Қазақ музыка индустриясында күтпеген жаңалықтар аз емес. Бірақ бұл жолғы коллаборация шынымен көпшілікті таңғалдырды. Заманауи sound-пен танылған Ирина Кайратовна, эстраданың аңызға айналған MuzArt тобы және ерекше стилімен танымал Jamal & Ganja бірлесіп, жаңа «LAULA» трегін жарыққа шығарды.
Әлеуметтік желіде бұл жаңалық әп-сәтте қызу талқыланып, тыңдарман «мұндай фитті ешкім күтпеді» деген пікірлерін жаудырып жатыр. Көпшілік бұл туындыны қазақ музыкасының жаңа деңгейі деп бағалауда.
Жаңа релизде Ирина Кайратовнаның заманауи әрі экспериментке толы стилі, Jamal & Ganja-ның инструменталдық әуені және шығыстық атмосфера ерекше үйлесім тапқан. Ал MuzArt тобының әсерлі вокалы әнге мүлде бөлек эмоция берген. Нәтижесінде тыңдарманға бір уақытта әрі ностальгия сыйлайтын, әрі fresh естілетін трек ұсынылды.
Өнер иелерінің айтуынша, «LAULA» композициясы алғаш рет MuzArt Fest сахнасында орындалған. Сол сәттен бастап ән әлеуметтік желіде қызу талқыланып, толық нұсқасын күтетіндер көбейген еді. Енді трек ресми түрде барлық музыкалық платформаларда жарық көрді.
Көпшілік әсіресе әннің атмосферасын, шығыстық мотивтерін және әр әртістің өзіндік қолтаңбасы жоғалмай, бір тректе табиғи үндескенін жоғары бағалауда.