Егер құрбыларыңызбен Galentine's Day-ді атап өткіңіз келіп, қандай фильм көру керегін білмесеңіз, бұл тізім сізге арналған. Төменде көңіліңізді көтеретін комедиялар да, жүректі тербейтін, көзге жас үйіртетін мелодрамалар да бар.
«Қуырылған жасыл қызанақтар», 1991 жыл
Оқиға екі уақыт желісінде өрбиді. Қарттар үйінде Нинни атты егде әйел өмірінің естеліктерімен өміріндегі күрделі кезеңді өткеріп жүрген Эвелинмен бөліседі. Оның әңгімелері арқылы көрермен ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы АҚШ-тың оңтүстігіне сапар шегіп, шағын қалашықта өмір сүрген қайсар, тәуелсіз әйелдердің тағдыр тоғысымен танысады. Бірте-бірте өткеннің лебі бүгініне әсер етіп, тыңдаушыға өзін де, өмірін де жаңаша көруге жәрдемдеседі.
«Тілегіңді айт», 1996 жыл
Картина мінезі мен өмірге көзқарасы мүлде бөлек екі апалы-сіңлі туралы. Ерекше бір оқиғадан кейін олар, шынында да, бір-бірінің көзімен дүниеге қарауға мәжбүр болады.
«8 әйел», 2001 жыл
Сюжет оқшау орналасқан ауылдағы үйде өрбиді: Рождество қарсаңында бір-бірімен туыстық не жеке байланысы бар сегіз әйел жиналады. Кенеттен болған оқиға мерекелік көңілді күл-талқан етіп, басқосуды тұйық тергеуге айналдырады. Әрқайсысы күдік астында қалып, сырттай жарасымды тіршіліктің ар жағынан көптен жасырылып келген құпиялар біртіндеп ашыла бастайды.
«Елес әлемі», 2001 жыл
Фильм мектепті жаңа бітірген, ересек өмірдің табалдырығында тұрған екі құрбы туралы. Олар айналасына мысқылмен қарайды, қоғамнан оқшауланғанын, болашағын айқын елестете алмай жүргенін сезінеді. Уақыт өте олардың жолы айырылады: бірі шынайылыққа бейімделуге тырысса, екіншісі өмір сүрудің өзіне ғана тән, қалыптан тыс жолын іздейді. Оқиғаға жалғыз басты ер адам кірігіп, оның пайда болуы кейіпкердің ішкі өзгерістеріне түрткі болады.
«Сен — өзің емессің», 2014 жыл
Сюжет өз өмірін жолға қойған табысты әйелдің ауыр диагноздан кейін күрт өзгерген тағдыры жайлы. Ол күтім көрсетуге көмекші жалдайды — өмірлік бағдары айқындалмаған жас қызды. Екеуінің арасында өзара тәуелділік пен жеке түрленулерге негізделген күрделі байланыс қалыптасады.
«Сені қазірден-ақ сағындым», 2015 жыл
Әңгіме жастықта басталған екі құрбының бірнеше жылға созылған достығын баяндайды. Мінезі де, өмір жолы да бөлек болғанымен, олардың байланысы еш әлсіремейді. Екеуі де жеке дағдарыспен бетпе-бет келгенде, сол достық ең қажет демеуіне айналады.
«Он үш», 2003 жыл
Фильм тұлғасы қалыптасудың күрделі кезеңін бастан өткеріп жүрген он үш жастағы қыздың өміріне үңіледі. Қабылдануға, танымал болуға ұмтылған ол жаңа құрбысының ықпалына түсіп, оның мінез-құлқын өзіне өлшем етеді. Уақыт өте рұқсат пен тыйымның шекарасы бұлдырап, қыздың отбасымен қарым-қатынасы шайқала бастайды.
«Сұлулық салоны», 2005 жыл
Оқиға шағын сұлулық салонының иесі туралы. Ол бар күшін жұмысына және қызын тәрбиелеуге арнайды. Өміріне қамқорлық пен қолдауға мұқтаж адам келіп кірген сәттен бастап, үйреншікті тірлігі өзгеріске түседі.
«Мустанг», 2015 жыл
Оқиға Түркияның теңіз жағасындағы шағын қалада өтеді. Ата-анасыз қалған бес әпке-қызды қатаң туыстары қамқорлығына алады. Кінәсіз жайттан кейін айналадағы жұрт олардың қылығын дәстүрлі нормаларға қарсы шыққандай қабылдайды. Үйде қыздардың еркіндігін тұсаулайтын қатаң тәртіп орнайды.
«Осы жерде және қазір», 2007 жыл
Сюжет бір мектепте оқитын жасөспірімдер тобына назар аударады. Есеюдің күрмеулі кезеңін өткеріп жатқан олардың күнделікті өмірі болашақ жайлы әңгімелерге, өзін іздеуге және алғаш рет бастан кешкен терең сезімдерге толы. Бір күн бәрі үшін айрықша мәнге ие болып, өз таңдауларының салдарымен бетпе-бет қалдырады.
«Соңғы сөз», 2016 жыл
Басты кейіпкер — айналасындағылардың бәрін, соның ішінде өз бейнесін де қатаң бақылауда ұстайтын табысты, талапшыл әйел. Өзі туралы не айтылады, қалай еске алынатыны жайында ойланған ол, алдын ала өмірбаянын өзі түзуге бекінеді. Сол үшін жас журналисті жұмысқа алады, ал бұл жұмыс біртіндеп екі ұрпақ арасындағы ашық әңгімеге айналады.
Автор. Жанель Муканова. Аударған. Гүлдана Мұқан.