Yenlik шығармашылығындағы дебюттық альбомын ұсынды! Музыкант тырнақалды туындысын 2 жыл бойы әзірлеген. «BIPL» атауына ие болған үнтаспаға хип-хоп, R&B және соул жанрындағы 11 трек енген. Сонымен қатар, ішінде Darkhan Juzz және Al’Nasr-пен екі бірлескен коллаборация да бар. Ал саунд-продюсері ретінде Нұржан Абдолла қызмет еткен.
Yenlik альбом жайлы:
«Альбом жазу идеясы осыдан үш жыл бұрын туды. Әр әннің ішінде өмірдің лебі сезілсін дедім. Бұл процесті сәл ұзартты. Материал жинауға екі жыл уақыт кетті, ал соңғы жұмыстарды аяқтау үшін бар болғаны бірнеше ай жеткілікті болды».
Өнерпаздың айтуынша, басты шабыт көзі – оның өмірінде із қалдырған адамдар мен оқиғалар. Yenlik бұл альбомда бір ғана «басты» трек жоқ екенін айтады: «Әр тыңдарман өзі үшін ерекше болатын әнді өзі таңдайды», – дейді Еңліктің өзі.
Darkhan Juzz-пен фит
Альбомдағы ерекше орын алатын жұмыстардың бірі – марқұм музыкант Darkhan Juzz-бен бірлескен трек. Бұл коллаборация 2022 жылдың қарашасында басталған. Сол уақытта Darkhan Juzz Yenlik-тің студиясына келіп, бірге мотивациялық демо жазған. Уақыт өте келе ол ән альбомға еніп, шығармашылық жолдың маңызды символына айналды.
Альбомның негізгі идеясы
Yenlik өз тыңдармандарына мынадай ой айтады:
«Әр адам өмірін бағалап, жүрегінде реніш пен негативті сақтамасын. Жақсылыққа сенсін және әрқашан өз мақсатына ұмтылсын. Менің айтқым келгені – «Жүрегіңді қарайтпа, өзіңе адал бол. Армандарың мен мақсаттарыңа ілес. Әрбір қиындықтан кейін жеңілдік келетіні есіңде болсын!»»
Бүгінде үнтаспа барлық музыкалық платформаларда қолжетімді.