Cloud Nails: осы маусымның ең нәзік маникюрін қалай қайталауға болады?
Фото. Instagram @kkdnails, @zena.rs, @gelcare.official

Cloud Nails: осы маусымның ең нәзік маникюрін қалай қайталауға болады?

23 сентября 2026

Cloud Nails маникюріне деген тренд әлеуметтік желілерді жылдам жаулап, ірі марапаттау рәсімдерінің қызыл кілемінде де жиі көріне бастады. Бүгінде ол Голливуд жұлдыздарының сүйікті маникюрлерінің біріне айналған. Оның танымал болуының себебі қарапайым: мұндай дизайн ұстамды әрі қымбат көрінеді, кез келген стильмен үйлеседі және күрделі безендіруді қажет етпейді.

Cloud Nails: как повторить самый утонченный маникюр этого сезона?
Фото. Instagram @gelcare.official

Сұлулықтың негізі — сау әрі күтімді тырнақ

Бұл трендтің танымал болуы бьюти әлеміндегі табиғилық пен қалпына келуге бағытталған жалпы үрдіспен де тығыз байланысты. Күз мезгілінде тырнақтар жаз бойы жасалған ұзақ мерзімді жабындар мен түрлі жарқын эксперименттерден кейін демалыс пен қалпына келуді қажет етуі мүмкін.

Cloud Nails маникюрі кемшіліктерді жай ғана жасыруға емес, тырнақтың табиғи сұлулығын айқындап, оған ұқыпты күтім жасауға бағытталған. Ол әсіресе қысқа немесе орташа ұзындықтағы, жұмсақ пішінді тырнақтарға әдемі жарасады. Мысалы, «жұмсақ шаршы» пішінінде басты назар дизайнға емес, табиғи тырнақтың беріктігі мен сау көрінісіне аударылады.

Cloud Nails: как повторить самый утонченный маникюр этого сезона?
Фото. Instagram @kkdnails

Cloud Nails маникюрін қалай жасауға болады?

Салонда

Жартылай мөлдір нюд немесе сүт түстес реңктегі нығайтатын жабындыны таңдауға болады. Мысалы, тырнақты модельдеуге арналған гель-билдер табиғи тырнақты сынудан қорғап, берік негіз қалыптастырады. Сонымен қатар ол маникюрді ауырлатып көрсетпей, нәзік әрі табиғи әсерді сақтайды. «Екінші тері» эффектісін алу үшін екі жұқа қабат жеткілікті.

Үй жағдайында

Дайындау. Жартылай мөлдір лак тырнақ бетіндегі кез келген тегіссіздікті айқындап көрсетуі мүмкін. Сондықтан алдымен тырнақ пластинасын мұқият тазалап, тегістеп, пішінін біркелкі етіп өңдеу қажет.

Реңкті жағу. Сүт түстес немесе нәзік інжу-ақ реңкті таңдаңыз. Мұндағы басты қағида — артық кетпеу. Табиғи тырнақ сәл көрініп тұратындай етіп, лакты бір ғана жұқа әрі біркелкі қабатпен жағу жеткілікті.

Жеңіл әрі «бұлтты» эффект жасауға арналған лайфхак. Акварельге ұқсас жеңіл текстура алу үшін негізгі лакқа арнайы сұйылтқыштың бірнеше тамшысын қосуға болады. Қоспаны шамамен он минутқа қалдырып, содан кейін ғана тырнаққа жағыңыз.

Финиш және күтім. Маникюрді ұзақ сақталатын жылтыр топпен бекітіңіз. Жабындының тез кетіп қалмауы үшін тырнақтың бос ұшын да мұқият жабуды ұмытпаңыз. Ал кутикуланың күтімді әрі жұмсақ болуы үшін оған күн сайын май жағып отырған жөн.

Harper’s BAZAAR UK ұсынған мақаланың түпнұсқасын сілтеме арқылы оқи аласыз.


Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.

Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше