Келін образынан патша тағына дейін: Қазақ киносындағы әйел рөлінің заман ағымына сай өзгеруі
Фото. Фильмдердің ресми постерлерінен коллаж. Авторлар. Nurtas Production, Mandarin Pictures, SATAIFILM және Nauryz Production

Келін образынан патша тағына дейін: Қазақ киносындағы әйел рөлінің заман ағымына сай өзгеруі


Қазақ киносындағы әйел бейнесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Бұрын экранда ана, келін, құдағи образы басым болса, бүгінде нәзік жандыларға арналған фильмдер көбейіп, әйелдер тарихи тұлғадан бастап әлеуметтік қысымға қарсы тұрған кейіпкерге дейінгі кең ауқымда көріне бастады. «Тақиялы періште» мен «Қыз Жібектен» басталған жол бүгінде «Томирис», «Бақыт», «Жауап бер», «Кәрі қыз» секілді фильмдерге ұласты.

Ал бүгінгі қазақ киносына үңілсек, дәл осы образ әлдеқайда күрделеніп, кеңейді. Әйел енді тек үй ішіндегі рөлімен шектелмейді. Ол — тарихи тұлға, әлеуметтік қысымға қарсы тұрған кейіпкер, қоғамдық стереотиптерді бұзатын образ, жеке тағдыры үшін күресетін адам.

Классика: қазақ киносындағы әйелдің мәңгілік эталоны

Ана образынан патша тағына дейін: Қазақ киносындағы әйел рөлінің заман ағымына сай өзгеруі
Фото. Коллаж. Gemini жасанды интелектімен жасалған. Автор: Шәкен Айманов атындағы «‎Қазақфильм»‎ киностудиясы

Қазақ киносындағы әйел бейнесі туралы сөз қозғағанда, ең алдымен ұлттық экранда мәңгі қалған классикалық образдар еске түседі. Олар — қазақ әйелінің мінезін, мейірімін, сабырын, сұлулығын, тіпті тағдырын танытқан рөлдер.

«Ана туралы аңыз» (1963)

Бұл фильмдегі Әмина Өмірзақова сомдаған Ана бейнесі — қазақ киносының ең қасиетті, ең символдық образдарының бірі. Мұндағы ана — мейірім мен төзімнің ғана емес, ұлттық рухтың да бейнесі.

«Тұлпардың ізі» (1964)

Бұл туындыда қазақ әйелінің екі қыры қатар көрінеді:

— Тұрардың анасы (Хадиша Бөкеева) — дәстүр мен тәрбие иесі;

— Жаухаз (Фарида Шәріпова) — қазақ келінінің көркем экрандық эталоны.

«Тақиялы періште» (1968)

Әмина Өмірзақованың Тана рөлі — қазақ кино тарихындағы ең сүйікті аналардың бірі. Бұл образда аналық мейірім де, ұлттық мінез де, қазақы юмор да бар.

«Қыз Жібек» (1968)

Қазақ қызының экрандағы ең көркем, ең биік символы — әрине, Жібек. Бұл фильмдегі әйел бейнесі нәзіктік, тазалық, асқақтық ұғымдарымен бірге есте қалды.

«Гауһартас»(1975)

Бұл фильмде бірден екі ірі әйел образы бар:

— Тастанның анасы — отбасылық салмақ пен үлкендік иесі;

— Салтанат — қазақ келінінің көркемдік және моральдық символы.

Бұл фильмдер жарық көргелі қанша уақыт өтсе де, олар қазақ әйелі бейнесінің кинодағы алтын қоры болып қала береді. Себебі бұл кезеңде әйел ең алдымен шаңырақтың тірегі ретінде көрсетілді.

2010: Келін образы иронияға көшкен кезең

Келін образынан патша тағына дейін: Қазақ киносындағы әйел рөлінің заман ағымына сай өзгеруі
Фото. Коллаж. Gemini жасанды интелектімен жасалған. Авторлар: Nurtas Production және Sunny Production

Кейінгі кезеңде қазақ киносы коммерциялық бағытқа бет бұрды. Соған сай әйел бейнесі де өзгерді: ол енді салмақты драмадағы символ ғана емес, қоғамдық әдеттер мен таптаурындарды әжуалайтын кейіпкерге айналды.

«Келінка Сабина» (2014)

Нұртас Адамбайдың дәл осы фильмі қазақ киносындағы «келін» образын жаңа форматта ұсынды. Сабина — бұрынғы кинодағы үнсіз, көне салатын келін емес. Ол — қалада өскен, ерке, өз еркі бар, дәстүрмен қақтығысатын кейіпкер. Фильм комедия болғанымен, оның астарында маңызды көзқарас жатыр: қазақ қоғамы әйелдің дәстүрлі рөліне күле отырып, қайта қарады. Кейін бұл жоба бірнеше бөлімге ұласты. Бұл көрерменнің дәл осы типажды қабылдағанын көрсетті.

«Жена не стена», «Замуж в 30», «Келинка тоже человек» (2016-2019)

Бұл атаулардың өзі-ақ кезеңнің көңіл күйін аңғартады. Әйел туралы әңгіме енді тек «қасиетті ана» деңгейінде емес, тұрмысқа шығу, қоғамдық қысым, жасқа байланысты стереотип, неке институты секілді заманауи тақырыптармен байланыса бастады.

2018: Әйел әлемі музыкамен сөйлеген жыл

Келін образынан патша тағына дейін: Қазақ киносындағы әйел рөлінің заман ағымына сай өзгеруі
Фото. Постер Gemini жасанды интелект көмегімен өңделген. Автор. BM Production.

«Сиситай» — 2018 жылы жарық көрген Қазақстандағы алғашқы мюзиклдердің бірі ретінде ерекшеленді. Баян Алагөзова продюсерлік еткен бұл жоба қазақ киносындағы әйел образын жаңа эстетикамен көрсетті. Бұл фильмнің маңызы — әйел енді тек драмалық ауыр тағдырдың иесі емес, музыкалық, эмоциялық, жарқын, заманауи образ ретінде көрінді. Яғни, қазақ киносы әйелді тек қасірет арқылы емес, ритм, стиль, ішкі еркіндік арқылы да сөйлете бастады.

2019: Қазақ киносындағы ең ауқымды өзгерістер

Келін образынан патша тағына дейін: Қазақ киносындағы әйел рөлінің заман ағымына сай өзгеруі
Фото. Постер Gemini жасанды интелект көмегімен өңделген. Автор. SATAIFILM

Ақан Сатаевтың 2019 жылы таспалаған «Томирисі» — қазақ киносындағы әйел бейнесін мүлде басқа деңгейге көтерген фильм. Егер бұрын экрандағы әйел көбіне отбасының ұйытқысы болса, Томирис — елдің тағдырын шешетін тарихи тұлға. Ол — ана да, жауынгер де, патшайым да. Бұл фильмнің ең үлкен жетістігі — қазақ киносында әйел алғаш рет кең аудиторияға ұлттық көшбасшы, саяси тұлға, тарихи күш ретінде ұсынылды. Басқаша айтқанда, қазақ киносы әйелді осы тұста шаңырақтан шығарып, таққа отырғызды.

2022–2023: Әйел тағдыры әлеуметтік тақырыпқа айналған сәт

Келін образынан патша тағына дейін: Қазақ киносындағы әйел рөлінің заман ағымына сай өзгеруі
Фото. Коллаж. Gemini жасанды интелектімен жасалған. Авторлар: Mandarin Pictures және BM Production

Соңғы жылдары әйел бейнесі жай ғана драмалық кейіпкер емес, қоғамдық жараның ортасындағы тұлға ретінде ашыла бастады.

«Бақыт» (2022)

Баян Мақсатқызы ұсынған, Асқар Ұзабаев режиссерлік еткен бұл фильм — қазақ киносындағы ең маңызды әлеуметтік драмалардың бірі. Фильм тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын көтеріп, қоғамда үлкен резонанс тудырды. «Бақыт» әйелді енді тек сабырдың символы ретінде емес, үнсіздікпен өмір сүргісі келмейтін адам ретінде көрсетті. Бұл — қазақ киносындағы өте үлкен өзгеріс.

«Робот әйел» (2023)

Комедия мен фантастика жанрындағы бұл жоба сырттай жеңіл көрінгенімен, астарында өткір ой бар. Қазіргі қоғам әйелден не күтеді? Барлығына үлгеретін, үндемейтін, шаршамайтын, мінсіз бір бейне ме? «Робот әйел» осы сұрақты ирония арқылы қояды. Бұл фильм әйелге деген қазіргі қоғамның шамадан тыс талаптарын әшкерелейді.

2024: Нәзік жандылар жайлы киноның көбейген жылы

Келін образынан патша тағына дейін: Қазақ киносындағы әйел рөлінің заман ағымына сай өзгеруі
Фото. Коллаж. Gemini жасанды интелектімен жасалған. Авторлар: BM Production, Nauryz Production және Tiger Films

2024 жылды қазақ киносындағы әйел тақырыбының өте белсенді кезеңі деуге болады. Себебі бұл жылы әйелдің тағдыры, құқығы, сезімі, таңдауы әртүрлі жанрда қатар көрінді.

«Жауап бер» (2024)

Баян Алагөзова продюсерлік еткен, Санжар Омаров түсірген бұл фильм тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын тағы да алға шығарды. Сюжет күйеуін өлтірді деп айыпталған Диананың соты арқылы өрбиді. Бірақ фильмнің өзегі бір әйел ғана емес. Мұнда бес әйелдің — судья, прокурор, адвокат, жәбірленуші, айыпталушының тағдыры тоғысады. Бұл туынды әйел бейнесін жеке кейіпкер деңгейінен шығарып, тұтас әлеуметтік жүйенің айнасына айналдырады.

«Нурикамал» (2024)

Әйгілі әннің тарихына құрылған бұл драмада әйел бейнесі мүлде басқа қырынан ашылады. Мұнда әйел — тек әлеуметтік жара емес, шабыт, сезім, мәдени естелік, махаббаттың поэтикалық өзегі. Қазақ киносы дәл осындай фильмдер арқылы әйел образын тек күрес пен қасіретке байлап қоймай, қайтадан нәзіктік пен руханият кеңістігіне де алып шығып отыр.

«Менің атым Қызболсын» (2024)

Бұл фильм — әлеуметтік мәселелерді комедия арқылы жеткізетін жобалардың бірі. Картина гендерлік теңдік, отбасылық стереотиптер, қыз балаға қоғам қоятын талаптар туралы ой қозғайды. Маңыздысы — әйел туралы әңгімені «зар» емес, ирония мен сатира тілімен айтуы. Бұл да жаңа буын киносының белгісі.

2025: Әйелдің жасына тағылған таңба экранға шықты

Келін образынан патша тағына дейін: Қазақ киносындағы әйел рөлінің заман ағымына сай өзгеруі
Фото. Постер Gemini жасанды интелект көмегімен өңделген. Автор. GG Cinema

«Кәрі қыз» (2025)

Гүлнұр Мамасарипова продюсерлік еткен комедия — қоғамдағы ең таныс қысымдардың бірін экранға шығарған фильм. 35 жастағы, мансап қуып, тұрмысқа шығуды кейінге қалдырған Бибігүлдің өмірі арқылы фильм өте өзекті сұрақ қояды: Қазақ қоғамында әйелдің құндылығы әлі де оның неке статусымен өлшене ме? «Кәрі қыз» — бүгінгі қазақ киносындағы ең заманауи образдардың бірі. Өйткені мұнда әйел өзін ақтауға емес, өз таңдауын қорғауға тырысады.

2026: Ана образы қайта оралған дәуір — бірақ жаңа мағынамен

Қызығы, әйел туралы заманауи, батыл, әлеуметтік фильмдер көбейген сайын, қазақ киносы қайтадан ана тақырыбына оралып отыр. Бірақ бұл жолы ана образы бұрынғыдай тек мінсіз, қасиетті, үнсіз фигура емес.

2026 жыл — аналар туралы жаңа толқын басталған эра

Келін образынан патша тағына дейін: Қазақ киносындағы әйел рөлінің заман ағымына сай өзгеруі
Фото. Коллаж. Gemini жасанды интелектімен жасалған. Авторлар: 28 Company, Taudai Talap Production және Our Media Group

2026 жылы бірден ана тақырыбына арналған бірнеше фильмнің шығуы — кездейсоқ емес. Олардың қатарында:

- «Құшақташы мама»

- «Тастамашы мама»

- «Мама»

Бұл атаулардың өзінде-ақ жаңа дәуірдің эмоционалдық сұранысы бар. Егер бұрын ана — бәріне төзетін бейне болса, бүгінгі кинода ана — сағыныштың, жараның, жоғалтудың, ішкі жалғыздықтың иесі. Яғни, қазіргі қазақ киносы ананы енді қасиет қана емес, психологиясы бар адам ретінде көрсеткісі келеді.

2026: Жуырда жарық көретін тың туындылар

«What is ҰЯТ» (2026)

Продюсер Баян Алагөзова АҚШ-та таспаланған бұл жоба атауынан-ақ ерекше. «Ұят» ұғымы — қазақ қоғамында әсіресе әйел тағдырымен тығыз байланысып кеткен мәдени категория. Не киеді, не айтады, қалай өмір сүреді, қашан тұрмысқа шығады, қашан ана болады — бәрі де осы сөзбен өлшеніп жатады. Сондықтан «What is ҰЯТ» — қазақ әйелінің образын халықаралық дискурсқа шығаратын, мәдени кодты қайта талқылайтын жоба болуы мүмкін.

«Күлпаш» (2026)

Келін образынан патша тағына дейін: Қазақ киносындағы әйел рөлінің заман ағымына сай өзгеруі
Фото. Постер Gemini жасанды интелект көмегімен өңделген. Автор. SATAIFILM

Режиссер Ақан Сатаевтың 2026 жылдың күзіне жоспарланған жаңа туындысы да әйел тақырыбын тереңдететін маңызды жоба болғалы тұр. «Томиристен» кейін киногердің әйел тағдырына қайта оралуы өз алдына символ. Егер «Томирис» әйелді тарихи биікке көтерсе, «Күлпаш» атауының өзінде-ақ ұлттық жад, ауыр кезең, нәзік тағдыр мен әлеуметтік астар сезіледі.

Қорытынды

Қазақ киносы ұзақ уақыт бойы әйелді отбасының ең қасиетті тірегі ретінде көрсетті. Бұл — ұлттық киноның алтын дәуірі қалыптастырған үлкен мектеп. Бірақ бүгінгі экран бізге басқа шындықты ұсынып отыр: әйел енді тек бір әулеттің ғана емес, қоғамның, заңның, тарихтың, мәдениеттің, жеке еркіндіктің де кейіпкеріне айналды. Ең маңыздысы — қазіргі қазақ киносында нәзік жандыларға арналған толықметрлі фильмдер көбейіп келеді. Бұл — өте жақсы белгі. Өйткені көрермен әйелді енді тек «кімнің анасы?», «кімнің келіні?» деген өлшеммен емес, «Ол кім» деген сұрақпен қарай бастады. Ал бұл сұраққа жауап іздеген жерде — жақсы кино туады. Аналықтан патша тағына дейінгі жол — қазақ киносындағы әйел бейнесінің ғана емес, қоғамның әйелге деген көзқарасының өзгеру тарихы.


Cookie  Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше