BTS жанкүйерлері өз кумирлерінің сахнаға қайта оралуын ұзақ күтті. Еске салсақ, k-pop тобының мүшелері шығармашылық қызметтен уақытша үзіліс алып, ел алдындағы борышын өтеп, міндетті әскери қызметке аттанған еді. Енді музыканттар қайтадан бас қосып, әлемдік турға дайындалып жатыр. HYPEBEAST басылымының хабарлауынша, Netflix платформасы «BTS: Қайта оралу» атты деректі фильм түсірген. Туындыда RM, Джин, Шуга, Джей-Хоуп, Чимин, Ви және Чонгуктың өздерінің бесінші студиялық альбомы — Arirang үстінде қалай жұмыс істегені баяндалады. Барлық толық мәліметті Harper’s BAZAAR Kazakhstan материалынан таба аласыз.
Фильмнің трейлерінен аңызға айналған топ мүшелерінің өткен уақыт, бір-біріне деген құрметі және ұжымдағы бірлік туралы ой бөліскенін көруге болады. Сонымен қатар олар үнемі өзгеріп отыратын индустриядағы қысыммен қалай күресетінін, шабытты қайдан табатынын және әлемдік сахнаға қайта оралуға қалай дайындалып жатқанын жанкүйерлермен бөліседі. Сондай-ақ көрермендер үшін топ ішіндегі қарым-қатынас, олардың әскери қызметке көзқарасы және жаңа альбомды жазу үшін ұйымдастырылған екі айлық “ән лагеріне” қатысты тың деректер де қызықты болмақ.
«BTS: Қайта оралу» деректі фильмін 2026 жылдың 27 наурызынан бастап көруге болады, ал трейлерін дәл қазір тамашалауға мүмкіндік бар.
Автор. Мария Бурлака. Аударған. Гүлдана Мұқан.