекше сұрыптардың бірі — Juliet. Бұл гүлді британдық селекционер Дэвид Остин шығарған, ал оны жасауға шамамен 15 жыл уақыт кеткен. Juliet раушаны тек сұлулығымен ғана емес, оны шығаруға кеткен шығынмен де танымал болды. Бұл сұрыпты әзірлеуге шамамен 3 миллион фунт стерлинг жұмсалған. Әрине, бұл бір гүлдің бағасы емес, жаңа сұрыпты шығару үшін кеткен толық шығын.
Shenzhen Nongke орхидеясы
Shenzhen Nongke орхидеясы Қытайда ғалымдардың еңбегімен шығарылған. Оны жасауға шамамен сегіз жыл кеткен. Кейін бұл ерекше гүл аукционда шамамен 202 мың долларға сатылған. Мұндай жоғары бағаның себебі түсінікті: бұл — өте сирек гүл, әрі ол табиғатта дәл осындай күйінде кездеспейді.
Кадупул
Бұл гүлді де бөлек атап өткен жөн. Кадупул көбіне әлемдегі ең қымбат гүлдердің бірі деп аталады, алайда мұнда бір маңызды ерекшелік бар. Оның құндылығы ресми түрде бекітілген жоғары бағасында емес, керісінше — баға жетпес сиректігінде. Себебі кадупул өте қысқа уақытқа ғана гүлдейді — көбіне түнде ашылып, тез солып қалады. Оны сату да, ұзақ уақыт сақтау да іс жүзінде мүмкін емес. Дәл осы ерекшелігі оны ерекше әрі сирек гүлдердің қатарына қосады.
Әлемдегі ең қымбат гүлдердің құны әртүрлі себептерге байланысты қалыптасады: бірінің бағасын сиректігі арттырса, енді бірінің құнын оны өсіруге немесе сұрып ретінде шығаруға кеткен ұзақ жылдар мен орасан еңбек айқындайды. Сұлулығы мен тарихы астасқан мұндай гүлдер табиғаттың ең бағалы сыйларының бірі екені сөзсіз.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.