Жоғары сән апталығы қарсаңында индустрияның тереңіне одан әрі үңілгіміз келеді. Әзірге біз haute couture көрсетілімдерін тамашалауға дайындалып жатқанда (олардың арасында дебюттік көрсетілімдер де бар, мысалы, Джонатан Андерсондікі), сіздерге фэшн әлемінің тасадағы қырын ашатын фильмдерді ұсынамыз. Кейбір жобалар аңызға айналған дизайнерлердің өмірі мен шығармашылық жолын баяндайды, ал енді біреулері көптеген адамдар қатысқысы келетін салаға мүлде басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Harper’s BAZAAR Kazakhstan көруге тұрарлық, шабыттандыратын әрі шынайы сән туралы деректі фильмдерді жинақтады.
«Диор және мен», 2014 жыл
2012 жылы Раф Симонс креативті директор қызметінде Джон Гальяноны күтпеген жерден алмастырған кезде, оған өзінің дебюттік кутюр топтамасын ұсыну үшін бар болғаны екі ай ғана уақыт берілді. Әдетте Мұндай көрсетілімге Модалар үйінің командасына үш-төрт есе көп уақыт қажет. Алайда Симонс бұл сынақтан сәтті өтіп, нәтижесінде көрсетілім сән тарихында ерекше орын алды.
«Валентино: Соңғы император», 2008 жыл
2007 жылы марқұм Валентино Гаравани өзінің жеке Модалар үйінен кеткен еді. Ал бір жылдан кейін дизайнердің топтамалармен қалай жұмыс істегенін баяндайтын деректі фильм жарық көрді. Валентино шеберханасының кулисасына жасалатын бұл интимді саяхат 2026 жылдың 19 қаңтарында өмірден өткен ұлы модельерді еске алуға мүмкіндік береді.
«Ральф Лорен: қандай болса, сол күйінде», 2019 жыл
Бронкстан шыққан қарапайым жігіт қалайша әлемдік дизайнерге әрі тұтас бір дәуірдің символына айналды? Бұл сұрақтың жауабын Ральф Лореннің тағдыры, шығармашылығы мен жеке өмірі туралы фильмнен табуға болады. Жобаға дизайнермен бірге жұмыс істеген атақты тұлғалар мен сән әлемінің өкілдері қатысқан. Біреулер үшін бұл оқиға нағыз мотивация көзіне айналуы мүмкін. Айта кетейік, фильмді Amediateka мен HBO Max платформаларынан көруге болады.
«Диана Вриланд: Көз саяхаттауы тиіс», 2011 жыл
Harper’s BAZAAR журналының аңызға айналған редакторы өзгеше болмыс иесі еді. Лондонның жоғары қоғамында өскен қыз бала жастайынан стандарттан тыс ойлау қабілетімен ерекшеленді. Бұл қасиет оған болашақта табысты мансап құрып, сән әлемінің тарихында өз есімін мәңгі қалдыруға көмектесті. Егер бір фильм аздық етсе, оның мемуарларын — «D. V. Диана Вриланд» кітабын оқуға кеңес береміз.
«Жан-Поль Готье, махаббатпен», 2018 жыл
Өкінішке қарай, бүгінде бір кездері ең эпатажды кутюрье болған Жан-Поль Готьенің топтамаларын подиумнан көрмейміз. Бірақ оның шығармашылығын еске алуға ештеңе кедергі емес. Фильмде дизайнердің өмірі ғана емес, сондай-ақ оның экстравагантты шоуы — Fashion Freak Show қалай дүниеге келгені баяндалады.
«Айрис», 2014 жыл
Оны дөңгелек көзілдірігі, ірі әшекейлері, ашық түсті киімдері мен жүзінен кетпейтін күлкісі арқылы оңай тануға болатын. Ол — Айрис Апфель. Бұл жобада сән әлемінің басты бұзығы өз өміріндегі шытырман оқиғалар туралы айтып қана қоймай, стильге қатысты кеңестерімен де бөліседі. Сол кеңестердің кейбіріне шынымен құлақ асқан жөн.
«Сәннің шынайы құны», 2015 жыл
Стильдің бағасы қанша тұрады деп ойлап көрдіңіз бе? Режиссер Эндрю Морганның бұл сұраққа жауабы бар секілді. Сән әрдайым әлеуметтік триггер болып келген: өмірінде кем дегенде бір рет болса да, оған ермеген адам кемде-кем. Алайда трендтер мен жаңа дүниелердің артында адамдардың маңдай тері мен еңбегі тұр. Бұл фильм — индустрияға жасалған адал әрі өткір көзқарас.
«Маржела: Өз сөзімен», 2019 жыл
Революционер әрі бунтарь Мартин Маржела өзінің мансабын Жан-Поль Готьенің ассистенті ретінде бастаған. Бірақ оған қалыптасқан нормалардың шеңберінде қалу бұйырмады. Бүгінде оның Maison Margiela атты Сән үйі батыл әрі танымал стилімен бүкіл әлемге белгілі. Ал дәл осы стильдің қалай қалыптасқанын фильмнен біле аласыз.
«Верушка: Камера алдындағы өмір», 2005 жыл
Модель Вера Ландорфтың альтер эгосы — Верушка. Әлем оны дәл солай таныды. Аристократтар отбасында өскен қыз мүлде басқа жолды таңдауы мүмкін еді, алайда ол жаһанға танылған манекенші атанды. Жоба атақты тұлғаның архивтік кадрларын ғана емес, оның өткен өмірге қатысты ой-толғамдарын да көрсетеді.
«Ұлы кутюрье», 2007 жыл
Бұл — культке айналған Сән үйінің негізін қалаушының соңғы жылдардағы еңбегі туралы тағы бір хикая. Кадрда ол шаршаған күйде көрінгенімен, сүйікті ісіне деген құштарлығы бәсеңдемеген. Аңызға айналған Le Smoking, мөлдір блузалар мен сафари стиліндегі көйлектерді сыйлаған данышпанның шығармашылығы жайлы шынайы әрі әсерлі әңгіме.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.